Қарадала – гран-при иегері!

1962
Adyrna.kz Telegram

Сүйінші, ағайын! Күні кеше ғана ұлы Абайдың «Ескендір» поэмасын сахналап, тұсауын кескен «Қарадала халық театры» топ жарды. Фестивальда гран-приді иеленді. Анау-мынау фестиваль да емес, Германияның Франкфурт-на-Майне қаласында өтетін Халықаралық көпжанрлы конкурс-фестивальде дәл сол бас жүлдені қанжығаларына байлады.

«Қарадала халық театрының» ашылуына мұрындық болып, алғашқы қойылымның режиссеры болған "Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері",Режиссер, театр және кино актері Асқар Наймантаев бұл фестиваль туралы өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында Қарадала халқынан сүйінші сұрап, ақжолтай хабарды жеткізді. Айтпақшы, бұл байқауда біздің аудандық театрдың алдында ғана қайта құрылған «Хантәңірі халық театры» да жүлделі болған. Тел құрдайтай өнерге қатар қадам басқан көрші екі ауданның театрларының бірі гран-при, енді бірі бірінші орынды иеленген. Елімізде емес халықаралық дәрежедегі сында оза шапқан біздің өнер ордалары көптің таңдайын қақтырған секілдді. Ол туралы Асқар ағамыздың өз сөзінен мысал келтірелік.

«Германияның Франкфурт-на-Майне қаласында өтетін Халықаралық көпжанрлы конкурс-фестивальге қызыққан себебім, кәсіби ғана емес әуесқой, студенттік тіпті балалар театрлары да қатыса алады екен. Шартын түгел орындап, екі театрды өткіздік. Қатысу жарнасы да төленді. Оны Райымбек және Ұйғыр аудандық мәдениет үйлерінің директорлары тапты. Жетпегеніне қол ұшын берген азаматтар болды.

Екі театрдан басқа кәсіби драма театрлары, Қырымнан музыкалы театр, Кипрден Dell Art театры, бірнеше пластикалық, екі әдеби театр, бір хор театры және театр-студиялар, балалар театры қатысты. Қазылар алқасы Германия, Ресей, (С-Петербург, Мәскеу, Волгоград), Белорусиядан болды. Германиялық қазылар музыка және театр мамандары екен. Театр номинацияларын талқылау ГИТИС (Россиский институт театрального искусства) шеңберінде басталды. Біздің спектакльдер Европалықтарға тың тақырып болғандықтан сұрақ көп болды. Абайдың "Ескендір" поэмасын Е. Винокуров деген аударған екен, гуглдатып соны тауып алып жібергемін. Ескендір туралы бірнеше аңыз білетіндерге жаңалық болды. Волгоград институтының бір ұстазы бұл шығарма мен спектакльді ғылыми еңбек жазатын тақырыбы етіп алатын болды. Ал, Мұқағалидың "Аққулар ұйықтағанда" шығармасын мен өз сөзіммен қысқаша мазмұндап жазып жіберген едім, оны неше саққа жүгірте талдап, әркім өзінше пәлсапа құрып, тамсанды. Екі спектакльде де ән аз болып қалды дегенді де айтып қалды бірі. Айтылған әндердің мазмұнын сұрап, әуен ерекшеліктерін сөз етті.

Бәсекеге түскен спектакльдер: А. Островскийдің "Таланттар мен табынушылары", Антуан де Сент Экзюперидің "Кішкентай ханзадасы", Гогольдің "Өлі жандары" және бір мюзикл болды. Басқалары студенттер, балалар театры және театр-студиялар.

Қазылар алқасы бір ауыздан екі спектакльге қол көтеріпті. Таңдауды өзіме артқандай сұрақ қойды : "Қайсысы алға шықсын?" - деп. Өзіңмен өзің бәсекеге түскен қиын болады екен. "Екеуі бірдей" дедім ұялмай. Тек Гран-при жалғыз болады деп, соңынан жеребе арқылы Қарадала "Гран-приге", Хантәңірі І-ші орынға, (І-ші дәрежелі лауреат) ие болыпты».

Міне, күні кеше ғана ашыла сала құлашын кеңге сермеп, қанатын кең жайып, ауылдың ғана емес елдің атын дүркіреткен қос театрдың жеңісі құтты болсын! Қарадаланың өнердегі қарлығаштары өздерінің мықтылықтарын, талант екендіктерін дәлелдей алды. Қуаныш құтты болсын, Қарадалам!

 

Қарадалалықар

 

Пікірлер