Кейкі батырдың сүйегі 12 желтоқанда жеткізіледі

2137
Adyrna.kz Telegram

Кейкі батырды жерлеу шаралары алдағы жылдың қыркүйегіне белгіленіп отыр деп хабарлайды "АДЫРНА"  "ҚазАқпарат" Агенттігіне сілтеме жасап. Бұл туралы бүгін ҚР Мәдениет және спорт министр Арыстанбек Мұхамедиұлы мәлім етті.

«12 желтоқсанда бізге Будапешттен Кейкі батырдың бет әлпетінің мүсінін алып келеді. Қазіргі кезде алдын ала суреттер жіберілді. Батырдың өзіндік ерекшеліктері бар екенін білесіздер. Үкімет басшысының орынбасары басшылық етіп отырған мемлекеттік комиссияның отырысы өтіп, онда ақылға салынған тиісті шешім қабылданды. Оған құрметті тұлғалар қатысты. Атап айтқанда, барлық шараларды қыркүйекте өткізу орынды болатындығы келісілді. Біз аталған мерзімге дейін Кейкі батырға монумент салуымыз керек. Өйткені, қазіргі кезде тұрған ескертікштің биіктігі екі метр ғана екен»,-деп тоқталды министр жалпы отырыстан кейін тілшілер сауалына жауап беру кезінде.

Сонымен қатар ДНҚ-ны соңына дейін анықтау міндеті тұрғанына тоқталған ол, мажарлық ғалымдар тиісті зерттеулер жүргізіп жатқанын жеткізді. «Егер асығыс түрде жерлей салсақ, күдік туғызып отырған мәселелер жабылу күйінде қалар еді. Жалпы жерлеу шаралары қыркүйекте өтеді»,-деді А. Мұхамедиұлы.

Еске сала кетейік, 13 қазан күні Қазақстан Республикасы елшілігінің көмегімен Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік музейі Будапешт қаласына Кейкі батырдың бас сүйегін жеткізген болатын. Венгрияның жаратылыстану ғылымдары музейінде Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік музейінің директоры Нұрсан Әлімбай Венгрия музейінің бас директоры Золтан Коршошқа ДНҚ сараптамасын жүргізіп, қалпына келтіру үшін Кейкі батырдың бас сүйегін тапсырды. Музейдің антропологиялық бөліміне жетекшілік ететін Агнеш Куштар Кейкі батырдың бас сүйегін қалпына келтіру жұмыстарын өз басшылығына алды.

Мұнымен қоса, Қостанай облысының әкімдігі Кейкі батырдың дене сүйектерін жерлеуге дайындық жөнінен ұйымдастырушылық жұмысын жүргізіп жатқандығы хабарланған еді.

Бұдан бұрын хабарланғандай, 6 қазан күні Кейкі батырдың бас сүйегі Ресейден Қазақстанға жеткізілді. Ол 93 жыл бойы Санкт-Петербург қаласындағы Кунсткамерада сақталып келді.


"АДЫРНА"

Пікірлер