Жолдасбек, футбол және «Москвич»

1125
(Осыдан отыз төрт жыл бұрын журфактың студенті Жолдасбек Дуанабайдың стадионда лотереядан көлік ұтып алғаны есіңізде ме?)
Ала доптың аламаны десе, алдымыздағы ішкен асымызды жерге қоятын жанкүйер едік. «Қайрат» ойнайтын күні қалың жұрттың нөпірі Алматының Орталық стадионы орналасқан Абай көшесіне сыймай, Медеуден құлаған селдей лықсып бара жататын. Әсіресе мына бір жойқын бәсекеге сол уақытта республикалық басылымдарда өндірістік тәжірибеден өтіп жүрген курстастарымның тайлы-тұяғы қалмай барғаны есімде.
Сонымен... 1987 жылдың 20 тамызы. Бейсенбі. Сағат 19.00. Аумағы ат шаптырым стадионда ине шаншар орын жоқ: 30 000 жанкүйер иін тіресе сығылысып отыр. Оның екі себебі бар. Біріншіден, «Қайрат» осының алдындағы екі жыл бойы футболдан КСРО чемпионатында көш бастап, ол – ол ма, Еуропаның азулы клубтарын шетінен тас-талқан етіп жеңген Киевтің «Динамо» командасымен күш сынасады. Екіншіден, бұл аламан «тойға» допша домалап келген «қу бастың» әрқайсысы қолына мөр басылған қос қағаз ұстаған: бірі – спорт аренасына кіріс билеті, келесісі – лотерея билеті...
«Қайрат» әдетте жаңбыр жауған кездері айырықша «арқаланып», кез келген қарсыласын тізе бүктіретін. Ырым-жырымға сенетін жанкүйерлер әрдайым қолшатырларын сайлап қоятын. Бірақ бұл күні көк жүзі шайдай ашық болып, көңілімізге күдік ұялатты. Әйтпесе, украиналық мына атақты команданың «қайраттықтардан» әбден жүрегі шайлығып қалғаны рас. Өйткені Алматыда бұған дейін өткен 10 ойынның біреуінде ғана жеңіске жетіп, бесеуінде тең ойнаған және төртеуінде ұтылып қайтқан. Қысқасы, елу күн бұрын Киевте болған тайталас секілді, бұл жолы да Тимур Сегізбаев пен Валерий Лобановскийдің командалары итжығыс түсті. Есеп тағы да: 1:1. Мәскеуде шығатын «Советский спорт» газетінде ертеңіне бұл ойын туралы «Мүмкіндіктер зая кеткен 90 минут» атты репортаж жарияланды. «Гол соғатын сәттер ас та төк болған, шиеленісті мезеттер алма-кезек ауысқан матч қызықты қойылымға айналды, - делінген онда, - Екі команда да жеңіске барынша ұмтылып бақты, қай-қайсысы да оған таяу тұрған кездер болды, бірақ тең есеп – ойынның әділ нәтижесі».
Әрине, алдымен опық жеген, «мүмкіндіктері зая кеткен» – киевтік «Динамо». «Қайраттың» қайрат танытқандығы соншалық, алдыңғы жылдары Еуропаның ең үздік футболшылары атанған, бірақ мына ойында аяқтарын мүлде жаза алмаған Олег Блохин мен Игорь Белановты украиналық жаттықтырушылар алғашқы таймнан кейін басқа ойыншылармен ауыстыруға мәжбүр болды. Әрі қарай олардың да мандытқаны шамалы. Сөйтіп, құрамында қазақ топырағында туып-өскен талантты орыс, украин, шешен, корей, грек, неміс, татар, белорус жігіттері ойнайтын, бірақ ұлтымыздың намысын жыртқан нағыз интернационалдық клубқа айналған «Қайрат» мықты қарсыласын осы матчтың нәтижесінде чемпиондық аңсардан айырды.
«Әттең, - дедік, - мына ойынға Пеха қатыса алмады. Әйтпесе анау қақпашы Чановтың көкесін көзіне көрсетер еді». «Пеха» деп отырғанымыз – «Қайраттың» даңқты шабуылшысы Евстафий Пехлеваниди. Былтыр, яғни 1986 жылғы 3 қыркүйекте осы стадионда осы қарсыластың қақпасына тура ойын басталған бетте, 10-ыншы секундта гол соғып, КСРО футбол чемпионатының 55 жылдық тарихында қайталанбас рекорд жасағанына және жанкүйерлерге жеңіс сыйлағанына куә болғанбыз (Түптің түбінде еңбектің еш болмай еленгені қандай жақсы: өткен жылы Қазақстан Президенті Қ.Тоқаев оны 2-дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады).
