Шымкенттік белсендінің үйіне тінту жасалып, өзін ұстап әкетті

1008

6 қаңтарда Шымкент қаласының Қаратау аудандық полиция басқармасына оннан астам адам жиналып, бірнеше сағат бұрын үйіне тінту жүргізіліп, өзі ұстап әкетілген белсенді Нұржан Мұхаммедовті босатуды талап етті. Белсендінің әйелі Бағила Текебаеваның сөзіне қарағанда, тінту 6 қаңтар түске дейін болған. Бұл туралы «Адырна» ұлттық порталы Азаттыққа сілтеме жасап хабарлайды.

- Көршімнің бәрі "ойбай, [үйіңнің алдында] он мәшінеден артық көлік тұр. Есік алдында милиция қаптап кетті" деп хабарласты. Бала-шағамның бәрінің телефоны өшіп қалған. Сосын жүгіріп, такси жалдап, үйіме барғанша, бұлар алып кетіп қалған. Үйге кіріп, есікті ашсам, балаларым "әкемді әкетіп қалды" деп шырылдап тұр. Үйдің бәрін шашып кеткен. Қорқытқан, - деді белсендінің әйелі Азаттық тілшісіне.

Сәрсенбі күні түстен кейін полиция басқармасының алдына жиналған адамдар полиция қызметкерлерінен Мұхаммедовті қандай негізде ұстап әкеткенін түсіндіруді талап етті. Ғимарат сыртында "босатылсын!" деп те айқайлады.

Кейінірек тұрғындар алдына шыққан кезекші прокурор Фараби Айтымбетов белсенді Нұржан Мұхаммедовті Қылмыстық кодекстің 405-бап 1-бөлігі бойынша ("тыйым салынған ұйымның ісіне араласу") тергеп жатқанын айтты. Прокурордың айтуынша, бұл іс бойынша Мұхаммедовке күдікті статусы берілген. Бірақ ол оны қашан босататыны туралы сұраққа жауап бермеді.

46 жастағы Нұржан Мұхаммедов әйелі және кәмелетке толмаған бес баласымен бірге Шымкенттің Қаратау ауданындағы Қайнарбұлақ саяжайында пәтер жалдап тұрады. Ол бұған дейін "саяси тұтқындарға бостандық" талап еткен жиындарға қатысып, Қытай экспансиясына, жердің сатылуына қарсы шыққан. Сол үшін бірнеше рет әкімшілік жауапқа тартылған. Сот оны "заңсыз митингілерге" қатысқаны үшін бірнеше рет 5 күннен 15 күнге дейін қамаған. Қараша айында белсенді "полицияға тіл тигізді" деп айыпталып, 220 мыңнан астам (80 айлық есептік көрсеткіш) айыппұл алған.

2019 жылы қараша айында белгісіз біреулер саяси көзқарасын ашық айтып жүрген белсендінің ауласында тұрған жеке көлігінің айнасын шағып, жүргізуші орындығына иттің басын тастап кеткен. Ол мұны азаматтық белсенділігімен байланыстырған. Бұл туралы полицияға арыз түсіргенімен, әлі күнге иттің басын кім тастағаны анықталмады.

Қазір Шымкентте Мұхаммедовтен бөлек, кемінде үш белсенді: Ерлан Файзуллаев, Мұрат Аштаев, Нұржан Әбілдаев 405-бап бойынша күдікке ілініп, үйқамақта отыр. Кейбір мәліметке қарағанда, жалпы республика бойынша бұл баппен күдікке ілінгендер 150-ге жуықтайды. Құқық қорғаушылар мәжіліс және мәслихат сайлауы қарсаңында белсенділерді қудалау күшейіп, тінту көбейгенін айтады.

Пікірлер
Редакция таңдауы