«Бай-қуатты болайық!»
«Бай-қуатты болайық!»,
Бола алмасақ – сол айып.
Бұл ағайдың біз бүгін,
Бет-бейнесін шолайық.
(Журналистік фольклордан)
Оның есімі ауызға ілінсе-ақ, жұртшылық «О, «Бай-қуатты болайықты» айтып тұрсың ба?!», – дейді бір ауыздан. Танымал тележурналистің болмыс-бітімі осы ұғыммен әбден астасып кеткендей әсер қалдырады. Өзі де тек-табиғатының нақ сол тіркеске телінгенін теріс көрмейтін секілді. Себебі, кейінгі жас комментаторлар оған еліктеп, бағдарламаны аяқтаған сәтінде соңғы сөзін өздерінше түйіндеп қоштасатын болды. Сол үрдіс «Бай-қуатты болайықтан» басталды. Қазіргі тележурналистердің бәрі талантты. Қай-қайсысы да көрерменіне ұнаудың мың-сан тәсілін меңгерген. Экранда отырып, ел-жұртпен қоштасқанда еңіретіп жібереді. Бірақ соның бәрі күндей күркіреген Нұртілеу Иманғалиұлының «Бай-қуатты болайығына» жетпейді...
Бұл тіркес тіл заңдылықтарын жілікше шағатын кәсіби лингвистерге салғаннан ұнамады. «Бәлкім, «Бақуатты болайық!» шығар», – десті олар. Бірақ Нұрекең «бақуатты» емес, «бай-қуатты» екенін буын-буынға бөліп, нығыздап тұрып, телеэфирден өзі айтты. Әрине, кез-келген мамандық иесі қалыптан тыс мінез көрсетіп, өзгеше қимыл танытса, ел оған назар аудара бастайды. Нұртілеу ағамыздың да тікелей эфирдегі машық-мәнері көрерменнің отбасы, ошақ қасындағы біраз әңгімесіне арқау болды. «Ол неге хабарының аяғында «Бай-қуатты болайық!» дейді? Жұртпен қоштасудың атам заманнан бері үзілмей келе жатқан дәстүрлі нұсқалары бар емес пе?!», – дейді біреулері. «Бүкіл эфирді жалғыз өзі билеп-төстеп отыратыны несі? Ақырып теңдік сұрайтын Махамбет пе еді ол?! Сәл-пәл биязылыққа бейімделсе қайтер еді?!», – дейді екіншілері. «Ана мұрнының үстіне қонақтатып қойған көзілдірікті неге көзіне тақпайды? Керек болмаса, алып тастамай ма?», – дейді үшіншілері. Ел осылай деп гуілдеседі кейде. Ал біз жұртшылықтың бұл ағамыздың бағдарламасы тікелей эфирден кейін де талқыланып жататынына риза боламыз. Демек, ол тілге тиек етуге тұратын тұлға деген сөз.
Белгілі жазушы Қуандық Түменбай: «Нұртілеуге өмірдің өзі қойған есімі «Бетпе-бет» еді, кейін «Бай-қуатты болайыққа» ауысты. Өйткені, екінші есімнің экономикалық маңызы зор болды, заман да солай қарай бұрылды» деп ой түйіпті. Шынында да тележурналистің тұлғасын оның өзі тікелей эфирде бақсыдай ойнап отырып жүргізген «Бетпе-бетпен» байланыстыру дұрысырақ секілді.
Жалпы, телетұлға деңгейіне жеткен журналистің есіміне қосақталып жүретін төл бағдарламасы болады. Сондай хабардың бірі – Нұртілеу Иманғалиұлы жүргізген «Бетпе-бет». Тележурналистің атын елге танытқан «Құрдастар», «Көкпар», «Алтыбақан», «Ашық әңгіме», «Ой-көкпар», «Көршілер», «Діңгек», «Қолтаңба» атты бағдарламалардың әрқайсысының да мол көрермені бар-ды. Бірақ Нұртілеу ағаның табиғатымен тамырлас «Бетпе-беттің» жөні бөлек. Кейін «Бетпе-бетті» біраз журналист жүргізіп көрді. Бәрі де шетінен алымды әрі шалымды, сөз ойнатқанда бірінен-бірі өтеді. Бірақ ешқайсысы оның алғашқы жүргізушісі секілді елдің есінде қалған жоқ.
