"Ковидтен қорғанудың басқа жолы жоқ" дейді дәрігер

3007
Adyrna.kz Telegram

Қазақстанның бұрынғы денсаулық сақтау министрі, медицина ғылымдарының докторы 66 жастағы Жақсылық Досқалиев коронавирусқа қарсы вакцина адамды инфекциядан 97%-ке дейін қорғайды деп санайды. Ал қазақстандықтардың басым бөлігі вакцина салдырғаннан кейін медициналық бетперде мен шектеу шаралары қажет болмайтынын айтты.
Сондай-ақ маман Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұқбатында адамның денсаулығы үшін қажет бірнеше кеңес берді.

"Қазір бүкіл әлемде коронавирус пандемиясы өршіп тұр. Оның ішінде Қазақстан да бар. Кейінгі кезде науқастардың саны азайып жатқаны қуантады. Мемлекет қабылдап жатқан шаралар нәтиже беруде. Ал жекелеген адамдарға келер болсақ, коронавирустан ғана емес, басқа да аурудан ада болу үшін бірнеше қарапайым шара қабылдаған жөн", - деп бастады әңгімесін Досқалиев.

Бірінші – жеке гигиенаны сақтау

Әрбір адам жеке гигиенаны сақтауы қажет. Ал жеке гигиена деген – тазалықты сақтау, ағзаны таза ұстау.

Екінші – дұрыс тамақтану

Біреу күніне үш рет, біреу төрт рет тамақтануы мүмкін. Маманның айтуынша, қанша рет тамақтанса да, астың құрамында пайдалы заттар болғаны жөн.

"Адам ең бірінші ақуызды керекті мөлшерде жеу керек. Ол – ет, сүт, балық, еттен жасалған тағам. Сонымен қатар қыста көкөніс пен жемістер жеген жөн", - деді ол.

Үшіншісі – дұрыс ұйықтау

Досқалиевтің сөзінше, ұйқының ұзақтығы тәулігіне сегіз сағаттан кем болмауы қажет.

"Қазір сегіз сағаттан кем ұйықтамаймын. Жас кезімізде ұйқы аз болды. Хирург болған соң кезекшілік кезінде ұйқы дұрыс болмайды. Түн ұйқы төрт бөлінеді. Қазір мен зейнеттемін. Уақытым бар", - дейді ол.

Төртіншісі – темекі шекпеу, ішімдікке салынбау

"Темекі тартпау қажет, мұны аса маңызды деп санаймын. Себебі ол адамның денсаулығына зиян. Сонымен қатар адам ішімдікке салынбауы керек. Мүлдем бас тарту қажет деп айтпаймын, себебі ол мүмкін емес", - дейді Досқалиев.

Бесіншісі – мөлшерден тыс қыздырынбау

"Бұл жерде әңгіме жазғы уақыттағы күнге қыздырыну туралы болып отыр. Адамдар тез қыздырынамын деп күннен мөлшерден тыс ультракүлгін сәуле алады. Олай болмауы қажет", - дейді ол.

Айтуынша, сауна, монша секілді жерлерде де шектен тыс қыздырынуға болмайды.

Алтыншы – денеге физикалық салмақ түсіру

Әр адам салауатты өмір салтын ұстануы керек. Ол жаяу жүру болуы да мүмкін, міндетті түрде ауыр жаттығу жасаудың қажеті жоқ. Жастарға не істесе де жарасады, ал 60 жастан асқан кісілерге жаяу жүру де жарайды.

"Астанада қар жиі жауады. Жеке үйде тұрған соң өзім далаға шығып сол қарды күреймін. Қыста сенбі-жексенбі күндері міндетті түрде қарда жүруге арналған көлікпен серуендеймін. Кейінгі кезде скандинав жүрісі сәнге айналды, оның да пайдасы бар", - дейді Досқалиев.

Жетінші – аурудың алдын алу

"Бұл – профилактика. Хирург болғандықтан, жылына екі рет тексеруден өтемін. В, С гепатиті, ВИЧ-ке тексерілемін. Жылына бір рет флюорография, электрокардиографиядан өтемін. Бұл – қалыптасқан нәрсе. Медицина саласына байланысты болған соң мұның бәрі студенттік кезден басталды", - дейді Досқалиев.

