Жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Әнес Сарай дүниеден өтті. Қаралы хабарды алғашқылардың бірі болып ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева жеткізді.
«Бүгін халқымызға танымал дарынды жазушы, зиялы азамат, белгілі қоғам қайраткері Әнес Сарай ағамыз өмірден озды. Өкінішке қарай, уақыт алға жылжыған сайын алдыңғы буын аға-апаларымыз мәңгілік сапарға аттанып жатыр. Өмір бар жерде – өлім бар десек те, бұл – бір әулеттің ғана емес, әдебиет сүйер қауымы бар бүкіл қоғам үшін орны толмас ауыр қайғы болып отыр. Руханият саласына қатысты талай істе ағамыздың алдын көріп, ағалық ақылын тыңдап, жақын сыйластықта араласқан едік.
Ағамыздың жарқын бейнесі мен әдебиет әлеміндегі шығармалары қалың оқырман қауымның рухани олжасына айналып, халық жадында мәңгі сақталады.
Ағамыздың қазасына байланысты – Алтыншаш Жағанова апамызға және барлық ағайын-туыс, жақындарының қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамын»,-деді ол Facebook желісіндегі ресми парақшасында.
Әнес Төлендіұлы - жазушы, драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. 1937 жылы Ресейдің Астрахан облысы, Володарский ауданы, Кірмалай ауылында туған. «Егемен Қазақстан», «Жас Алаш» газеттерінде әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, «Жазушы» баспасында редактор, Қазақстан жазушылар одағында әдеби кеңесші болып қызмет атқарған. Ол Батыс Алашорда тарихын қамтитын «Еділ-Жайық» романының және Алаш козғалысына қатысты деректі материалдардың авторы.
«Адырна» ұлттық порталы