...Міне, араға бір ай салып, тағы да стадионның төрінде отырмыз. Қыркүйектің 25-і. Қасиетті жұма күні.
«Қайраттың» бұл жолғы қарсыласы – Минскінің «Динамосы». Украиналық әріптестері секілді атағы жер жарған команда емес, әрине. Соған қарамастан спорт аренасына 22 мың жанкүйер жиналған. Айқас өтетін алаңға, содан соң стадионның күнгей бетінде тізіліп тұрған, заттай ұтысқа тігілген бір «Жигули» мен екі «Москвичке» үздіге әрі үміттене көз қадаған осы көпшіліктің ішінде біз де бармыз.
«Біз» дегенім – өзім және үш курстасым. Оның екеуі – Өскен (Өсімхан) Пістебеков мен Қуаныш Сабыров үшін кіріс билеті де, лотерея билеті де таңсық емес. Былғары мен біз қадірін білетін етікшілердей, футболдың сыры мен сипатын терең түсінетін жанкүйер студенттер. Байқауымша, оларға лотерея – жәй ермек, «Қайрат» ұтса болды. Ал енді Жөкең, яғни Жолдасбек Дуанабаев ше? Жасыратыны жоқ, бір доптың ізінен жүгірген 22 «ақымаққа» күле қарайтын одан бәріміз жабылып жүріп «жанкүйер» жасап алып, додаға үгіттеп әкелдік.
Бұл – өз оқу тобының старостасы болған Жөкеңнің университет аудиториясынан тысқары жерде қолға түсе бермейтін кезі. Журфактың №5 жатақханасы кейде оған бір түнеп шығатын қонақ үй секілді. Түн ортасы ауа бөлмелестері ұйқыға кіріскенде, жазу үстелінің басында құйттай шамның жарығымен әлденені өндірте шимайлап жатады; әлгілер таңертең сабақтан қалып қоймайық деп апыр-топыр оянғанда, мұның тап-тұйнақ, моп-момақан жинаулы тұрған төсегін көреді. Бұл уақытта Жөкең өзі жұмыс істейтін «Қазақстан пионері» газетінің редакциясына жетіп үлгеріп, кезекті мақаласының қолжазбасы салынған пәпкені қолтығына қысқан күйі машбюроның есігін күзетіп отырған болар деп топшылайды. Ал енді бар ғой, жер-жаһандағы ақпараттың бәріне құлағы түрік жүретін және қалам сілтемейтін тақырыбы жоқ – елгезек, еңбеккеш Жөкеңнің бір «олқылығы» бар-ды. Ол – спортқа тосаңдығы. Осыны «түзетудің» сәті келді...
Сөйтіп, ұлардай улап-шулаған жанкүйер қауым жеңіске жеткен өз футболшыларын «жарайсыңдар» деп қошеметпен шығарып салған соң, бәрі сап тыйылып, «үшінші тайм», яғни лотерея ойыны басталды. Кассадағы кіріс билеттерінің тапшылығына байланысты, бізге орын әр жерден бұйырған болатын. Стадионның батыс трибунасында Өскен екеуміз қатар отырдық та, Жөкең мен Қуаныш алысырақ басқа жерде жайғасқан. Әуелі тоңазытқыш, телевизор, т.б. «ұсақ-түйек» заттар жеңімпаздарға үлестірілген соң, кезек «Москвич-2140» көлігіне келді. Ұтысқа шыққан лотерея билетінің нөмірі мен сериясы дауыстап хабарланды. Әр цифр айтылған сайын билетімізге үңілеміз.
