«Тіл үшін тартыс тоқтамайды»

4918
Adyrna.kz Telegram

Павлодар. Көпшіліктің көз алдына тұрғындарының көбі ресми тілде сөйлейтін сол баяғы «орыстанған аймақ» келетін болар. Сын айтпас бұрын, сыр тартқан жөн.  Өңірдегі қазақ тілінің қазіргі ахуалы жөнінде ҚР Жазушылар одағының Павлодар облыстық филиалының директоры, облыстық мәслихат депутаты Жарқынбек Амантайұлымен сұхбаттастық.

- Қазақ тіліне қатысты әңгіме қозғасақ, еліміздің солтүстік өңірлеріне көбірек алаңдайтынымыз белгілі. Қоғам тарапынан сынның астында да қалатын өңірдің бірі де сіздердің аймақ. Дәл қазіргі уақытта Павлодар облысында мемлекеттік тілдің ахуалы қалай?

- Сөзсіз, сынға қалатындай да жөніміз бар. Бұл - жетпіс жыл жел өтінде болып, солақай саясаттың салқыны қатты өткен өңір. Одан қалды, Тәуелсіздіктің отыз жылында да Ресеймен іргелес жатқан аймақпыз. Өзге ұлт өкілдері ең көп шоғырланған облыстардың біріміз. Онымен қоса, еліміз бойынша туған тілімізге деген талап күшеймей тұрғанда, біздің аймақта да көңіл құлазытар олқылықтардың орын алуы заңдылық.

Бірақ, ауызды құрғақ шөппен сүртуге болмайды. Қоғамды тұтастай алып барласақ, мемлекеттік тілге қатысты мәселеде Ертіс-Баян өңірінің бір жылын бір жылмен салыстыруға келмейді. Тілдік ахуалдың өзгеріп, тіл жанашырларының күн санап артып келе жатқанының куәсі болудамыз.

- Десек те, әлеуметтік желілерден қазақ тіліне қатысты мәселе жиі көтеріліп, өзге аймақтардан қарағанда тіл төңірегіндегі талас-тартыстың көп болатыны байқалады...

- Әрине. Әлеуметтік желіде көп көтерілсе, демек бізде тіл үшін күрес те көп жүріп жатыр деген сөз. Әлемжелідегі пікір де, оның иелері де әртүрлі адамдар. Қатарында ісі мен сөзі қабысқан шын тіл жанашырлары да, «диван батырлар» да, арандатушылар да бар. Сондықтан ондағы ой-пікірлерді екшеп қараған дұрыс.

- Аймақта мемлекеттік тілдің қолданыс аясын арттыру бойынша ауыз толтырып айтарлық қандай жұмыстар атқарылды?

- Қазақ тілін дамыту бағытындағы жұмыстар басқа аймақтағыдан артық болмаса, кем жасалып жатқан жоқ. Тек жоғарыда атап өткендей, нәтиже аймағымыздың ерекшелігіне байланысты болып отыр.

Жекелей атап өтсек, былтыр 5 мыңнан астам адам қазақ тілін оқыту курстарынан өткен екен. Оның қатарында өзге ұлт өкілдері де баршылық. Бұдан бөлек, ата жұртқа оралған 140 қандас азаматқа арналған латын қарпі негізіндегі қазақ тіліне оқыту курсы ұйымдастырылған. Бұл аз көрсеткіш емес, тоқмейілсуге де болмайды.

Жалпы, қазақ тілін үйренемін деген азаматтарға барлық жағдай қарастырылуда. Мысалы, Облысымыздың негізгі үш қаласы, Павлодар, Екібастұз және Ақсудағы барлық дерлік аялдамаларға  күнделікті өмірде қолданылатын ауызекі сөздердің аудармасы жазылған арнайы ақпараттық қағаздар орнатылған. Бұл ретте, қазақ тіліндегі 15 000 сөз орысша аудармасымен жазылған. Тағы бір көз көріп, көңілден шыққан жоба - «QR-Қазақ тілі». Онда да көпшілік орындарда QR коды бар жапсырмалар ілінуде. Кез-келген тұрғын аталған кодты сканерлеу арқылы қазақ тілін үйрететін арнайы мобильді қосымшаны  жүктей алады.

Еліміздің «Тіл туралы» Заңы 21-бабының талаптарын сақтау бойынша 2200 объектіге мониторинг жүргізілді.

- Мониторинг демекші, осындай тексеру шараларын көптеп жүргізген жөн сияқты. Әйтпеген жағдайда, мекеме атауларын, жарнама қағаздарын қазақ тілінде қате жазып қоятын жайттар жиі кездеседі ғой.

