Оғыз Доған: «Түркілердің бірігуінен қорқатындар көп»

5571
Adyrna.kz Telegram

Оғыз Доғанның аты қазақ қоғамында ең алдымен мемлекеттік тіл үшін күресуші азамат ретінде кеңінен танылғаны мәлім. Сонымен қатар ол кез келген мәселеге байланысты өзінің азаматтық ұстанымын білдіріп, еліміздегі саяси сәттерде де сырт қалмайды. Бұл жолы Оғыз мырзамен Түркілер, Тұран одағы мәселелеріне қатысты аз-маз сұхбаттасудың сәті түсті.

- Соңғы уақытта Тұран одағын құру, Түркілерді бір тудың астына біріктіру туралы бастамалар бұрынғысынан көптеп көтеріле бастады. Бұл жағдайды қазақ қоғамынан әсіресе, Қарабах соғысынан кейін айқын байқауға болады. Қалай ойлайсыз, бұл жағдай әлемдік геосаясатпен байланысты ма, әлде уақыт талабы ма?

- Бұл идея жаңадан пайда болған идея емес. Өздеріңіз білетіндей, алғашқы ең алып империя Түрік қағанынан бері қарай жалғасып келе жатқан дүние. Егер тарихқа назар салсақ, Түрік қағанаты тұсында да түркілердің шашырап, Елтеріс қағанның тұсында да сондай жағдайлар орын алғаны мәлім. Әмір-Темірдің де идеясы Түркілердің басын біріктіру болып, ол өз мақсатына біршама қол жеткізген. Өткен ғасырда большевиктердің арасында жүрген Тұрар Рысқұловтың өзі де бұл идеяның жақтаушысы болған. Жалпы, Алашорда арыстарының да негізгі мақсаты – қазақ еркіндігі мен Түркілердің бірлігі еді. Мысалы, Мұстафа Шоқай, Мағжан Жұмабаев және Түркиядағы Мұстафа Кемал Ататүріктің басты идеясы болғанын ескерсек, қазіргі кезде көтеріліп жүрген Түркілердің бірлігі туралы мәселені жаңа «мода» деп қарауға болмайды.

- Тұран одағын құруды сөз етпес бұрын, ең алдымен бұл одақтан Түркілердің ұтатын тұстары қандай екенін тарқатып айтқан дұрыс шығар. Сіздіңше, Түркілер бір одақ аясында бірігу арқылы қандай мүмкіндіктерге ие болады?

-Ең алдымен, мұндай одақ құру белгілі бір пайда үшін емес, бауырлас халықтың бірлігі үшін керек дер едім. Бір үйде өсіп, кейін жан-жаққа шашырап кеткен аға мен қарындас 20-30 жылдан кейін бас қосса, мұның астарынан материалдық мүдде, пайда іздемеу керек. Бұл біріншіден, рухани жағынан өте керек нәрсе. Әлем бірігіп жатыр. Түркілердің бас қосуы ең алдымен рухани жағынан қажет. Әрине, бұл бірігудің материалдық пайдалы тұстары да жоқ емес. Түркі мемлекеттерінің қайсысын алып қарасаңыз да, жер асты, жер үсті байлықтарға ие мемлекеттер. Стратегиялық орналасу жағынан да әлемдегі ең қолайлы жерде орналасқаны тағы бар. Біз алдымен рухани жақтан бірігіп, бақытты боламыз. Екіншіден, ортақ технологияларды бірге ойлап тауып, бүкіл адамзатқа пайдалы дүниелерді бірлесе отырып табамыз. Әлем тарихын еске түсірер болсақ, тарихтың өн бойы соғыстар мен қорғаныстардан тұратынын көреміз. Міне, осыған байланысты Түркілердің бірігуіндегі ең маңызды мәселе қорғанысымыз артатыны сөзсіз.

-Белгілі бір одақ құру туралы тек айтып қана қою жеткіліксіз екені мәлім. Сондықтан мысалы, сіз өзіңіз Тұран одағын құру үшін тұтас Түркілерге қандай қадамдар жасау керек деп ойлайсыз?

-Негізі, мемлекеттік деңгейде түрлі қадамдар жасалуда. Мысалы, Түркі кеңесі Түркілер арасындағы ең үлкен ортақ ұйым. Сондай-ақ, Түркілердің басқа да белсенді жұмыс атқарып жатқан ұйымдар бар. Солардың бірі, орталығы Қазақстанда орналасқан Түркі Академиясын айтуға болады. «Түріксой», «ТүрікПА» деген Түркілердің басын мемлекеттік деңгейде қосып жатқан ұйымдарымыз бар. Бұларды біз қадірлеуіміз керек және қарапайым халық тұрғысынан қолдау көрсетуіміз де керек. Біз Түркілер кеңесіне қолдау көрсеткен сайын Түркі мемлекеттерінің арасындағы қарым-қатынас нығая түседі. Бірақ осы Түркілер кеңесі, ТүрікСОЙ, ТүрікПА секілді ұйымдардың бір кемшілігін айтар болсақ, олардың жасап жатқан іс-шаралары көбінесе халыққа жете бермейді. Мысалы, бұл ұйымдар түрлі жиындар өткізуде, кітаптар шығаруда. Алайда мұның көбісінен халық хабарсыз. Меніңше, Түркілердің бірігуіне атсалысып жүрген ұйымдар халыққа ақпараттық тұрғыдан хабар беруді ұлғайтуы керек. Мұндай ұйымдарға халықтың белсене атсалысуынан ұйымдардың белсенділігі арта түседі деп ойлаймын.