«Бетпе-бет» жүргізушісінің міндеті – келген қонақпен тең дәрежеде сөйлесіп, тікелей эфирге ие болу. Сұхбаттасу үшін елдің ең танымал тұлғалары шақырылады. Олардың қай-қайсысы да биліктің биігіне шығып, қарамағындағы жұртты дегеніне көндіріп үйренген кісілер. Сондықтан олар тәжірибесіз журналистің айтқанына көніп, айдауына жүре қоймайды. Өздерінің мінез-құлқы да әр түрлі. Бірі – өр, бірі – көл, бірі – шөл. Елдің ахуалы жөнінде он ойланып, тоғыз толғанып қойған салмақты сұрағыңа «Шаншар» театрының қыршаңқы жігіттері секілді «Е, ел жақсы ғой», – дей салатындары бар. Оған керісінше, ауыздыға сөз, аяқтыға жол бермей, кеңінен көсілетіндері де жеткілікті. Сөзге сараңдардың көмейінен сөз суырасың. Жағы талғанша толғайтын сөзуарларды тежеңкіреп отырасың. Өйткені, қазақтың сөзшеңдігінің арқасында он үш минуттан жарты сағатқа дейін ұзарып, тынысын кеңейткен «Бетпе-беттің» әр секундына дейін есептеулі. Сол шағын уақыт ішіндегі сұхбат бірнеше сағаттық әңгіменің әсерін беруі шарт.
Көрерменнен асқан сыншы жоқ. «Бетпе-бетте» бір-біріне қарама-қарсы отырған екеудің қайсысының мысы басылыңқырап отырғанын теледидарға телмірген адам бірден байқайды. Кімнің деңгейі биіктеу екенін де тез ұға қояды.
Тележүргізуші эфирге ие бола алмай, келген мейманның ығына жығылса, сұхбаттың берекесі кетеді. Керісінше, сұхбаттасушының сөзін жиі бөліп, аузынан қағып, өршеленіп отырсаң, жұрт әбден мезі болады. Сондықтан тікелей эфирдің тізгінін тең ұстап, салиқалы әңгіме өрбіте алатын Нұртілеу Иманғалиұлының болмыс-бітімі «Бетпе-бетке» толық сай келетін еді.
Ол өз өмірінде де түрлі қиындықтармен бетпе-бет келді. Оқуға түскен шағында шаршы алаңның шаңын қаққан боксшы болыпты. Демек, талай рет қарсыласымен бет-бет шайқасып, рингте әбден шыңдалған. Ширақ мінезі, жуан жұдырығы арқылы төбелес-тартыста курстастарына қорған болған көрінеді. Кейіпкерімізбен кезінде қатар оқыған бүгінгі мемлекеттік сыйлықтың лауреаттары мен халық ақындары қамшы сілтесуден әрі аспайтын қарапайым қазақ төбелесін өрелі өнер деңгейіне көтерген Нұртілеудің батылдығын бағалай біліпті.
Сөйтіп, ол үнемі тікелей эфирде «Бетпе-беттің» мағынасын толық танытуға тырысты. Біз бүгінгі мақаламыздың атын да осылай атадық. Жазбамыздың бүкіл мән-мазмұнын сол ұғымның қазығына байлаймыз. Яғни, Нұртілеу Иманғалиұлы – басылым бетіндегі бүгінгі «Бетпе-беттің» қонағы. Бұл бетпе-бет оның автормен әңгімесі немесе көрермен алдындағы есебі, не болмаса, сол көрерменнің оған көзқарасы десе де болғандай. Біз оның тележурналист ретіндегі болмыс-бітіміне тереңірек үңілуге талпынып көреміз. «Бетпе-бетте» түрлі тосын сауал қойып, соған шынайы жауап күтетін кейіпкеріміздің өзі сияқты өзгешелеу үрдіс ұстануға тырысамыз.
Идея іздеген Иманғалиев
Бір сөзбен-ақ қатырып.
Бірден айтар батырып.
Бет-пердеңді ашады,
«Бетпе-бетке» шақырып...
