Алматы атауына 100 жыл толды

2712
Adyrna.kz Telegram

Бүгін Алматы атауына жүз жыл толды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Baq.kz сайтына сілтеме жасап. 1921 жылы 5 ақпанда аудан комитетінің салтанатты жиынында Верный қаласының атауын өзгерту туралы шешім қабылданып, ол Алматыға ауыстырылды.

Алматы Қазақстанның ең үлкен қаласы. Ол Тянь-Шань тауларының солтүстігінде, Іле Алатауының баурайында, Қазақстан Республикасының оңтүстік-шығысында орналасқан. Қалада екі миллионнан астам  адам тұрады.

1854 жылғы ақпанның 4-інде Іле Алатауының баурайында Ресей империясының әскери қамалы Верныйдың негізі қалануымен қала тарихының жаңа кезеңі басталады.

1854 жылдың күзінде Верный қамалының құрылысы аяқталды. Қамалдың бір жағы Кіші Алматы өзенінің бойымен орналасқан, ағаштан құрылған бесбұрыш пішінінде салынды. Кейіннен ағаш кірпіш пен таспен ауыстырылды.

1855 жылғы шілденің 1-інде Верный қаласына казактардың бірінші тобы көшіп келді. 1856 жылы орыс шаруалары да көшіп келе бастады. Олар қамал жанынан салынған Үлкен Алматы орталығына қоныстанды. Қоныс аударғандардың көбеюіне орай Кіші Алматы бекеті мен Татар (Райымбек) көшесі пайда болды. Бұл жерге татар қолөнершілері мен саудагерлері қоныстанды. 1859 жылдың мамырында қоныс аударғандардың саны 5 мыңға жетті. Құрылыс жұмыстарына инженер Л.Александровский жетекшілік жүргізді, ал құрылысты басқарған әскери-инженер Ц.Гумницкий болды.

1867 жылғы сәуірдің 11-інде Верный қамалының атауы өзгертіліп, Алматинск қаласы аталды. Бірақ сол жылы «Дала комиссиясының» баяндамасы бойынша қаланың аты Верный болып қайта өзгертілді. Верныйдың қала болуы сол кездегі реформаларға байланысты болды. Верный өзімен аттас Верный уезі мен Жетісу ауданының орталығына айналды.

1921 жылы 5 ақпанында аудан комитетінің салтанатты жиынында Верный қаласының атауын өзгерту туралы шешім қабылданды.

Осылайша Верный қаласы Алма-Ата деген жаңа атқа ие болды. Бұл шешім бойынша Жетісу Әскери-революциялық комитеті: «Қаланың революциялық орталық мәртебесін алуына байланысты Жетісу әкімшілік орталығының атауы Алма-Атаға өзгертілсін» деген бұйрық шығарды.

1927 жылдың 2 наурызында ҚазАССР-ң ОСК-і астананы Қызылордадан Алматыға көшіруге шешім қабылдады. Осыдан бастап алматы ел астанасы атанды. Ел Тәуелсіздік алған соң 1997 жылы Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың үкімімен ел астанасы Алматыдан Астанаға ауыстырылды.

Пікірлер