Түркістан тұрғыны: қос бауырымды білім бөліміндегілер тартып әкетті

2424
Adyrna.kz Telegram

Түркістан облысы тұрғынының өзіне аманатталған қос бауырына қолы жетпей жүр. Қытайда қалған інісінің 8 және 10 жастағы қос перзентін Сарыағаш ауданы білім бөліміндегілер тартып әкеткен.

Енді оларды көру үшін 130 шақырым жол жүріп Шымкентке келеді, деп хабарлады "Астана" арнасы.

Сарыағаш ауданының тұрғыны Құрманғазы Жамалбек 19 қарашадан бері үш күн сайын Шымкентке сабылып жүр. Айтуынша, Қытайда тұратын інісі 2019 жылдың желтоқсанында екі перзентін мектепке орналастыру үшін елге әкелген. Ағасына сенім хат рәсімдеп, өзі кері қайтқан.

"Карантинге байланысты өте алмай жатыр. Шекара ашылатын болса қазір-ақ келейін деп тұр. Балалардың мына жерде жатқанын олар да қаламайды. Бауырларым ашуланып жатыр. Біз атажұртымызға көшеміз деп отырсақ, балаларымызды қамап қойды", - дейді Сарыағаш ауданының тұрғыны Құрманғазы Жамалбек.

Айта кетерлігі, бейімдеу орталығында балалар 90 күндей ғана бола алады. Қазір көрсетілген мерзім аяқталуға таяу. Құжат дер кезінде рәсімделіп бітпесе, балалар Қытайға кері депортациялануы әбден мүмкін.

"Біз көші-қон органдарына хат жолдадық. Одан кейін балалар құқығын қорғау жөніндегі комитетке де, өзіміздің басшылыққа да, басқармаға да хаттар жолданды. Тиісінше шешіп береміз деген жауаптар алынып жатыр", - дейді Шымкент қаласы білім басқармасы кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығы директорының орынбасары Назгүл Құрманалиева.

Ал Сарыағаш аудандық білім бөліміндегілердің өз уәжі бар. Олар бұл жағдай балаларды орталыққа өткізгенге дейін әбден зерттелді деп отыр.

"Тұрмыстық жағдайы сай келмеді. Ол кісінің табыс көзі жоқ еді. Тұрақты тұратын жері жоқ. Мешіт жанындағы үйде тұрды. Ұл мен қыздың жататын орны бөлек болу керек", - деп түсіндірді  Сарыағаш аудандық білім бөлімінің әдіскері Айбек Құлқараев.

Білім бөліміндегілердің білуінше, Құрманғазы Жамаловтың өз бауырларын қамқорлығына алатын бір ғана мүмкіндігі бар көрінеді. Ол үшін жасөспірімдер Қытай азаматы болғандықтан қамқоршылыққа алуға рұқсатты сол жақтан алдырту қажет. Мұнан соң ағалары үш айлық курстан өтіп, балаларға жағдай жасалғаннан кейін ғана қолы жетеді деді.

Пікірлер