(Журналистік фольклордан)
Нұртілеу ағаны алғаш рет қай кезде көргенім есіме түсіп отырғаны. Каз ГУ-дің журналистика факультетінің бірінші курсында оқитын кезіміз. Күн сайын қонақ арылмайтын бесінші жатақхананың тұрақты тұрғынымыз. Кеш батса болды, осында әйтеуір біреумен кездесу өтеді. Бұл жолы жұрт жиылатын төртінші қабатқа тележурналистер шақырылыпты. Әдетте біздің жатақханаға не ақын, не жазушы келетін. Ширығып жүрген шайырлар күркіреп өлең оқитын. Оқып болған соң еміреніп отырып студенттердің балауса жырларын тыңдайтын. Курсымыздың қияли ақын қыздары бізді бір-ақ сәтте санаттан шығарып тастап, солардың соңына ілесетін. Ал мына журналистер Қазақ телевизиясы жастар хабарлары бас редакциясының қызметкерлері көрінеді. Ол кезде журфактың студенттері телевизияға қазіргідей өліп-өше қоймайды. Алматыдағы айналдырған жалғыз телеарнаға өмірі тұмсық тыға алмайсың. Жолың түсіп, қызметке бара қалған күннің өзінде бүгінгідей бірден тележұлдыз болып кетуің екіталай. Оның үстіне телеарналарға қарағанда басылымдарда пәтер алу мүмкіндігі көбірек. Сондықтан қолына қаламын мығым ұстаған бала баспасөзге қарап мөңірейді де тұрады.
Осыдан сәл бұрын өзіміз әр қызметкерінің атын жатқа білетін «Лениншіл жастың» ұжымы келгенде жатақхананың фойесіне студенттер сыймай кеткен. Соның әсері шығар, әйтеуір тележурналистер келіпті деген сөзге соншалықты елең ете қалған жоқпыз. Бірақ сәлден соң олардың айтқан әңгімелеріне шетімізден елти бастадық. Білмей жүр екенбіз, телевидение танымалдыққа бастайтын ақпарат құралы екен. Мықты тележүргізушілер бүкіл қоғамға ықпал ете алатын көрінеді. Басылымның бір бетіне көсіліп жазған көлдей мақалаңды телеарнадан бір-екі минут ішінде тұжырымдап айта салуға әбден болады дейді. Қысқасы, қызықтың бәрі сонда. Ай десе аузы, күн десе көзі бар қыз-қырқын, түр-тұлғасы тартымды, келбеті келісті жігіт-желеңнің бәрі газеттің редакциясына емес, телеарнаның төңірегіне жиналады. Ендеше, өңкей бір ажарсыз адамдарды топтастырған сезімсіз басылымдарға қызметке барамыз деп неменеге шала бүлініп жүрміз?
Әсіресе, солардың ішіндегі сымдай тартылған, ұзын бойлы, шашы желкесіне түскен жігіттің екпіні ерекше. Іс-қимылы да, сөйлеген сөзі де біз күнде көріп жүрген шығармашылық өкілдеріне ұқсамайды. Толғанып сөйлейді, тамсанып талдайды, тебіреніп түсіндіреді. Бет-әлпеті айтып отырған әңгімесінің сипатына қарай мың құбылады. Құлаштап қолын созғанда төбеге тақалған саусағының ұшына қараймыз. Сұқ саусағымен төменді нұсқағанда соңынан ілесе кетіп, жанарымызбен жер шұқимыз. Кейде оқты көзін өңменіңе қадайды. Кейде қабағын түйіп, ойланып тұрып қалады. Өстіп аздап пауза жасап алып, қайтадан көсіле жөнеледі. Осынша эмоцияға берілуді қайдан үйренген?!
Басқосудың бас жағына барып қатысып, ықыластана тыңдаған секілді кейіп көрсетіп, сәлден соң тайып тұрайық дегенбіз. Жаңағы жігіттің сөзіне арбалып қалдық па, әйтеуір шыға алмадық. Талдықорғанның тарландары мен тарпаңдарын түстеп танитын Талғат Батырхан оны да жақсы білетінін бірден байқатты. Осының да танымайтыны жоқ, әйтеуір. Біресе бізді бүкіл елді шулатып жүрген Қызылтаңның Қабайымен қорқытады, біресе Ақсудың қант зауытына бейресми билік жүргізген шымыр да ширақ шешен жігіті Махарбектің тоғыз оқты тапаншасын көзімен көргендей сипаттап, әбден зәреңді ұшырады. Енді мына екі иығын жұлып жеп отырған жігерлі жігітке де бөтендігі болмай шықты. «Бұл – Нұртілеу Иманғалиұлы ғой. Біздің Ақсудың жігіті. Мен туған Ойтоғаннан сәл берідегі нағашыларымның ауылы – Діңгектен шыққан. Өзі – көзімді ашып көрген тірі жазушым Серік Жанәбіловтің курстасы. Әкесі Иманғали Мысықов – халық ақыны», – деп сыбыр етті. Осылардың ауылында-ақ, өзі не көп, халық ақыны көп. Толғанбай ақын, Қуат Терібаев, Тәңірберген Қалилаханов... Әйтеуір қазақ жырының Құлагері – Ілияс пен айтыс өнерінің бұлбұлы – ақын Сара туған өлке сөз саңлақтарына аса бай.
