Сүндеттеу рәсіміне заңмен тыйым салмақ па?

3038
Adyrna.kz Telegram

Мәжілісте қаралып жатқан «Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы» заң жобасы қоғамда қызу талқыға түсіп жатыр. Не нәрсе болса да, құба төбел орта жолды ұстанғанымыз жөн деп ойлаймын.

Соңғы кезде қоғамымызда отбасылық зорлық-зомбылықтың артып отырғанын естіп-біліп жатырмыз. Әсіресе, карантин кезінде үйде қамалған отбасы мүшелері арасында түрлі түсініспеушіліктер орын алып, аяғы отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа, әлімжеттікке, көк-ала қойдай етіп сабауға ұласып жатқандығы бәрімізді алаңдатады. Сондықтан осындай шектен шыққан зорлық-зомбылықтың алдын алуға бағытталған заңның болғаны жақсы.

Бірақ заңды қатайтамыз деп кез-келген отбасында болатын кішігірім жан-жалды желеу етіп, шаңырақты шайқалтуға болмайды. Ата-ананың тәрбиелік мақсатта балаларына қабақ шытып, нұқып қалғаны үшін де ата-ананы жауапқа тартуға апаратын кез-келген заң да шектен шығушылық, қазақы тәрбиеге жат әрекет. Жас ұрпақты бетімен кетуге, не болса соны желеу етіп ата-анасына қарсы шығуға жетелейтін теріс тәрбие.

Отбасында өзара шешілетін мәселені 111 номеріне қоңырау шалу арқылы шешуге бағыттау көп жағдайда отбасы мүшелері арасындағы кешірілмейтін суық қарым-қатынасқа себеп болуы мүмкін. Қателікке ұрынып, бұзық жолға бара жатқан баласына көпшілік ата-ана өктем сөйлейді. Жаны ашығандықтан "мұның жарамайды" деп күшпен бөгет болуы да мүмкін. Бірақ эмоциялар басылғанан кейін бір-бірін кешіріп, ары қарай сыйластықпен өмір сүре береді. Қазақта ешбір бала әкесінің мұндай әрекеті үшін сотқа бермеген. Өйткені дені дұрыс ешбір ата-ана баласына жаманшылық тілемейді. Сондықтан діні мен ділі бөлек шетелдің тәжрібиесін түгелдей елімізге әкелу үлкен қателік.

Ұсынылған заң жобасының 5 - бабының 11-ші тармағындағы:

"Адамның құқықтары мен бостандықтарына қысым жасайтын және отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ықпал ететін әдет-ғұрыптар мен дәстүрлерді болғызбау." деген жерін қалай түсінуіміз керек? Нені меңзейді?

Мұсылман халық ретінде ер баланы сүндетке отырғызу дәстүрімізден ойып тұрып орын алған жақсы ғұрпымыз. Мұндай салтымызды зорлық-зомбылыққа жатқызуға ыңғайлы кез-келген заң ұлттық құндылықтарымызға жасалған шабуыл. Осыдан абай болуымыз қажет.

Осы орайда мәжіліске барған су жаңа депутаттарымыз ұсынылған заңның шаш емес, бас алатын тұстарын қайта қарап, ұлттық болмысымызға, менталитетімізге қайшы келмейтіндей етіп өзгеріс енгізулері қажет. Бәлкім шектен шыққан, қасақана жасалған әлімжеттік, зорлық-зомбылық белгілерін нақтылап заңда көрсеткен дұрыс болар.

Заңға қатысты қоғам алаңдаушылығын ескеру керек.

Қайрат ЖОЛДЫБАЙҰЛЫ, дінтанушы, ғалым.

Пікірлер