ҚУАНЫШ ЕДІЛХАНТЕГІ: Біз кеудесінен итерген адамды шведтер бауырына басты

2824

Сайрагүл Сауытбай туралы ролик пе, әлде қысқа метражды фильм бе, сондай бірдеңе көрдім. Сонда ол екі елдегі демократияны, Азия мен Еуропаны, Қазақстан (немесе Қытай) мен Швецияны салыстырады, біздің қаншалықты артта қалғанымызға іші удай ашиды. Балтық теңізінің жағалауында емін-еркін қыдырыстап жүр, ешкім мазаламайды. Жұмысқа тұру үшін швед тілін білуі керек екен, қазір біршама үйреніп қалған. Әсіресе балалар тез үйренуде дейді. Тіл үйрену курсы, жататын жері, тамағы - бәрі тегін.

Елім деп арып-ашып, шекараны бұзып-жарып келгенде біз өңменінен кері итеріппіз. Әйтеуір Қытайға кері ұстап бермеппіз, бірақ босқын мәртебесін де бермеппіз. Ол деген... кез-келген уақытта, абыр-сабыр, ажиотаж басылып, саябырсығанда кері қайтарып жіберу де мүмкін деген сөз ғой, үнемі қорқынышта қалай өмір сүрерсің, ол мүмкін емес қой.

Ол да ештеңе емес, менің жүрегімді ауыртқаны - мен осында жақсы өмір сүріп жатсам да Қытайда қалған бауырларымды, жазықсыз жандарды ойлағанда, еш кінәсі жоқ түрмеге тоғытылғандардың жәутеңдеген көз-жанарлары көз алдыма келгенде өзімді қоярға жер таппаймын дегені болды. Міне шын жанашыр адамның сөзі. Шетелде жүрсе де ол толық бақытты бола алмайды, ол мүмкін емес, өйткені ол өз жерін ойлайды, түрмедегі жазықсыз жапа шеккендерді ойлайды. Тек ойында дым да жоқ, мисыз жандар ғана бақытты, күліп-ойнап жүруі мүмкін, өйткені басқалардың қолы жетпей жүрген Еуропа елінің төрінде өмір сүріп жатыр ғой.

Осы ой менің кешегі өткен сайлаудан кейін ұнжырғамды түсіріп жіберді. Қараңызшы, кешегі депутаттар халықтың сенімін ұрлап депутат болып алды. Бірден-ақ халықтың есебінен күн көре бастады - қымбат қонақ үйге орналасты, қымбат төсбелгіні кеуделеріне тақты. Осы мен ұрлық жасадым-ау, ұят болды-ау деген ой қаншасының басына кіріп-шыққанын кім білсін, бірақ көбі өзін-өзі ақтауға кіріскен де болар - біздің не кінәміз бар, біз емес қой сайлауды өткізген, сайлап жатса біз қайтейік деген сияқты.

Солайына солай да шығар, кім біліпті, бірақ... екі ауыз антты жаттай алмай тұрғандардан пәтуалы іс күту дұрыс бола қояр ма екен?

Оларды бірден халықтан бөлектеп, сендер енді басқасыңдар, адам қатарындасыңдар дегендей, жем шаша бастады. Қаншасы сол құрулы қақпанға барып түседі - кезінде көрерміз, бірақ мәжілісті орысша бастағанына қарап-ақ олардың көбі сол қақпанға барып түседі-ау деп түсінген дұрыс шығар.

Пікірлер
Редакция таңдауы
Серіктестер/Партнеры
Студия IMA - создание сайтов Доставка цветов Астана - Lova Buket