Халық ақынының баласы болса болар, сөзге шешен екен. Бір сәтте «Мен мұнда идея іздеп келдім!», – деді бізге тесіле қарап. Көзі тым өткір көрінді. Бүкіл идея атаулыны құдды біз жамбасқа басып, жан баласына бермей тығып қойғандай кәдімгідей қысылып қалдық. Идея дегеннің не екенін енді біліп жүрген өңкей бірінші курстың бота тірсек балалары не айтайық, тымпиып отырдық та қойдық. Содан соң ол: «Мен түк таппағандықтан кеп отырған жоқпын! – деп гүр ете түсті, – Жаңа идея іздеп жүрмін! Сендер жас болған соң, бірдеңе білетін шығар деп едім».
О, тоба, мұндай да болады екен?! Жатақханаға ат ізін салатындар түрлі нәрсе іздеп келетін. Әртістер сауық іздейді. Милиция мастарды іздейді. Сырттан оқитындар конспект іздейді. Ақындар өлең өретін аруларды іздейді. Ал идея іздеген адамды бірінші рет көруім! Сол жолы кілең бірінші курстың бақа-шаяны Нұртілеу ағамызға тың идея тауып бере алмадық. Ол кісі бізге көңілі толмай, ренжіңкіреп кетті. Енді қайтейік, идеяны оның өзі жолықтыра алмай жүргенде біз қайдан табайық? «Жерұйықты іздеп, таппай қиналған Асан Қайғы секілді ғой өзі» деп күңкілдедік те, жөнімізге кеттік...
Кейіннен ол жастар хабарлары бас редакциясының билігін қолға алды. Әйгілі «Құрдастардың» дәурені жүрді. Біз бұл кезде жастар басылымына қызметке барғанбыз. Нұртілеу аға мені қосымша жұмысқа тартты. Дәлірек айтқанда, оның алдына бір кездегі «Құрдастардың» жүйрік журналистерінің бірі, бүгінгі салиқалы сот маманы, шоң заңгер Серік Есенов досым дедектетіп алып барды. Нұртілеу аға сөзге келген жоқ, бірнеше рет «Құрдастардың» тікелей эфирінің тізгінін ұстатты. Тұрақты жүргізуге негізгі қызметім мүмкіндік бере қойған жоқ. Телевизиядағы алғашқы қадамымыз осылай басталды. Сөйтіп, ағамыз бұл саладағы тұсауымызды кесіп, томағамызды алып, топқа салды.
Ол сол тұстағы жастар хабарларын биік деңгейге көтерді. «Лениншіл жас» газетінің редакциясымен бірлесіп, «Жас жігер» экспедициясын жасақтап, жазда күнге қақталып, қыста мұз құрсанып, елдің түкпір-түкпіріндегі шопан ауылдарын аралады. Алматының жоғары оқу орындарының студенттерімен байланыс орнатып, «Көкпар» телебәйгесін ұйымдастырды. Мәскеудің әйгілі «Что? Где? Когда?» телеойынының жүргізушісі Владимир Ворошиловті арнайы шақырып, қазақ көкпаршылары үшін шеберлік сабақтарын алды. Бұл жұрт жаппай көретін бағдарламаға айналды. Талантты бозбалалар мен бойжеткендер Қазақ телевизиясының төңірегіне жиналды. Нұртілеу аға Мәскеудің орталық телеарнасының көптеген үлгілерін қазақ топырағына сіңіруге тырысты. Өзі тікелей эфирде алуан түрлі эксперимент жасады. Бірі сәтті, бірі сәтсіз... Бірақ ұлттық арнада ерекше леп пайда болды. Сол леп оны кейін танымал тележурналиске айналдырды.
Эфирдің әміршісі
Кез келсе де қырғынға,
Кеткен емес құрдымға.
Көзілдірігі тұрады,
Көзінде емес, мұрнында!
