Жүйе бір кісіге байланған, мемлекеттің бар байлығы тоналған

4113
Adyrna.kz Telegram
Елімізге белгілі дінтанушы ғалым Қайрат Жолдыбайұлы соңғы уақытта қоғамда орын алып жатқан оқиғаларға байланысты өзінің көкейіндегі ащы шындықты фейсбуктегі жеке парақшасына жазыпты. Дінтанушы ғалым:
"Гербтің құлауы, есіктің түсуі жай ғана кездейсоқтық емес. Көзбояшылықтың, сапасыздықтың, жемқорлықтың нәтижесі. Облыстың ең лауазымды тұлғаларының алдында осылай қирап жатса, басқа жақта не болып жатқанын бір Құдайдың өзі біледі.  Бес баланың өлімі тағдырдың ісі дейміз. Бірақ халықты дұрыс жұмыспен қамтамасыз ету, олардың оқып-білулеріне барынша жағдай жасау, елге бағыт-бағдар беріп, жан-жақты жетілдіру, сапалы ұлт қалыптастыру мемлекеттің жауапкершілігіндегі дүние.
Жалпы отыз жыл аз уақыт емес. Экономика жоқ. Жасандысының өзі құлдилап құлады. Демографиялық өсім де, ұлттық идеология да жоқ. Тіліміздің есіктен сығалаған сиқы анау. Тәуелсіз сот жүйесі болған емес. Саяси дұрыс жүйе жасалмады. Жүйе бір кісіге байланған. Мемлекеттің бар байлығы тоналған. Жемқорлық бар саланы жайлаған.
Кедей халықтың саны күн санап артуда. Қымбатшылық қысып барады. Діннің өзі саясиланып, әлдебір мекемелердің қуыршағына айналды. Ой айтып, “қой” дейтін зиялы қауым жағымпаздықпен жарысып, мадақ-марапаттың соңында жүр. Сонда отыз жылды қалай атап өтуіміз керек өзі?
Марқұм Алтынбек Сәрсенбайұлының: “зауытты, қаланы қарызданып болса да салуға болады. Бірақ қандай қоғам, нендей жүйе қалыптастырдың? Жетістік осымен өлшенуі керек” деген сөзі орынды айтылған ақиқат сөз!"- деп, өзінің ойын жеткізген Қайрат Жолдыбайұлы.
"Адырна" ұлттық порталы 
Пікірлер