Бекболат ҚАРЖАН.Әлемдік деңгейдегі менеджер Жәкішовты табалайтындай кім едіңіз?

3625
Adyrna.kz Telegram

 

Мен Мұхтар Жәкішевті табалап отырғандарға таң қаламын. 1991-2000 жылдар аралығында Қазақстанның технологиялық-өндірістік әлеуетінің бой көтеріп кетуіне ең бірінші ықпал еткен де осы Жәкішевтер болатын. Тек өндірістік сала ғана емес, саясатта да осы буынның қарқыны талайларды ойландырып тастаған еді. Бұлар нағыз реформаторлар еді.

Сол кезде біздің елдегі экономиканы әртараптандыру мен өндіріс пен ұлттық ғылымды, технологияны дамытуды осындай жігіттерге бергенде, дәл қазір қазақ жұрты фейсбукте шуылдап, бірінің етін бірі жеп отырмай, қалың қайғыға батып, жұмыссыз ақсап, қабат-қабат кризиске тап келмей отыратын еді. Себебі, технологтар мен технократтар кез келген елдің өндірісі мен әлеуметтік ахуалын түзей алады.

Жәкішев ҚазақАтомӨнеркәсібінің тасын өрге домалатқан тұңғыш технолог, технократ. Оның генийлігі, өнертабысы батыс елдерінде өзінің бағасын әлдеқашан алып қойған. Егер Жәкішев Қазақстанды ойламаған болса, кезінде АҚШ-тың шақыртуы бойынша кетіп те қалар еді. 1990 жылдары ҚазақАтомӨнеркәсібінің әлеуеті адам айтқысыз аянышты еді.

Мұхтар Жәкішевтің басты мақсаты – қазақ уранын еркін нарыққа шығару болатын. Оның қазақ уранын әлемдік еркін нарық пен бәсекеге шығаруға білімі мен тәжірибесі, қайраты жетті. Менеджерлік қолынан келді. Отандық өнеркәсіпті шетелдің алдыңғы қатарлы бірлескен кәсіпорындары арқылы игеруге талпынды. Оның ішінде АҚШ, Канада, Жапония, Австралия елдерінің кәсіпорындары да болды. Сол бірлескен кәсіпорындардың заманауи инновациялық-технологиялық  басқару жүйесі мен қондырғыларын пайдаланып, Қазақстан уранын еркін нарыққа шығаруға барын салуға тырысты. Жәкішев қолға түскен сәттен-ақ елден Жапонияның кәсіпорыны кетіп қалды. Бұл біздің үлкен ұтылысымыз болды.

 

Жәкішев ҚазақАтомӨнеркәсібінің рейтингін дамыған АҚШ, Жапония, Канада, Австралия елдерінің бірлескен кәсіпорындары келмей жатып-ақ әлемдік деңгейге көтеріп тастаған. Соның арқасында ел бюджетіне талай-талай миллиардтар түсті, талай-талай мектептер мен нысандар бой көтерді. Ал енді осындай азаматты табалау керек пе... Біздің қоғам өзінен шыққан технократтарды бағаламай, ешқашан да жетістікке жете алмайды. Ел боламыз десек, біз ең алдымен техника мен технологияның технократтарын қоғамға үлгі етуіміз керек. Ол да қолымыздан келмей отыр ғой. Біздің піріміз, табынарымыз әншілер, сайқымазақтар болғаннан кейін бізге қайдағы даму мен өсу... Енді мұндай азаматты жерден алып жерге салып отырғандар Жәкішевтің тағдырын басынан өткерсе де түсіне алмайтын сияқты. Оларға сөз шығын, айтарым жоқ...

 

Бекболат ҚАРЖАН,

«Адырна» ұлттық порталы

 

Пікірлер