Вице-министр: Қазақстандық бизнеске Ресейде шектеулер көп

2508
Adyrna.kz Telegram

Сауда және интеграция министрлігінің алқа отырысында вице-министр Жанел Күшікова ЕАЭО аясында кейбір мемлекеттер Қазақстан алдындағы міндеттемелерін орындамай отырғанын мәлімдеді. Бұл туралы  ҚазАқпаратқа сілтеме жасап, "Адырна" ұлттық порталы хабарлайды.

«Еуразиялық экономикалық одақтың ортақ нарығының әлеуетін толыққанды жүзеге асыруға жекелеген факторлар кедергі келтіріп тұр. Біріншіден, өзара саудаға қойылған кедергілер бар. Отандық тауарлардың экспорты ең алдымен Ресей нарығына бағытталған. Сонымен бірге ресейлік нарықтағы қазақстандық бизнестің жандануы - серіктестердің шектеу шараларын енгізуіне себеп болып отыр. Бүгінгі күні дәлелденген 63 кедергінің 54-і жойылды, оның 25-і ресейлік тараптан қойылған. Оның өзінде бұл тізім толық емес», - деді Жанел Күшікова Сауда және интеграция министрлігінің алқа отырысында.

Оның айтуынша, Үкімет осы кедергілердің бәрін анықтап, ЕЭК алаңында олардың күшін жою үшін қажетті шараларды қабылдауда.

«Мәселен, өткен жылы қазақстандық бизнес үшін ең жанды деген 8 кедергінің күші жойылды. Олардың жалпы сомасы 100 миллион долларды құрайды. Бизнеспен кері байланысты жолға қою үшін Қоғамдық қабылдау қызметі құрылды. Біздің бизнестің жұмысына кедергі келтіретін тағы 8 кедергіні алып тастау керек», - деді ол.

Жанел Күшікова сонымен қатар экономикалық одақта серіктес мемлекеттердің кейбірі өзіне алған міндеттемелерді орындамай жатқанын атап өтті.

«ЕАЭО туралы Келісімнің негізгі ережелері жоспарланған уақыттан қалып барады. Тіпті жекелеген ережелер мүлде шет қалған. Кейбір келісімдердің күшіне ену мерзімі ұзарып кетті. Мемлекеттік сатып алу саласындағы ұлттық режим толығымен орындалмайды. ЕАЭО-дағы белгілі серіктестер аймақтық сертификаттау түрінде қосымша талаптарды белгілеп қойған. Банк кепілдіктері мен ЭСҚ-ны тану тәртібі мүлде жоқ. ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің ішкі шекараларында бақылаудың барлық түрінің жойылғанына қарамастан, іс жүзінде бақылаудың жаңа түрлері пайда бола бастады. Осылайша, Ресей Федерациясында ветеринариялық-санитарлық бақылау деген шықты. Ал федералды кеден қызметінің мобильді топтары іс жүзінде кедендік бақылауды жүзеге асырады. ЕАЭО-ның ақпараттық интеграцияланған жүйесі жұмыс істеуден қалды. Жуық арада осы мәселелерді көтереміз», - деді ол.

Жанел Күшікова үшіншіден экономикалық одаққа мүше мемлекеттермен кооперация деңгейі мүлде төмен екенін алға тартты.

«Өкінішке қарай, ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер бір-біріне тең серіктес емес, бәсекелес ретінде қарайды. Осы бағыттағы жұмысты күшейту қажеттігін Премьер-Министр 5 ақпандағы Еуразиялық үкіметаралық кеңестің отырысы барысында да атап өтті. Үшінші елдермен сауда келісімдерінің әлеуетін барынша арттыруға мүмкіндік беретін ынтымақтастықты жолға қою керек деп санаймыз», - деді ол.

Пікірлер