Айтуынша, ауру асқынған кезде ғана емес, алдын ала тексеруден өтіп тұрған дұрыс.

Сегізінші – вакцина салу

Досқалиевтің айтуынша, тұмаудың өршитін кезеңінде вакцина салдыру қажет. Бұл COVID-19 инфекциясына да қатысты.

"Қазір коронавирустан қорғанудың басқа амалы жоқ. Басқа жағдайдың бәрінде инфекция жұқтыру қаупі жоғары болады. Өкінішке қарай, бұл ауруға қазір дәрілер жоқ. Коронавирустан 97%-ке жуық қорғайтын – вакцина. Одан басқа жолы жоқ. Ресейдің "Спутник V" вакцинасының сапасы өте жоғары. Қазір өзіміздің де вакцина әзірленіп жатыр", - дейді профессор.

Досқалиев өзінің коронавирусқа қарсы вакцина салдыратынын айтты. Ол 40 жылдан астам уақыттан бері қыркүйекте тұмауға қарсы вакцина салдыратынын, соның арқасында төсек тартып жатпағанын алға тартты.

"Тұмаумен ауырған адам емеспін. Кейде салқындап, түшкіріп, жөтелетін кездер болады. Оның өзі көп болса екі күнге созылады. Тұмау болдым деп төсек тартып жатқан емеспін", - дейді ол.

Айтуынша, егер Қазақстан халқының 70%-і вакцина салдыратын болса, бетперде тағудың да қажеті жоқ. Алайда коронавирус әлі біраз уақыт адаммен бірге өмір сүреді.

"Ондай жағдайда ұжымдық иммунитет қалыптасады. Содан кейін қазір қабылданып жатқан шаралар да қажет болмай қалады. Коронавирус адаммен біраз уақыт өмір сүреді. Табиғи шешек ауруы инфекциясымен әлем 150 жылдай күресті. Қазір Қазақстанда оған қарсы вакцина салынбайды, бұл инфекцияның жойылғанын білдіреді. Ол кезде қазіргідей үздік технологиялар болған жоқ. Осыған байланысты коронавирус 150 жылға созылмайды деп ойлаймын, алайда бізден кетіп қалмайды", - дейді Досқалиев.

Тоғызыншы – оқшаулану және көп адам жиналатын жерге бармау

"Коронавирустан қорғанудың ең жеңіл жолы – әр адамның оқшаулануы. Үлкен той, адам көп жиналған жерге аса қатты қажет болмаса бармаған жөн. Адам болған соң дүкенге, дәріханаға барады. Ал ол кезде бетпердені тағу керек. Содан кейін қолын жуып тұруы керек. Барлығы адамның ағзасына қол арқылы барады. Адам бәрін қол арқылы жасайды. Тамақты да, етікті де қолмен ұстайды. Адамның ең көп жұмыс істейтін мүшесі – қол", - дейді Досқалиев.

Айтуынша, өзі де кей жұмыстарды қашықтан істеп жатыр. Арасында емханаларға кеңес сұрау беру үшін барады. Мұндай кезде де барлық қорғану шараларын сақтайды. Ал басқа уақытта үйінде болады.

Оныншы – аурудың бәрі жүйкеден

"Адамның жасы ұлғайған сайын адам тамырлары тарылады. Денедегі тіндерге қан жеткізу үшін жүрек қарқынды қысқарады. Ал жүректің қарқынды қысқаруы қан қысымының көтерілуіне әкеледі. Егер адам менің бұған дейін айтқан кеңестерімді орындайтын болса, гипертония ауруы кейінірек пайда болады", - дейді Досқалиев.

Менде қан қасымының көтерілуі бар. Ол қызмет бабы бойынша пайда болды. Себебі жұмыста күйзеліс, жүйкеге әсер ететін сәттер жиі болды. Ал аурудың бәрі жүйкеден келеді, дейді ол.

Маманның айтуынша, медицина адамға тек 30% көмек береді. Қалған 70% әр адамның өз қолында. Егер осы аталған кеңестерді сақтаса, ауру біраз уақыт жоламайды.

Пікірлер