(Журналистік фольклордан)
«Хабар» агенттігінде қызмет істеген кезімізде Нұртілеу Иманғалиұлымен жақынырақ араластық. Оның журналистикадағы аға буын өкілі ретіндегі абырой-беделін айшықтай түсетін бірнеше қасиетін бөле-жара айтқым келеді. Алдымен ойға оралатыны – мінезінің өткірлігі, ойындағысын тура жеткізетіні. Ешкімді өтірік мақтамайды. Жастарға ертелі-кеш ақыл айтып, миын атала қылу әдетінде жоқ. Алда-жалда ашулана қалса, онысы көпке созылмайды. Түске дейінгі қату қабақтың қар-мұзы түс қайта еріп, жұрттың арасында жайраңдап жүреді. Қырыққа жетпей қозы қарын байланып, домаланып қалған әріптестерінен мүшел жас үлкен болса да, серіппедей ширығып тұрады. Қызметтес болған тұсымыздағы елуді еңсерген жігіт ағасы қазір алпысты алқымдаса да, баяғы бабынан ауытқыған емес. Жүріс-тұрысы тым ширақ. Телеарнада ел алдына жиі көрінетін журналист сергектікті серік етуі керек деген қағиданы берік ұстанады. Жас кезінде бокспен айналысып, едәуір нәтижеге жеткенін айттық. Оған қоса, ұрған добы ұпай әкелетін әккі волейболшы, көздегені мүлт кетпейтін белгілі бильярдшы, апта сайын ыстық буға бір кіріп шықпаса арқасы құрысатын майталман моншашы. Аңқаңды кептіретін аптапта жылқының етін бұзбай сақтай алатын өнері тағы бар.
Оның студияда тікелей эфир жүргізіп отырған сәтін талай көрдік. Телеарналардағы режиссер қызметінің салмағы қандай екенін бұл саланың мамандары жақсы біледі. Ол тележүргізушіні де, оны түсіретін операторды да, көріністі бақылайтын бейнеинженерді де, үнсіз ғана үніңді қадағалайтын дыбыс режиссерін де, сюжеттердің басын қосып, біріктіріп-кіріктіріп, әрлеп-әспеттейтін монтаждаушыны да, қас-қабағын бағып, қимылын аңдитын өзінің ассистентін де бір шыбықпен айдайды. Шәкен Аймановтың «Біздің сүйікті дәрігеріндегі» қарт режиссер секілді сәт сайын сырық сындырмағағанымен, тележиссердің айбаты мен қайраты тележүргізушіні үркітуге молынан жетеді. Көңіліне жақпаса, ол сені эфирден алып тастау жөнінде ұсыныс жасайды. Тікелей эфирде отырғаныңда құлағыңдағы елеусіз микрофон арқылы саған қайта-қайта әмір береді.
Маған әйтеуір режиссер атаулының бәрі шетінен адуынды болатын тәрізденеді. Осы уақытқа дейін аузынан сөзі, қойнынан бөзі түсіп тұрған режиссер көрмеппіз. Оны онша жақтырмасаң да, бірте-бірте сені темірдей тәртіпке баулығыны үшін еріксіз сыйлай бастайсың. Басқаны білмеймін, өз басым телеарнадағы тұрақты режиссерім Гүлнәр Борашқызын көрсем, әлі күнге дейін сабақтан қашып жүргенде мұғалімім ұстап алғандай абдырап қалам.
Ал енді Нұртілеу ағамыз студияға кіріп келгенде басқа жүргізушілердің бәрін бидайдай қуыратын сол режиссерлеріңіздің мінездері жібектей есіледі де кетеді. Себебі, ол кісімен бірге студияға ерекше екпін ере кіреді. Сол алапат қуат, сірә, пультті басқарып отырған эфир қожайынының мысын басып тастайды-ау деймін. Тіпті сәлден соң қайсысының жүргізуші, қайсысының режиссер екенін шатастырып аласың. Бәлкім, жасының үлкендігін сыйлайтын шығар, бәлкім, адуын мінезінен сескенетін болар, режиссер біткен оған әлемдік мәдениеттің ең озық үлгілерін пайдаланып, майда тілмен, бәсең де биязы бұйрықтарын бере бастайды. Тым сыпайылығы соншалық, мұны бұйрық деуге де келмейді... Әншейіндегі елді отырғызып-тұрғызатын әмірінің әрі қашып кетеді.
