Оқушылар мен мұғалімдер арасында коронавирус жұқтыру көбейді

1622
Adyrna.kz Telegram

Батыс Қазақстан облысында оқушылар мен мұғалімдер арасында коронавирус жұқтыру саны көбейді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы ҚазАқпаратқа сілтеме жасап. 

БҚО санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Мұхамғали Арыспаевтың мәлім еткеніндей, соңғы аптада 42 оқушы, 16 мұғалімнен індет табылды. Оның сөзіне қарағанда, оқу жылы басталғаннан бері 365 оқушы ауырса, соның 173-і дәстүрлі түрде, 192-сі қашықтан білім алған. Ал үшінші тоқсанда 11 қаңтардан бастап сырқаттанған 151 шәкірттің 75-і дәстүрлі түрде, 76-сы қашықтан оқиды.

Қала мен аудандардың бас мемлекеттік санитар дәрігерлерінің қаулысына сәйкес 31 мектепте 45 сынып карантинге жабылды. Сондай-ақ, төрт мектеп толықтай жабылған.

«Біз 8 ақпаннан бастап қаулыға өзгерістер енгіздік. Бұрын індет шыққан сынып қана карантинге жабылатын. Бұдан былай бір оқушы немесе мұғалімнен коронавирус анықталған жағдайда сол мектеп түгелдей инкубациялық кезең аяқталғанға дейін, яғни 14 күнге карантинге жабылады», - деді өңірдің бас мемлекеттік санитар дәрігері М.Арыспаев.

Облыста 1 қаңтардан бері 2 480 адам ауырса, соның 1837-сі қаңтарда, 643-і ақпанда тіркелген. Соңғы аптада аурушаңдық деңгейі 5,6 пайызға төмендегенімен, ахуал әлі де тұрақсыз болып отыр. Ақпан айында коронавирус жұқтырғандардың 202-сі немесе 31,4 пайызы – жұмыс істейтін адамдар, 177-сі (27,5 пайызы) – зейнеткерлер, 144-і (22,3 пайызы) – жұмыссыздар, 42-сі (6,5 пайызы) – оқушылар, 24-і (3,7 пайызы) – медицина қызметкерлер.

Індет жұқтырғандар арасында мемлекеттік қызметшілер де бар. Айталық, облыстық құрылыс басқармасында осындай жағдай тіркелді. «Орал қаласы, сонымен қатар Бәйтерек, Бөрлі, Ақжайық, Тасқала және Шыңғырлау аудандары әлі де «қызыл» аймақта тұр. Сондықтан карантин талаптарын қатаң сақтау керектігін ұмытуға болмайды», - деді департамент басшысы.

 

Пікірлер