Айдос Сарым: 11-ақпан мен үшін қаралы күн

4491
Adyrna.kz Telegram

«Нұр Отан» партиясының атынан жақында ғана Мәжіліс депутаты болып сайланған Айдос Сарым тележурналист Нартай Аралбайұлының ютуб арнасына берген сұхбатында әлеуметтік желіге қатысты өз пікірін айтты.

Бүгінгі күнде ақпараттанудың бірнеше құралы, БАҚ, радио, теледидар, газет, әлеуметтік желі бар. «Кез келген үлкен саясат жасаймын» деген адам ешбір ақпарат түрін жоққа шығара алмайды. Мен сайлау науқаны басталар кезде бір-екі адамға қаратып, фейсбук парақшамда әдейі жазғам. «Бүкіл Нұр Отан» партиясының мүшелері әлеуметтік желіге кіреді. Қазір өздеріңді тыңдап, өздеріңді мақтап жүрсіңдер. Жүз мыңдап «Нұр Отанның» мүшелері кірген кезде өздеріңнің позицияларыңыздың мінсіз емес екеніне көздерің жетеді. «Нұр Отан» үгіт -насихатын айтқан кезде көздеріңіз аларады. Демала тұрыңыздар» деп жазғанмын. Бұл әрине әзіл болатын. Бірақ шын мәнінде солай. Демек, ешбір ақпарат көзін өзіңнің оппонентіне беріп қоюға болмайды.

Ең өкініштісі, әлеуметтік желіде отырған адамдардың өздері байқамай қалатын заңдылықтары бар. Біріншіден, алгоритм. Кез келген әлеуметтік желінің алгоритмі оның дүниетанымы мен айналасын шектеп тастайды. Сіз кімге ғана лайк басасыз, соны ғана көрсетеді. Сіздің фейсбукта 5 мыңға таяу досыңыз бар делік. Бірақ соның бәрін де көріп отырған жоқсыз ғой. Ары кетсе, 50-уін ғана көресіз.  Олардың көбісі - өзіңізбен пікірлес, дидарлас, дастархандас азаматтар. Сол 50 адам фейсбуктегі бүкіл 5 мың досыңыздың пікірін бере алмайды.

Біраз уақыт Алтынбек Сәрсенбайұлының жанында жүрген Айдос Сарым өзін «сатқын» деп айыптағандарға да уәжі барын айтты.

Сатқындық жасады» дегенді мен қабылдай алмаймын. Шәкірттің де өсетіні болады, ешбір шәкірт мектепте қалмайды. Сатқындық дегенге келер болсақ, бір Мәжілістің өзінде Алтынбай Сәрсенбайұлының қанша досы, қанша шәкірті отыр. Бәрі – біздің замандастарымыз. Сонда бұл әңгіме неге тек маған ғана айтылуы керек? Әңгіменің адалдығы қайда? деді ол. 

Сұхбат барысында Нартай Аралбайұлының «11 ақпан сіз үшін қандай күн?» деген сауалына  саясаттанушы, депутат «қаралы күн» деп жауап берді. Ескерте кетейік, 2006 жылдың 11 ақпан күні Алтынбек Сәрсенбайұлы қылмыскерлердің қолынан саяси тапсырыспен қаза тапқаны белгілі.

Дәл қазір Алтынбек Сәрсенбайұлы тірі болса, сіздің билік партиясы құрамына кіріп, билікке келгеніңізге не айтар еді? Тағы да кешірім сұрар ма едіңіз, деген  сауал5а Айдос Сарым:

Алтекең тірі болса, қазір кем дегенде бір партияның басшысы болып отыратын еді. Егер сіз 2006 жылы жазған үлкен сұхбаттарын қарасаңыз, осы менің бүгінгі айтқан нәрселерімнің бәрі айтылған. Ұтылдың ба, онда ұзақ мерзімді жұмысқа дайын болу керек, деп жауап берді «Нұр Отан»  партиясының атынан депутат болған  Айдос Сарым

   Еркін ҚАЛДАН, «Адырна» ақпарат порталы

Пікірлер