Тоқтаңыз, әмір демекші, сәлден кейін Нұртілеу Иманғалиұлының өзі сол эфирдің әміршісіне айналады. Тікелей эфирде отырып, режиссердің ыңғайына келе бермейтін импровизациялық тәсілдер қолданады. Тележүргізуші болған соң техникалық ақауларға байланысты талай қолайсыз жағдайларға ұшырайсың. Миллиондаған көз саған қадалған мұндай сәтте жаның мұрныңның ұшына келеді. Бұл кезде тәжірибелі режиссердің өзі де түк істей алмайды. Ол қайта «өзің бірдеңе ойлап тауып, мына шарасыздықтан құтқаршы» дегендей саған иек қағады. Ал содан торға түскен торғайдай тыпырлайсың... Мұндай сәтте Нұртілеу ағаның тізесі дірілдемейді, қолы қалтырамайды, жанары жасымайды. Абдырап-абыржымайды да. Өзінің қайсар мінезіне басып, елді елең еткізетін салиқалы сөз айтып, тікелей эфирді тығырықтан алып шығады. Маңдайшаға көз салып, аузыңа сөз салып тұратын суфлері өшіп қалса да, жұртқа айтары болған соң қиналмайды. Тіпті бағдарлама жүргізіп отырғанда жұрттың зәресін алып жер сілкінсе де, жүрегі селт етпейді. Содан соң режиссер атаулы оны сыйламай қайтеді?!
Эфирді еркін билеп отыру – оның қанына дарыған мінезінің көрінісі. Ол басқалай бола алмайды. Сондықтан «патша көңілді көрерменнің» қой аузынан шөп алмайтын, жүрегі жұмсақ әрі жүдә жуас тележүргізушіні көре қоюы екіталай. Ал көзілдіріктің үстінен тесіліп қарайтыны – жұрттың төбесінен төнгенінің белгісі емес. Өйткені, жігіт ағасының жанары жас өреннің көзі секілді қиырдағыны шалса да, қағазға қарағанда сәл қиналады. Сол себепті алдындағы жазуға үңілген кезде көзілдіріктің мұрын үстінде даяр тұрғанын қолай көреді.
«Бай-қуатты болайық!» оның қоштасу тілегіне ғана емес, өмірлік кредосына, журналистік брендіне айналды. Бұл сөз оның мекен-жай алмасқанда ұсынылатын қатырма қағазында таңбаланған. Кітаптарына қолтаңба бергенде осындай тілек жазады. Былай қарасаң, алып бара жатқан дәнеңе де жоқ. Екінің бірінің аузына түсетін, қарапайым ғана тіркес. Бірақ неге басқа тележүргізушілердің айтқан сөзі ел ішіне осылай жайылып кетпейді? Демек, оны Нұртілеуше жан-тәніңмен айту керек шығар. Қалай болғанда да, бұл тілекке жұрт кәдімгідей құлақ қояды.
Өйткені, кімнің бай, кімнің қуатты болғысы келмейді дейсің?! Бай қуатты, ал қуатты бай болсам деген заман...
Мінезі бар микрофон
Тие ме деп тепкісі,
Тиісе алмас көп кісі.
Таланттардың тарпаңы,
Тарпаңдардың тектісі!
(Журналистік фольклордан)
Анығын айтайық, оның өмірдегі және экрандағы болмысы жұрттың бәріне бірдей ұнай қоймайды. Олай болуы міндетті де емес. Бәрібір ол – табиғатынан тележурналист. Ұлт телеарнасының отымен кіріп, күлімен шыққан адам. Микрофонын мығым ұстаған тележүргізуші. Мінсіз микрофонның емес, мінезді микрофонның иесі. Бір сөзінде өзі айтқандай, қолына микрофон тисе, атқа мінгендей арқаланып кетеді. Сондықтан Қазақ телевизиясының негізін қалаған, телеэкранда ұлттық өнерді дамытқан, ел тағдырын ашына айтқан, эфирді ұлттық бояумен әрлеген таңдаулы телетұлғалардың тізбесі жасалар болса, біздің кейіпкеріміз де қалыс қалмайтыны анық.
