Бір өлеңі – елдің бір мұрасындай

10348
Adyrna.kz Telegram

Бүгінде «күпі киген қазақтың қара өлеңін шекпен жауып» өзіне қайтарған отты жырларымен, ойлы, өрнекті өлеңдерімен халқының қадір-қасиетін айта алған мұзбалақ ақын Мұқағали Мақатаев есімі мәңгілік ғұмырға айналғаны шындық. Десек те, ақын мұрасын ұрпақтан - ұрпаққа кеңнен насихаттап отыру  –  борышымыз. Осы орайда 9 ақпан – ақынның туған күніне орай еліміздің барлық өңірлерінде бірқатар әдеби-мәдени шаралар өткізуді бастап кетті.

 Қай елдің тарихына көз салсақ та, халқының мерейін көтерген, мақтанышына айналған дарын иелері, дана ғұламалары болған. Қарасазда туылып, қазағының біртуар ұлы перзентіне айналған дара дарын, ғасыр ақыны Мұқағали Мақатаевтың есімі жалпы қазақ баласына ыстық екені сөзсіз.

Қарасаз, қара шалғын өлеңде өстім,

Жыр жазсам, оған жұртым, елеңдестің.

Өлсе өлер, Мұқағали Мақатаев

Өлтіре алмас алайда өлеңді ешкім,  ̶

деп ақынның өзі айтқандай, оның өлең-жырлары ұмытылмайды.

Ұлы Абайдың өлеңдерінен нәр алған, бүкіл болмысымен терең түсіне білген ақын. Абай үніне үн қосып, Абай өнегесін үлгі тұту өз жанының аңсары, қалауы екенін білдіреді. Адам деген атты асқақтата жырлап, көп қырлы, сан-салалы шығармалары, әркімнің жанына жарық сәулесін түсіріп, жүрегіне нұр құйып, ертеңгі алыс арман, биік мақсаттарға бастай бермек. Әр шығармасының өзегінде адамның сана сарайын ашуға көмектесетін қаншама тағылым бар. Өмірдің өзек жарды сырларын көкірегіне тоқи білген жазушының бүкіл сыры халқының тағдырымен бірге жатыр. Арқалы ақын халық мұңы өз мұңы екенін, халық бақыты өз бақыты екенін, «ел тағдыры –бірлік ынтымақта» деп ақтарыла жырлаған:

«Ата – қазақ баласын

Алақанға қондырған.

Бар қазақтан – бір қазақ

Табар ма екен, әулие?..»

Мұқағали қазақтың ән, музыка өнерін поэзия тілімен сөйлетті. Ақын өзі оны жанымен түсінген де, мейірі қанғанша сусындаған. Сондай жан әлемінен ғана «Саржайлау», «Күрең күз», «Есіңе мені алғайсың», «Ана, сен бақыттысың» сынды бірегей туындылар туған.

Мұқағали поэзиясы – жан-жүрек, сезім поэзиясы. Ол оның бүкіл қан тамырынан жаралған. Оның жырларынан бейжайлықты кездестірмейсің, жілігі татымас жасық жолдарды ұшыратпайсың. Онда отты жүректің соғысы, ізгі де сұлу, елжіреген, еміренген жан лүпілі естіледі, одан өмір азабын, ақынның озбырлыққа, өзімшілдікке деген ыза-кекті, қаһарлы ерлік үні естіледі. Арман мұраты мен халқына деген сүйіспеншілігі барынша сезіледі. Ақын халықтың жүрегіне жол табатын өлең тудыру оңай емес екенін сезе білді.

«Өлең деген тумайды қыйшылықта,

Өлең деген тумайды жайшылықта

Ақын болсаң, жарқыным, алысқа аттан,

Күнделікті тірлікке бой суытпа...»,  ̶

деп, жырлай келе, нағыз ақын болудың керемет қуанышты да азапты екенін жеріне жеткізіп ашты. Ал өзінің күнделік-жазбасында ақындық табиғаты жөнінде «Ақынның өмірді зерттегені, алдымен, өзін зерттегені. Ақын құдіреті – өмірден өзінен өмір жасай білуінде»,  ̶  деп түйіндейді.