Міне, ғажап! Нөмір, серияның бірінші, екінші, үшінші, төртінші... сандары сәйкес келіп жатыр. Бесіншісі де... Өскен екеуміз бір-бірімізге қарадық. Қап, ә... соңғы алтыншы цифр мүлт кетті. Екеумізде де... «Меніңше, Жолдасбек ұтқан сияқты», - дедім. «Иә», - деді Өскен. Айтқанымызша болған жоқ, орындарынан мойындарын созып, көтеріле дүрліккен жанкүйерлердің арасындағы сатылы жолды қақ жарып, одан әрі милиционерлердің құрсауынан кедергісіз өткен өзіміздің Жөкең шамдары самаладай жарқырған үлкен стадионның қоңыр түсті жүгіріс жолағында балаша томпаңдап бара жатты. Бағасы – бір сом, олжасы – 7 500 сомдық машина боп шыққан қағазды ұстаған оң жақ қолын жоғары көтеріп, айналаға қарата бұлғап-бұлғап қояды. «Бақытты билеттің иесі табылды!» деп сүйінші сұраған диктордың даусы саңқылдайды.
Көп ұзамай таблодағы «Қайрат» - «Динамо» 2:1. Доп соққандар: Волкович, 54 минут; Найдовский, 67,83 минуттар» деген жазу өшіп, оның орнын «Москвич-2140» көлігі, ҚазМУ-дің студенті Жолдасбек Дуанабаев. Құттықтаймыз!» сөз тіркестері басты... Әсерімізді сөзбен жеткізу қиын! Жолдасбек Дуанабаев пен оның шашбауын көтеріп жүрген біз үшін «Қайрат! Қайрат!» деп тамақ жырта айқайлаған 90 минутымыз зая кетпепті.
Доп теппейтіні секілді, ол заманда Жөкең көлік те айдамайтын. Есесіне, Қуаныш тәжірибелі жүргізуші боп шықты. Сол себепті, әуелі Жөкеңнің «Москвичінің» жолы «Тастақ» ықшам ауданына түсті. Қуаныштың отбасымен тұрып жатқан пәтері сол аймақта еді. Оның кісіге мейірі шексіз анасы ақ батасын беріп, қазанға ет салғызды. Қуаныштың келіншегі де инабат танытты, ал балалары үйіне үлкен ойыншық келіп қалғандай мәз болды. Жолшыбай сатып алған «шампанымыз» да үстел үстінен орнын тапты... Қысқасы, не керек, ас-ауқаттан кейін Жөкең мен оның көлігі басқа тұраққа кетті де, Өскен екеуміз Қуаныштың үйінде қонып қалдық.
Кейін курстасым, өмір бойы журфакта дәріс оқып келе жатқан Шәрипа Нұржановадан білгеніміз, Жөкең Меркіге дереу жеделхат жолдаған. Ондағы мақсаты – көлікті ауылға беріп жіберу. Қант қызылшасының науқанында жүрген туған ағасы Айтжан жұмыстан сұранып, Алматыға аттанған. Ол үш жүз елу шақырымнан астам жолды артқа тастап, таңертеңмен жетіп келсе, су жаңа «Москвич» Жөкеңнің жақын ағасы, белгілі журналист Оңдасын Әміреқұловтың «Самал» ықшам ауданындағы үйінің алдында тұр екен. Көліктің ішінде Жөкеңнің өзі және тағы бір «бала» алаңсыз ұйықтап жатқан көрінеді. Мәшиненің әйнегін ақырындап шертіп қараса, олар ояна қоймапты. Шамасы, түнгі күзет біразға дейін көз шырымын оңайлықпен алдырмаса керек.
Жөкеңмен бірге көлікке қонған «баланың» жайы да енді белгілі болды. Ол – бүгінгі «Жас қазақ» газетінің бас редакторы, Президент сыйлығының иегері, танымал журналист әрі шебер футболшы Срайыл Смайылов. Тап сол күні белгілі бір себептермен «Қайраттың» ойынына бара алмай қалған оны Жөкең жатақханаға арнайы соғып, ертіп алып кеткен.
Ағасы Айтжанның айтуынша, Жөкеңнің «Москвичін» ол ауылда жеті жыл мініп, содан соң «УАЗ»-ға айырбастаған.
Жөкең қолы қалт еткенде ауылына барып тұратын. Туған жеріне шеккен әр сапарында Аспараның қасиетті суын құтыға толтырып әкеліп, жұртқа дәм татқызатын. Оның жүрген жері сондай ізгі амалға толы еді.
... Ал көліктің «тағдырын» көзі тірісінде ешқашан қазбалап сұраған емеспіз.
Амантай ШӘРІП
Пікірлер
Ұқсас жаңалықтар