21 жыл бұрын түрмеден қашқан Солтүстік Қазақстан облысының тумасы Грузияда ұсталды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
Николай Павлюк 1999 жылдан бері халықаралық іздеуде болған. Ол осы уақыт ішінде бірнеше елде мекен етіп, тіпті Солтүстік Қазақстанда басқа біреудің атымен өмір сүрген.
Николай алғаш 20 жасында тонау ісіне қатысқан. Серіктестерімен бірге Ростов тұрғындарының бірінің пәтеріне баса көктеп кіріп, олардан 100 миллион рубль, жазғы коттедж және КамАЗ көлігін талап еткен. Ер адамды ұрып-соғып, құнды заттарын ұрлаған.
Ол 1995 жылы сотталып, сегіз жылға бас бостандығынан айырылады. 1999 жылдың шілдесінде Павлюк Краснодар өлкесінің Хадыженск қаласындағы ИК-9 колониясынан екі серіктесімен бірге қашып кеткен. Кейбір мәліметтер бойынша, қылмыскерлер өздерімен бірге 300 мың доллар алып кеткен.
Алты айдан кейін екі қашқын Адыгеяда ұсталып, полиция қызметкерлерін атып өлтіреді. Сот оларға өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасын тағайындайды.
Үшінші қашып кеткен қылмыскер Николай Павлюк әлі де іздеуде болады. Ер адам жазадан құтылу үшін Ресей аумағынан шығып кетеді.
Ол бірнеше жыл Эстонияда жалған төлқұжатпен өмір сүрген. Ал 2004 жылы ел Еуропалық Одақтың құрамына кірген кезде Германияға анасының жанына кетеді.
2010 жылы Павлюк Михаил Иванович Уткевич деген жалған атпен Қазақстан азаматтығын алады. Осы төлқұжатпен ер адам біраз уақыт Петропавлда тұрған.
Кейін Уткевич-Павлюк үйленіп, ұлды болады. Бірнеше жылдан кейін ерлі-зайыптылар ажырасып, қазақстандық әйелі Павлюк-Уткевичтен алимент өндіріп алу үшін сотқа жүгінеді. Осы уақытта қылмыскер Грузияға көшіп, онда бес жылға жуық жасырынып жүрген.
Павлюк қашқаннан 21 жыл өткен соң ФҚҚ қызметкерлері тұтқынды ұстады. Қазір оны Ресейге экстрадициялау мәселесі шешілуде.
«Адырна» ұлттық порталы