Керуен көшкен күн...

1648
Тоқтар... Тоқа... Тоқтар аға... Қасиетті қара шаңырақ – М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бүгінгі алтын діңгегінің бірі еді ол. Соңғы жылдарда сөз ұстаханасындағы алыптар шоғыры азайған соң бұлардың буыны да қастерлі ғимараттың құтына айналған-ды.
Талай тұғырлы тұлғаның ізі қалған бұл мекемедегі барлық бөлім бір төбе де, қолжазба бөлімі бір төбе. Тоқтар ағамыз сол ескі жәдігерліктерді оқып, талдап-таразылаудың майталман маманы еді. Ұлттың рухани қазынасы жинақталған қолжазба және текстология бөлімін біздің институттың Меккесі деуге болар. Сол мерейлі Меккенің қағбасының қақпасын қас қақпай күзетіп Тоқтар ағам отыратын.
Бейнелеп айтсақ, бұл бөлім арғы дәуір, басқа бөлімдер бергі дәуір секілді еді. Алып Ер Тоқа сол арғы дәуірден бір сәтте сытылып шығып, бергі дәуірдің адамдарымен аз-кем тілдесетін де, көне заманның тұңғиығына қайта сүңгитін. Содан күн ұзаққа ежелгі дүниеден жеткен қолжазбаларға көміліп, мың түрлі мәтінге үңіліп, Ұлы даланың ұлы рухымен күбір-күбір сөйлесетін. Енді соның бәрі елес...
Бұл ғибратты ғимаратта «Бір өзі – бір институт» деген биресми лауазымды бір ауыздан иеленген санаулы ғана ғалым болды. Тоқаңның табиғаты да соған жақын еді. Баршаға белгілі тіркесті сәл түрлендірсек, ғалымда да ғалым бар, қазанаты бір бөлек... Заман басқа, салт басқа. Анығын айтсақ, енді дәл ондай зерттеуші болмайды. Екі Тоқтар тумайды. Оны күн өткен сайын сезіне түсетініміз анық. Не десең, о де, күллі қолжазба жетім қалды енді...
Тоқтар Әлібеков тынымсыз зерттеген Құланаян Құлмамбет ақын өмір туралы толғаныстарында адам мен тіршілік ұғымын көшіп келе жатқан керуенге балайтын. Жыр дүлдүлі
«Барады күні біткен күнде өтіп,
Біз келген керуенбіз дүнияға»
немесе
«Қаза жетіп Құлмамбет,
Керуені көшіп жөнеді» деп термелетер еді. Сол Құланаян Құлмамбет айтқандай, Тоқаңның да керуені көшті...
Сөйтіп, біздің Тоқтар да ғарыш жаққа аттанды. Мәңгілікке... Алдынан жарылқасын ағамыздың!
Бауыржан ОМАРҰЛЫ 
Пікірлер
Ұқсас жаңалықтар