Оны өзгеден ерекшелеп тұратын әрекет – қалыптан тыс жол тауып, бұзып-жару үрдісі. Өте тәуекелшіл. Кейде сол тәуекелшілдігінен таяқ та жейді. Өрімдей жап-жас кезінде тікелей эфирде сұхбат жүргізіп отырғанда келген қонақтардың бірі: «Айтқанымыздың бәрі дұрыс қой, бірақ мұны орыс тілінде сөйлейтін көрермен естімеген соң бәрі бекер» деп қалады. Сол кезде бұл: «Несі бар, әрі қарай сол тілде жалғастырайық» деп орысша жосылта жөнеледі. Алматының іргесінде туып-өскен жігіт орысшаға икемді еді. Сол-ақ екен, аяқ астынан телехабардың тілі мен форматын өзгертіп жібергені үшін басы дауға қалды. Ең ақырында бұл іске Орталық Комитет хатшысы Өзбекәлі Жәнібековтің өзі араласады. Сөйтіп, жас журналист қызметін жалғастыра береді.
Бірде «Ашық әңгіме» атты тікелей эфирдегі бағдарламасына шақырылған қонақ келмей қалды. Келетіндер екеу немесе үшеу болса, біреуінің жоқтығы біліне қоймас еді. Жалғыз ғана адаммен жүргізілетін хабар. Жай адам емес, беделді министрдің білдей бір орынбасары. Сөзінің тұрағы жоқ шіренген шенеунік екені о баста-ақ белгілі болған. Сұхбатқа шақырғанда біресе «келем», біресе «келмеймін» деп әбден қанды ішіп еді. Ең соңында «келемін» деп уәде берген. Ендігісі мынау. Бүгінгідей кімнің қайда келе жатқанын біліп отыратын мүмкіндік жоқ. Ұялы телефонның заты түгілі, атын да ешкім білмейтін кез.
Жалпы, тәжірибелі тележурналист түлкіден де қу болады. Кейбір қуаяқтардың тікелей эфирге келмей қалатынын жүрегі сезсе, қосалқы мейманды алдын ала дайындап қояды. Негізгі сұхбаттасушының «дублін» табу онша қиын емес. Телесұхбатқа он бес минут қалғанда шақырсаң да, желкілдеп жетіп келетін сөзшең зиялылардың белгілі бір тобы болады. Сенің не үшін шақырғаныңды да іші біліп отырады. Бірақ көсіліп сөйлеуге деген құмарлығы оның өрлігі мен өкпешілдігін жеңіп кетеді. Сондай-ақ, жағдайды айтып түсіндірсең, сенің қамыңды ойлап, студияға ертерек келіп жайғасып алатын өз достарың тағы бар.
Нұртілеу Иманғалиұлы мұндай тәсілдің жете атасын қолдана алады. Бірақ бұл жолы оның «дубль-субліңде» шаруасы болған жоқ. Студияда тапжылмай отырып, «Ашық әңгіме» басталғанша ойлы министрдің ойсыз орынбасарын сарыла күтті. Басқару пультіндегі режиссер не болар екен деп әліптің артын бақты. Сұхбаттасушы мүлдем қара көрсетпесе, бағдарламаны ауыстыра салатын қосалқы материалдың жазбасын даярлап қойды.
Ал тележүргізуші тағы да тәуекелге бел буды. Хабар басталған кезде кадрге шығып, былайша мәлімдеме жасады: «Құрметті көрермендер! Мына бос тұрған иесіз орындықта ... министрінің орынбасары .... деген азамат отыруы керек еді. Ол осы уақытқа дейін қайта-қайта уәдесін бергенімен, сұхбатқа келмей қалды. Сөйтіп, сіз бен бізді сыйламады. Міне, бүкіл ел үміт артқан билік өкілінің сиқы осындай... Сондықтан бүгінгі бағдарламаны осы жерден үзуге мәжбүрміз...». Режиссер ірі планмен көрсеткен бос орындық ел-жұртқа ерекше әсер етті.
Бұл жолы да айқай-шу көтерілді. Әйтеуір, аяғы сәтті болды. Әріптестері Нұртілеудің әрекетін дұрыс деп тапты. Оның айтасың, тележурналистің тәуекелшіл қадамы министрдің орынбасарын орынтағынан ұшырып түсірді. Бұдан кейін сұхбатқа шақырылғандар тым ерте келіп, тележурналисті асыға күтетін болды. Баяғыда жолға жиналған Сыр бойының шалдары «басына барып отыра берейік» деп ауылдың әуежайына екі-үш сағат бұрын жетіп, жайғасып алатын еді. Тура сол... Осылайша тәуекелшілдігі оны үнемі табысқа бастап келеді.
