Алматы тарихы туралы мұражай ашылады

2380
Adyrna.kz Telegram

Орталық коммуникациялар қызметінде «Қуатты  өңір –  қуатты Қазақстан» акциясы аясын­да Алматының  Астанадағы күндеріне  арналған баспасөз  мәслихаты өтті. Онда «Өзінің ғылым, білім және мәдени  әлеуетін сақтай отырып, Алматы қаласы еліміздің қаржы және туристік орталығына айналды. Қазақстан экономикасының 16 есе өскенін ескерсек,  осынау жылдар ішінде Алматының  да ерекше қарқынмен  дамығанын  көреміз. Алматы өзінің даму барысында орасан зор табыстарға жетті. Егер еліміз Тәуелсіздігін жаңа алған 90-жылдардың басында Алматы республика ІЖӨ-нің тек  он бөлігін ғана қамта­ма­сыз етсе, бүгінгі таңда мегаполис әлеуеті ел экономикасының бестен бір бөлігін құрайды», –  деп атап өтті, Алматы қаласы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев.

 Одан әрі өз сөзінде  90-жылдардың орта­сында Алматыда  1415 коопе­ратив болса, қазіргі кезде мегаполисте 180 мыңнан астам кіші және орта  бизнес субъектілерінің жұмыс істейтіндігін, сөйтіп, кәсіпкерліктің 130 есеге өске­нін айтты. Осыған орай, Бүкіләлемдік «Doіng Busіness» банкінің таяуда жариялаған, негізінен, Алматының көрсеткіші бойынша есептелетін рейтингінде  Қазақстан 16 позицияға жоғары көтеріліп, 35-орынды иеленгені ерекше ескерілді.

Баспасөз мәслихаты барысында А.Қырықбаев шаһар экономикасы­ның қарқынды дамуы арқасында Алматы бюджетінің тең жартысы  жұмсалатын әлеуметтік салада пәр­менді  әрі жүйелі шаралардың жүзеге асқанын айтты. Атап айтқанда, жыл басынан бері Алматы қаласында 15 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылған. Бұл ретте, тек қана мүге­дектерге әлеуметтік қолдау көрсету үшін 1,8 млрд. теңге жұмсалды. Ал бұл өткен жылмен салыстырғанда 40 пайызға көп деген сөз.

 

Қала әкімінің  орынбасары өзінің сөзінде, басты тұжырымы қаланы одан әрі дамыту, қалалықтардың өмір сүру деңгейін жақсарту, әр адамға қамқорлық көрсету болып табылатын «Алматының 2020 жылға дейінгі Даму бағдарламасында мұның барлығы нақтылы көрініс тапқанын айтты. Сондықтан, бұл бағдарлама бес институционалды реформалардың, «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының әлеуеттерін айқындай түседі. Осы ретте «Нұрлы жол»  бағдарламасы аясын­да мегаполисте соңғы 9 айдың ішінде 4500 орынды қамтитын 5 мем­лекеттік және 119 жеке балабақша­ның ашылғанын, 1800 оқушыға арналған жалпы білім беретін нысандардың іске қосылғандығын, мектептер мен 2400 орынға арналған қосалқы нысандар құрылыстарының жүріп жатқанын атап өтті.

Алматы қалалық  Кәсіпкерлік және индус­триалды-инновациялық даму басқар­масының басшысы Алмас Мәдиев үстіміздегі жылдың 10 айында «Биз­нестің Жол картасы-2020» бағ­дар­ламасы бойынша оңтүстік аста­нада 239 жобаның қолдау тапқанын, бұл өткен жылдың осы кезеңімен  салыстырғанда 2,5 көп екенін айтты.

 

Бұдан кейін ОКҚ-де өткен брифинг барысында Алматы қаласы Даму орталығының басшысы Жанна Төлегенова  концепциясы қала тұр­ғын­дарының қалауына негізделген «Smart Cіty» жобасын енгізудегі алма­тылық биліктің жоспары туралы айтты. Бүгінгі күні КБТУ мен ІDC Central Europe сынды серіктестермен бірге Smart Almaty жобасының кон­цепциясы мен шеберлік- жоспарының жасалып жатқанынан хабардар етті.

Алматы қаласы әкімінің орын­басары Арман Қырықбаев баспасөз мәсли­хатын қорытындылай келіп, қала билігінің Алматыны тек жоғары технологиялы мегаполис қана емес, дәстүрі  мен тарихы  берік сақ­талған әрі өзіндік ерекшелігі бар шаһарға айналдыруды жоспарлап отыр­ғанын айтты. Бүгінгі зама­наға сай әлемде тарихи-мәдени мұра креа­тивтілік пен инновацияның, жаңар­ған қаланың  киелі көзіне айналған. Осыған орай, биыл Алма­тыда еліміздегі алғашқы «Алатау» дәстүрлі өнер театры, дәстүрлі музы­каның мультимедиялық орталығы ашылды. Бұдан басқа, жыл аяғына дейін Алматы  қаласының тарихы туралы жаңа мұражай есігін айқара ашатын болады.


 «АДЫРНА».

 

 

 

Пікірлер