Атақты ақын Исраил Сапарбайдың «Абай, Ілияс, Қасым сияқты, өз заманына лайық туған, халқының қам-қарекетін, тағдыр-талайын жүрегіне қондырған ақындардың бірі – Мұқағали» деуі, Бауыржан Момышұлының «Халыққа ұстаз болатын ақын» деуі тегін емес шығар.

Мұқағали поэзиясы – тұнық тазалығымен, өміршеңдігімен, асқақ арманымен, нәзіктігімен, сұлулығымен халқымыздың аса қымбат, аса асыл мұрасы. Мұқағали тілі – бай халық тілі. Ол халқын қалай сүйсе, халық та оны солай сүйеді. Ұлтымыздың мақтанышы болған ақынымзды ардақтап, лайықты құрмет көрсету – баршамызға ортақ міндет.

Күні кеше ғана Жамбыл атындағы жасөспірімдер кітапханасында «Мен өмірді жырлау үшін келгенмін» атты ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың туғанына 90 жыл толуына орай поэзиялық еске алу кеші өтті. Кеш қонақтары: ф.ғ.к. Аманқос Мектептегі, суретші Майса Ықылас, актер Ергенбай Әбуев, режиссер Ботагөз Исмайл, ақын, продюсер Жаңылхан Асылбекова болды. Кештің шымылдығын кітапхананың қызметкерлері қойылым қойып бастады. Ақынның өлеңдерін оқып, ақынның рухын бір оятты десем артық емес. Одан кейін, сөз кезегі кеш қонақтарына берілді. Ергенбай ағамыз театарда Мұқағали Мақатаевтың шығармаларына байланысты қойылып жүрген қойылымдарға көңілі толатынын, әрі ақынның қазірге дейін қандай шығармалары сахналанды, сол  жайында айтып өтті. Сондай-ақ, ақынның «Қайран, жеңгем» «Мен үйсінмін» атты әндерін орындады. Аманқос аға Мұқағали жайында естеліктерімен бөліссе, Майса апай: «Мен өз суреттерімді Мұқағали өлеңдерін оқи отырып бейнелеймін. Ақын шығармаларынан алатын шабытым бейнелеу өнерінің түрлі саласында жұмыс жасауға жол ашып отыр»  ̶ дей келе, Мұқағали Мақатаевтың шығармашылығына арнаған жұмыстарын көрсетті. Арасында қонақ болып келген мектеп оқушылары да ақынның өлеңдерін жатқа оқыды. Ботагөз апай осы уақытқа дейін Мұқағали Мақатаев жайында түсірілген арнайы жобалары жайында айтса, Жаңылхан апай Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығына арналған «Abai TV» арнасының, «Ұмытпаймыз» бағдарламасында ақын күнделігіндегі баласы Айбарға арнап жазғандары, Айбардың 12-13 жасында фильмге түсіп, өзінің алғырлығын көрсеткендідігі, бұған дейін еш жерде көрсетілмеген Айбар түскен қысқа метражды фильмді осы хабардан көре алатынымызды айтты. Жалпы кеш жоғары деңгейде өтті. Осы кешті ұйымдастырған Жамбыл атындағы жасөспірімдер кітапханасының директоры – Ғазиза Құдайбергенова апайымызға және кітапхана ұжымына рақмет айтамын.

Ұлы ақынның поэзиясына тағы да үңілу барысында әрбір қазақ баласының, жасы да, кәрісі де Мұқағали Мақатаевтың  «жүректен кіріп бойды алатын» туындыларын жақсы көретіні, көбін жатқа білетіні, сол арқылы оны аса жоғары құрметтейтіні айқын аңғарылды.

                                Әсем МАМЕЖАНОВА,

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

Филология және әлем тілдері факультеті

Қазақ тілі мен әдебиеті мамандығының

4-курс студенті

Пікірлер