Сонымен қатар, Нұртілеу ағамыздың өзіне тиесілі мүмкіндіктен талай рет бас тарқанын да көрдік. Мұндайда одан басқалар бас тарта қоймас еді. Алдымен Сағат Әшімбаев биік деңгейге көтерген «Қарыз пен парыз» бағдарламасын жүргізу ұсынылғанда бас тартыпты. «Бұл хабар тек қана Сағат ағамыздікі болып ел есінде сақталғаны дұрыс, өзгеміз араласып, құнын түсірмей-ақ қояйық» депті. Біз осыған ризашылық білдірдік.
«Хабарда» бірге қызмет істеген кезімізде тағы бір тоқтамына тәнті болғанымызды айтайық. Тәуелсіздікпен бірге келген жаңаша үрдістің бірі – қажылыққа бару еді. Бұл сапар кейін тіпті оңайланып кетті. Қажылыққа қажып жететін Құнанбай дәуіріндегідей айлап жол жүрмейсің. Ұшаққа мінесің де, ұшпаққа шыққандай көтеріңкі көңілмен барып-келесің. Соның есебінен әдепкі жылдарда қазақ қажыларының қатары күрт көбейді. Солардың қатарында бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері де жеткілікті болды. Меккеден келген соң аты-жөніне «қажы» сөзін қосып, жаппай мақала жариялау сәнге айналды. Бірақ сол қажекеңдердің көбі имандылық жолына шындап түсе қойған жоқ. Кейбірі келе сала сауық құрып, сайран салып жөніне кетті. Сол тұста Нұртілеу Иманғалиұлына да қажылыққа бару жөнінде ұсыныс жасалды. Кәдімгі Құрбан айт кезіндегі үлкен қажылық. Нұртілеу ағамыз екі-үш күн ойланып жүрді де,.. бас тартты. Бәлкім, әлгіндей көріністерді жиі көріп жүрген соң, басқаша шешімге келген болар. Бәлкім, әлі де рухани тұрғыдан дайын емеспін деген шығар... Әйтеуір, бармады. Баратындай жөні бар еді. Діни жоралғыларға жетік-тін. Құран сүрелерін көп білетін.
Неге екенін білмеймін, осыдан соң оған деген құрметім арта түсті. Қажылықтың қасиетін қадірлегені деп ұққан болуым керек. Өйткені, «Бейіттерге аялдадық жолда біз, Ортамызда – современный молдамыз» дегендей, өзімнің де жақсы араласатын еркін ойлы, ер көңілді қажы достарым баршылық еді. Менің Нұртілеу ағам да басты парызының бірін өтеп келсе де, арыны басыла қоймаған алымды ақпаратшылардың қатарын көбейткісі келмеді-ау деймін.
Қазақ поэзиясында өзіндік орны бар арқалы ақындар
«Біресе айға шауып арыстанша,
Алдыңда апан тұрса қарамайсың» (Сәкен Иманасов),
«Мінезің орып түсер алдаспандай,
Кім сенің шаужайыңа жармасқандай?!» (Несіпбек Айтұлы),
«Саңқылдап Нұртілеуім шыға келсе,
Ұқсайтын кеудемізге жел біткенге» (Тұрсынзада Есімжанов) деп, оның адами келбеті болмысы мен шығармашылық портретін кейіптеді. Бұл да әріптесіміздің аға буын арасында өте сыйлы екенін аңғартса керек.
Ол кезінде өзі қаршадайынан қызмет істеген ұлттық телернаны басқарды, Президент Әкімшілігі мен Үкіметтің аппаратында қызмет істеді. Басшының бөлмесі де, шенеуніктің шапаны да абыройлы ағамызды жатсына қойған жоқ. Бірақ бәрібір оның тележурналист ретіндегі тұлғасы елдің санасында көбірек жатталып қалды.
* * *
Мұның бәрі – Нұртілеу Иманғалиұлымен талай рет бетпе-бет отырып әңгімелескенде немесе күнделікті қатар жүргенде көзіміз жеткен жәйттер. Сондықтан бүгін бізді ой-сананың студиясында әбден шешіліп сөйлесті деп санаңыз. Кейіпкеріміз қазіргі күні кемеліне келіп, үнемі өзі айтатындай, әлдеқашан «бай-қуатты болған» сияқты. Сірә, жас кезінде жер-дүниені шарлап, шарқ ұрып іздеген идеяларын тапқан болар...
2015 жыл
* * *
Осымен біздің «Бетпе-бетіміз» тәмам... Бір кездегі эссеміз бүгін эссе-реквиемге айналып кетті.
Алдыңыздан жарылқасын, аға!
Бауыржан ОМАРҰЛЫ