Қазақ жігіті Илон Маск ұйымдастырған байқаудың финалына өтті

3610
Adyrna.kz Telegram

Қазақ жігіті Санжар Тайжан электромобиль ойлап табуының арқасында Илон Масктың байқауында финалға шықты. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі ресми Facebook парақшасында жария етті.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов Санжар Тайжанмен кездесіп қайтты. Өнертапқыш министрге өзінің жаңа жобасы – қазақстандық электромобильді таныстырды. Ол бұл жобасымен америкалық бизнесмен Илон Маск ұйымдастырған Not-A-Boring Competition байқауына қатысып жатыр екен.

Санжар Тайжан өз командасымен бірге бензинмен жүретін автомобильдерді батареямен қозғалатын электр көліктері етіп, қайта жаңғыртуда. Ол көлігінің прототипін Министрге көрсетіп, ерекшеліктері туралы айтып берді.

«Қазір электр көлігі жақсы ауа-райында 100 шақырымнан астам қашықтыққа жүре алады. Ал біз оны 500-600 шақырымға дейін арттыра аламыз. Басты мақсатымыз – электромобильдердің алғашқы қазақстандық брендін жасау. Жақын арада дизайны мүлде жаңа 30 прототип әзірлеп, модельге 200-ден астам патент алуды жоспарлап отырмыз», – дейді Санжар Тайжан.

Стартап авторлары еліміздегі такси мен қоғамдық көліктерді электр түріне ауыстыруды көздеп отыр. Бейбіт Атамқұлов болса, табиғатты сақтауға және жаңартылатын қуат көздерін пайдалануға ықпал ететін жаңа технологияларды дамытуды қолдаудың маңыздылығын атап өтті.

Еліміздің министрлігі мен Санжар Тайжанның компаниясы жобаны іске асыру үшін бірлесіп инвесторлар іздестіруді жоспарлап отыр. Одан бөлек, министрлік стартапты дамытуға және оның өнімдерін ілгерілетуге жәрдемдеседі.

Пікірлер