42500 теңгенің жыры қайта басталды

890

Әлеуметтік желіде декретке шыққан келіншектердің арыз-шағымы тарады. Олар төтенше жағдай кезінде 42 500 теңгені алған, енді бір жасқа дейін бала күтіміне берілетін жәрдемақы төленбей жатыр деп жазады Sputnik Қазақстан тілшісіне сілтеме жасап «Адырна» ұлттық порталы.

Еске сала кетсек, өткен жылы төтенше жағдай кезінде табысынан айырылған адамдарға 42 500 теңгеден көмек берілген болатын. Ол ақша мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының есебінен төленді. Одан бөлек, заң бойынша қордан еңбекке жарамсыз болып қалу, асыраушысынан айырылу, жұмыссыз қалу, жүктілік пен босану, жаңа туған баланы асырап алу және бір жасқа дейін бала күтіміне байланысты әлеуметтік төлемдер беріледі. Қордың әлеуметпен байланыс департаментінің директоры Гүлбағила Болатбекованың сөзінше, әлеуметтік төлемді тағайындау кезінде мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры тексеріс жүргізуге құқылы. Өйткені төтенше жағдай кезінде кейбір адамдар жұмыс істеп, жалақы алса да, өз бетінше 42 500 теңгеге өтініш жіберген.

"Әйелдің жалақы алғаны, сондай-ақ, бір мезгілде төтенше жағдай және (немесе) карантин кезеңіне төлем алғаны анықталған жағдайда алынған 42 500 теңге көлеміндегі төлемді ерікті түрде қайтаруы қажет", - дейді Гүлбағила Болатбекова.   Осы орайда департамент басшысы төтенше жағдай мен карантин кезінде кірісінен айырылғаны туралы жалған мәлімет бергені үшін өтініш берушінің өзі жауапты екенін ескертті.  "Ал, шынымен де, еңбек ақысы сақталмайтын демалыста болған және көрсетілген кезеңде мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төлем алған өтініш берушілер басқа төлемдерге өтініш жібергенде 42 500 теңгені қайтармайтынын атап өткен жөн", - дейді Гүлбағила Болатбекова.

Ол бір жасқа дейін бала күтіміне төленетін жәрдемақы қалай есептелетінін де түсіндірді. Болатбекованың сөзінше, төтенше жағдай болған айлар есептен алынып тасталады. Өйткені ол кезде адамның кірісі болмаған. Соның орнына алдындағы айлардың табысы есептеледі. Осылайша әйелдің орташа табысы анықталады да, әлеуметтік төлем тағайындалады. Оған 12 айдың ішінде өтініш беруге болады.

Пікірлер
Редакция таңдауы