Павлодарлық жедел уәкілдер 2018 жылы кісі өлтірген күдіктіні құрықтады, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
–10 ақпанда “Anti-Fraud” және “Барьер” жедел-алдын алу іс-шараларын өткізу барысында Павлодар қаласында жедел уәкілдер кісі өлтіргені үшін іздеуде жүрген 39 жастағы ер адамды ұстады. Ер адам 2018 жылдың 25 маусымында сағат 03.25 шамасында Ақсу қаласының дәмханаларының бірінде өзінің танысымен бірге Ақсу қаласының тұрғынын ұрып-соғып, содан кейін оны “Ленинск-Курчатов” автожолының бойындағы орман белдеуіне апарып өлтірген. Оның сыбайласы осы қылмысы үшін 18 жылға бас бостандығынан айырылған, – деді Павлодар облысы Полиция департаментінің бастығы Нұрлан Мәсімов.
Полиция қызметкерлері күдіктінің аса ауыр қылмыс жасағаннан кейін жазадан құтылу мақсатында тергеу органдарынан жасырынғанын және оған халықаралық іздеу жарияланғанын атап өтті.
Қазіргі таңда Қазақстан Республикасы ҚК-нің 99-бабының 2-бөлігі (Адам өлтiру) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Ұсталған азамат Павлодар қаласының уақытша ұстау изоляторына қамалды.
«Адырна» ұлттық порталы