-Жалпы, Қазақстанда Түркілер туралы тереңнен танып, білу үшін әсіресе жастарымызға ақпарат, білім жағы жеткілікті деңгейде беріліп жатыр деп санайсыз ба?

-Мысалы, өз басым Қазақстанды Түркияға үлгі етіп көрсетіп жүрмін. Қазақстанда Түркі әлеміне қатысты мемлекеттік деңгейде жұмыстар атқарылып жатқанын үнемі айтып жүремін. Мемлекеттік телеарналарда, радиоларда Түркілік сана-сезімді ақырындап енгізіп жатқанын Қазақстанда қатты байқаймын. Басқа елдермен салыстырғанда, Қазақстанда Түркілік сана-сезімді жеткілікті деңгейде сіңіріп жатыр деп санаймын. Қазақстанда Түркілер туралы ақпарат жеткіліксіз дегенмен келіспеймін. Қазір интернет заманында кез келген азамат өз қалауымен керекті ақпаратына қол жеткізуде. Өз қалауымен дегенге келер болсақ, КСРО кезінде коммунистік идеология мәжбүрлі түрде үйреткені есте. Керісінше, қазір қазақ жастары Түркілер туралы ақпаратқа еркін қол жеткізіп, өз қалауымен таңдау жасап жатқаны қуантады.

-Түркияда Тұран одағын құруға байланысты қандай да бір жұмыстар атқарылуда ма? Ең ірі, маңызды жұмыстарға тоқталып өтсеңіз.

-Түркияда Тұран одағын құруға қатысты мемлекеттік деңгейде қандай да бір жұмыс атқарылып жатыр деп ойламаймын. Түркияда да біз сияқты осы идеяға қызмет еткен адамдар өз тарапынан талпыныстар жасап жатыр. Мемлекет те біздің талпынысымызбен аттың басын сол Түркілердің бірлігі идеясына қарай бұрып жатыр. Бірақ жоғарыда айтып өткенімдей, ортақ мемлекеттік ұйым Түркі кеңесі  Қазақстан Республикасының Тұңғыш президенті Н.Назарбаевтың бастамасымен құрылды. Бұл жерде халықтың кез келген саяси талабы осындай дүниелердің пайда болуына ықпал ететінін анық байқауға болады. Демек, қазақ халқының талабына орай Түркі кеңесі атты үлкен ұйым дүниеге келді.

-Тұран одағын құруды қолға алдық делік. Алайда бұл одақты басқару мәселесі қалай болмақ? Сіз қалай ойлайсыз?

- Меніңше, Тұран одағы құрылса, Еуроодақ сияқты басқару жүйесін таңдаса болады деп ойлаймын. Мысалы, Түркі кеңесін бұған дейін әзірбайжан РамильХасенов басқарса, ал дәл қазір осы кеңесті қазақ Бағдат Әмреев басқаруда. Дәл осылай Тұран одағын да Түркі мемлекеттері кезектесе басқара алады, проблема тудыра қоймас еді деп санаймын. Ауыспалы басқару жүйесін енгізсе, ешбір елде реніш те болмайды.

- Түркілерді ең алдымен діни сенімдері біріктіре алады деген сөздер жиі айтылады. Сіз қалай ойлайсыз, Түркілерді біріктіретін ең басты дүние дінмен байланысты ма?

-Ең басты емес, бірақ ең маңыздылардың бірі дін деп алайық. Мысалы, Түркілердің 99 пайызы мұсылман дінін ұстанады. Сонымен қатар олардың бәрі Ханафи мазхабын ұстанады. Иә, біздің дініміз бір. Иә, бұл да Түркілердің бірігуіне ықпал етерлік бір мүмкіндік. Бірақ Түркілерді діннен бөлек, ең бірінші, ортақ тарихы, рухани құндылықтары, ұстанымдары біріктіреді. Дін тек белгілі бір фактор болуы мүмкін.

- Түркі әлемін танытуда жетіспей жатқан қандай тұстарды айтар едіңіз? Мысалы, ақпараттық, танымдық жұмыстары барлық Түркі елдерінде кең насихатталып, кеңінен жұмыс жүргізілуде ме?

-Иә, бұл мәселеге де позитивті тұрғыдан пікір білдірер едім. Мысалы, ортақ фильмдер қолға алынуда. Түркияда түсірілген Ертұғырыл сериалында қазақ киносының үлкен үлесі барын біле бермессіздер. Сол сериалдағы актерлерге атқа міну, күресуді қазақ мамандары үйретіп, жаттықтырған. Өткенде ғана Өзбекстан мен Түркия арасында тарихи, әдемі сериал түсірілді. Сонымен қатар, «Көктүріктер» деген үш сериялы тарихи фильм бар. Біз осындай мәдени шаралар арқылы тек Түркі әлеміне ғана емес, басқа елдерге де көрсете алатындай дүниелерді жасауда. Негізінен Түркі бірлігі тек сөз жүзінде ғана емес, іс жүзінде де көп шаруалар атқарылып жатқанын осындай жұмыстарға қарап баға беруге болады деп ойлаймын. Мысалы, өзім Түркілер туралы әлеуметтік желілерде, Ютуб арнамда үздіксіз насихат айтып, жұмыс жүргізудемін. Әрбіріміз осылай өз тарапымыздан үлесімізді қоссақ, Түркі одағының құрылуына да ықпал етер едік.

-Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рақмет. 

Сұхбаттасқан, Меруерт ХУСАИНОВА.

"Адырна" ұлттық порталы. 

Фотолар ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер