Ресей күмәнді вакцинасын да бізге тықпалауда ма?

1697

Қазақстанда 10 миллион адамға COVID-ке қарсы вакцина салу жоспарланып отыр. Ел халқына ресейлік «Спутник-V» вакцинасы салынбақ. Алайда бұл екпе туралы басқа елдердің ұстанымы қандай?

Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың айтуынша, Қазақстанда вакцина салынатындар 18 жас пен 60 жас аралығындағы азаматтар болмақ.  Сондай-ақ, министр ресейлік  «Спутник V» вакциналарының екі миллион дозасын алу туралы келісім бар екенін атап өтті. Ол Қазақстанға субстанция түрінде жеткізіледі және кейіннен Қарағанды фармацевтикалық зауытының базасында өндіріледі екен.

Сонымен Цой сөз еткен вакцина қандай вакцина, ең алдымен осыған тоқталып өтсек. «Спутник-V» вакцинасы ә дегеннен қабылданбай, қарсылыққа ұшыраған екпе болатын. Ең алдымен бұл екпені Еуроодаққа мүше елдер «керексіз дүние» деп бағалап, кері ысырды. Артынан АҚШ та COVID-тің алдын алады деп Ресей өндірген вакцинаны келеке етіп, «мұндай екпені тіпті маймылдарға да салдырмас едік», деп мәлімдеді. Ал ресейлік БАҚ бұл вакцинаны дәп бір жер планетасының барлық елі сұрап, алып жатқандай етіп көрсетіп, ақпаратты бұрқыратып жатыр.

Диалог.UA. ақпараттық сайтының хабарлауынша, ресейлік вакцинаны санаулы ғана ел сатып алған. Онда да сынақ жасау үшін екпені аз ғана мөлшерде алып жатқан көрінеді. Неге? Себебі, сенім жоқ. Ресейде әлем білетін иммунологиялық мектеп те жоқ. Сондықтан Ресей Федерациясы иммундау үшін шынымен сапалы дәрі жасай алмайтыны бесенеден белгілі. Тіпті ресейшіл векторда өз саясатын құрған елдер де ресейлік вакцинаның клиникалық сынақтарының толық аяқталуын күткенді жөн көреді немесе қазір вакцинаны басқа өндірушілерден сатып алуда.

Мәселен, Түркия Ресей вакцинасын ДДСҰ сертификаттағанға дейін-ақ қабылдамады және sinovac Biotech Қытай вакцинасын сатып алуға келіскен. Бұл қытайлық екпенің де ДДҰ сертификаты жоқ, бірақ клиникалық сынақтардан өткен. Қазір ресейлік үгіт-насихат ақпарат көздері Венгрияның, Сербияның және Венесуэланың "Спутник-V" ресейлік вакцинасын жаппай сатып алып жатқанын жарыса жазуда. Ал шындығында, Венгрия клиникалық зерттеулер үшін 5 мың дозадан аспайтын вакцина сатып алыпты. Өкінішке қарай, Венгрия мемлекеті сол алған екпені өзіне салдырып, сынақтан өткісі келетін ерікті адам таппай отыр.

Ал жаппай вакцинация үшін британ-шведтің AstraZeneca  екпесінен 12 млн мөлшерін, бельгиялық Janssen  мен американ-немістің Pfizer-BioNTech  вакциналарына тапсырыс берген. Тіпті Ресейге өте тәуелді Венесуэла да 2021 жылдың I тоқсанының соңында ресейлік вакцинаны жеткізуді бастауға ниетті, яғни оның клиникалық зерттеулерінің соңғы кезеңінде, олардың нәтижелері толығымен белгілі болған кезде ғана алуды жоспарлап отыр. Ресейліктер вакцинасын сатудың ең үлкен нарықтарының бірі ретінде қарастырған Үндістан да Pfizer/BioNTech және Bharat Biotech вакциналарын жедел сертификаттау сатысында екен. Тіпті Ресейдің Сербия сияқты адал одақтасы Pfizer Biotech шығарған вакцинаның 1,8 миллион дозасын сатып алған.

Олай болса, «есі дұрыс елдер» бас тартқан вакцинаны Қазақстан неге жанталасып жарнамалап жатыр? Жарнамасы аздай, 10 млн адамға осы «Спутник-V» екпесін салуды жоспарлап та қойды. Толық медициналық сынақтан өтпеген, нәтижесі белгісіз вакцинаны жаппай салу арқылы біздің Денсаулық сақтау министрлігінің көздегені не? «Екпе егілді» деген құжаттық белгі соғу ма, әлде «күл болмасаң, бүл бол» деген ниет пе?

Меруерт ХУСАИНОВА,

«Адырна» ұлттық порталы.

Фото ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер
Ұқсас жаңалықтар