АСЫЛХАН МАМАШҰЛЫ: Ұлттық ғылым академиясын қайта ашу керек

1585

Басты қатырмай Ұлттық ғылым академиясын қайта ашу керек те, бүкіл ғылыми институттарды соған беріп, директорын, ғалымдардың өздері сайлайтын ету қажет. Өтірік академиктердің өз еркімен кетіп қалуына үш күн берсе жетеді.

Ауыл әкімін сайлау керек десе "ойбай, сепаратизм пайда болуы мүмкін" дейді.
Оқудың түбіне жеткен ғалымдарға өз институтының директорларын сайлауға неге мүмкіндік берілмейді? Оны неге министрлікте отырған комитет-сәмитеттің шенеуніктері тағайындауы тиіс? Шенеунік араласқан жер оңбайды.

Қазір мемлекеттің ғылымға бөлетін ақшасы жалпы ішкі өнімнің бір пайызына да жетпейді. Соны үш пайыз қылсын да Академияға, ғалымдардың өзіне берсін. Әрі қарай билік ғылым шаруасына араласпасын. Ғылым биліктен тәуелсіз болғанда ғана дамиды. Академия президенті тек Қазақстан президентіне ғана бағынышты болсын.

Қазір не? Ғылыми институт басшыларының күні топас шенеуніктердің қас-қабағын аңдумен өтеді. Әлгі шенеуніктер өзі сияқты біреуді директор қылса, институтың құрыды дей бер. Солай сорлап қалған институттар бар. Ол директордың ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс. Онымен қоймай орта мектеп оқулығының бәріне автор болып, қыруар ақша алып, балаларымызды сауатсыз қылып жатқан директорлар да бар. Ұялса қайтеді?

Ғылыммен айналысады деген ғалымдар институтта азғантай ақшамен амалдап, жоғары оқу орына зыр жүгіріп, нәпақа тауып жүр. Ғылыми зерттеуші тоқ болуы керек. Аш ғалым жалтақ болады, директор, ректор не айтса соны істейді. Өзі сияқты жалтақ, жағымпаз студенттер әзірлеп шығады. Жоғары оқу орындарының ректорлары құдай емес, құдайдан былай да емес. Бұлар оқу орындары емес, бар болғаны ректорлардың бизнестері ғана. Еріккен ректорлар Африкаға барып, арыстан аулайтын деңгейге жеткен.

Бүкіл жоғары оқу орындарын да министрліктен қаржыландырмай, жекеге жібере салу керек, онсыз да әркімнің қалтасында жүрген нәрсе, өз күндерін өздері көрсін, тараса тарап кетсін. Білім министрлігі орта мектептермен ғана айналысса жетеді. Анау Асхат бүгін бірінші сыныптың, ертең академиктің мәселесімен шұғылданып отырады. Асхаттың басы алтын болса да оның бәріне бірдей жетпейді. Осы министрлікке қарайтын Білім бірдеңесі, білім сірдеңесі деген қаптаған паразит мекемелерді жедел жауып, білім саласын ақша көзіне айналдырған өтірік олимпиадаларды дереу тоқтатып, оқулықты үздік мұғалімдерге қарапайым, түсінікті тілде жаздырту керек, болды.

Пікірлер
Редакция таңдауы