- Бұл - тексеру емес. Мониторинг топтарының құрамында өзім де бармын. Қоғамда халықпен тығыз жұмыс жасайтын «Павлодарэнерго», «Горводоканал», «Спецмашин» сияқты монополист мекемелерге қатысты сын пікір көп айтылады. Аталған кәсіпорындарға арнайы ат басын бұрып ондағы қазақ тілінің ахуалын назарға алдық. Кем-кетіктер бойынша басшыларымен түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Бірден түзетілді.

Атап өтерлігі, қоғамдық мониторинг жұмысына өзімнің әріптестерім, түрлі деңгейдегі мәслихат депутаттары тұрақты тартылуда. Олардың қатарында өзге ұлт өкілдері де бар. Мұндағы мақсат мемлекеттік тілдің болашағы, бүгініне ұлты мен ұлысына қарамай әрбір азамат жауапты екендігін сезіндіру.

- Ал, сол депутаттардың қазақшасы қалай? Жалпы Павлодардағы билік басындағы азаматтар қай деңгейде қазақ тілін меңгерген?

Бұл да біз үшін өзекті мәселе. Мақтанарлықтай деңгейде емес. Қазақ тілін жетік білмейтін шенеуніктер әр өңірлердегідей, бізде де баршылық. Бұл кемшілікті жою үшін де бірқатар іс қолға алынуда. Мысалы, облыстық мәдениет тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының ұйымдастыруымен «Қазақшаң қалай, бірінші басшы?!» атты онлайн конкурс өткізілді. Оған жергілікті құзырлы мекемелердің басшылары қатысты. Бұл – мемлекеттік тілді үйренуге бастайтын байқау. Ал, депутаттар қауымына келер болсақ,  олардың да қазақ тілін жетілдіру мақсатында арнайы сабақтар қолға алынбақ.

- Дұрыс-ақ. Қарап отырсақ, атқарылып жатқан жұмыстар бар. Бірақ дені тіл білмейтін қауымның, соның ішінде, өзге ұлт өкілдерінің қабағына қарайлау сияқты...

- Басқа амал жоқ. «Тіл туралы» Заң өзгеріп, талап күшеймей, бұдан асырып жұмыс жасау мүмкін емес. Әркім өз құқығы мен заңды алға тартып шығатын заман. Қазіргі басты міндет – қоғам санасын өзгерту.

- Талап дедіңіз... Белден басатын кез келген жоқ па?

- Белден басып өз халқымыздың берекесін өзіміз кетірсек, келмеске кеткен Кеңес үкіметінен қай жеріміз артық болмақ. Бұл жалпақшешейлік, не жалтақтау емес. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы атап өткендей, Мемлекеттік тіл – халқымызды ұйыстырушы факторға айналуы тиіс. Нәтижеге күшпен емес, жүйелі іспен жету қажет деген пікірдемін.

- Өңірде өзекті мәселенің бірі – ономастика. Осы бағытта қандай жұмыс атқарылуда?

- Бір қуантарлығы бұл бағыттағы жұмыстар оң жолға қойылған. Кейінгі бірнеше жылда облыста ондаған елдімекен, жүздеген көшенің атауы өзгерді. Тіпті, Павлодар қаласының негізгі даңғылы саналатын, атауы ауыспастай көрінген Кутузов, Ленин көшелерін қазақшаладық. Өткен жылы облыс орталығында бір күннің ішінде 13 ірі көшенің қазақшалануы рухани серпіліс әкелді. Себебі, бұған дейін бір көшенің атауын өзгерту төңірегінде болатын қоғамдық тыңдау мен әлеуметтік желідегі талас-тартыстың қаншалықты шиеленісті болатынын біреу білсе, біреу білмейді. Бұл ретте, қоғам белсенділері мен тіл жанашырлары, «JEBE», «Қағандық» сынды қоғамдық ұйымдардың орны орасан.

- Павлодардағы мәселеге ел болып жұмылып, жан-жақтан күш біріктіру қажет шығар?

- Біздің өңірдегі ахуалды, ел-жердің ерекшелігін бізден артық ешкім білмейді. Республикалық деңгейде танымал тіл жанашырларының облысымызға келген кездері де болды. Аймақта жүріп, көзімізше әдемі пікір айтып, кейін кекетіп кеткенін көз көрді. Тілде де терең саясат жатыр. Сондықтан, облысымыздағы нақты саяси ахуалды, халықтың көңіл-күйін, жекелей тіл-жанашырларының іс-қимылын жете танып, білмей дүбірге алыстан қиқу қосқан пайдасыз. Тұрақты, әрі кешенді жұмыс қажет.

- Уақыт бөліп әңгімілескеніңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Сағын СЕРІК,

Павлодар

Пікірлер