Жеңісті жақындатқан жазбалар

2733
Adyrna.kz Telegram

Тағдыр оған болысқан,
Тосқауылдан қалқалап.
Аман келген соғыстан,
«Абай жолын» арқалап.
(Журналистiк фольклордан)

Әзағаң – жетпiс жыл бойы үзбей күнделiк жазған қаламгер. Бала күнiнен өлең өрдi. Бәлкiм, өнерге бiр адамдай таласы бар шешесi Мұхтардың өнегесi шығар. Ал өмiрiнде күнделiк жазам деп ойлап көрмептi. Тiптi оның не екенiн бiлмейдi де. Әскерге алынғанға дейiн-ақ айналасында болып жатқан күнделiктi iрiлi-ұсақты оқиғаларды тиiп-қашып қағазға түсiрiп қоятын әдет тапты. Ол дүниелерiнiң бiрлi-жарым парақтары ғана сақталған. Ең алғашқы ай-күнiн көрсеткен жазбасы 1940 жылғы 27 маусымнан басталады. Сол күнi былай деп жазыпты: «Тамағы тоқтық, жұмысы жоқтық – аздырар адам баласын» деген Абай сөзi рас екен. Мен қалада жүргенде, анау-мынау ұсақ өлеңдер жаза берушi ем. Колхозға келгелi еш нәрсеге мойным жар бермейдi».
1941 жылы Алматыда әскери дайындықта болды. Алма ағаштары жайқалған әсем шаһар. Түтiнге тұншығып көрмеген асқақ Алатау. Жол жиегiндегi арықтың суы сылдырап ағады. Баланың басындай алмалар ағаштың бұтағын жерге жеткенше иедi. Сабағынан үзiлiп, арықтың iшiне аунап түскен алма ағынға iлесiп, көше жағалап кетедi. Жасыл желек жамылған астананың осындай әдемi әсерi ойға түйгенiн жазғызбасқа қоймады. Содан бастап, не iстеп, не қойғанын қойын дәптерiне түртiп отыратын болды. Күн сайын тiршiлiктiң түйткiлдерiн қағазға қаттаудан жаңылмады. Бұл оның бұлжымайтын дағдысына айналды. Әзiлхан ағаның тура жетпiс жылға созылған күнделiк жазбасы, мiне, осылай басталды.

Ол осы қаладан соғысқа аттанды. Қып-қызыл майдан. Көктен от бүркiп, оқ борап тұр. Бүгiн барсың, ертең жоқсың. Айналаңда алапат шайқас жүрiп жатқанда, байтал түгiлi бас қайғы. Мұндайда бiрдеңе жазбақ түгiлi, өз пешенеңе не жазылғанын бiлмей қиналасың. Күндiз-түнi сүйреп жүретiн зеңбiректен бiр елi ажырамайсың. Сәт сайын қанға боялып, жан тапсырып жатқан жауынгерлер. Сондай кезде сiздiң ала қағаздың бетiн айналдырып, бiрдеңе түртiп отыруға мүмкiндiгiңiз болар ма едi... Айдың-күннiң аманында бап тiлейтiн пенденiң қолынан келе қоймайды бұл. Ал жауынгер Нұршайықов күнделiк жазуды сонда да тастамады. Соған өзi де таңғалады. Бәлкiм, рухтың күштiлiгi шығар. Қып-қызыл өрттiң iшiнде жазу жазатындай көңiл-күй қайдан келедi десеңшi?!

Майданға аттанар алдында басталған күнделiк осы қан-қасаптың iшiнде мәңгiлiкке үзiлiп қалуы да мүмкiн едi. Күн сайын талайдың ғұмырын жалмап тұрған жаһандық соғыс. Өмiр мен өлiмнiң алапат арпалысы. Қаңғыған оқ тисе, бәрi де әдiре қалады. Соның бәрiн бiле тұра жаза бердi.
Бұл не деген жанкештiлiк?! Неткен құбылыс?! Бiр сұхбат алғанымызда, осы тақiлеттес сұрақ қойдық. Әзағаң сонда былай дедi: «Саған бiр ғажап нәрсе айтайын. Мен соғыста өлем деп ойлаған жоқпын. Не құдiрет екенiн өзiм де бiлмеймiн. Ал адамдардың майданда ажал құшатынын өздерi сезiнетiнiн байқадым». «Оны қалай байқадыңыз?», – деймiз тақымдап.

«Бiлмеймiн, әйтеуiр солай көрiндi. Бiрде жау танкiсi алғы шептi бұзып өттi. Соны құртуға менiң зеңбiрегiмдi жұмсады. Жетi адамбыз. Оқ зу-зу етедi. Қарамағымда Ахмет Оразов деген төртбақ денелi, iрi жiгiт бар едi. Ол снаряд салатын 30 келiлiк жәшiктiң екеуiн, кейде үшеуiн қиналмай көтеретiн. Сол Оразов мина жарылған кезде үрiккен аттың шалынысқан аяғын орнына көтерiп қоя алмай, аяқ астынан абдырағаны. Күнде сипап жүрген үйреншiктi атының аяғы. Мен осыдан секем алдым. Дөңге көтерiлгенiмiзде, алдымыздан шыға келген жау ат-матымызбен жайпап жiбердi. Ең қауiптi тұста тұрған мен ғайыптан тайып, аман қалдым. Зеңбiректiң доңғалағы опырылып түстi. Оның орнына менiң басым жұлынып кетуi әбден мүмкiн едi. Өлген деген осы екен деп ойладым. «Сержант, сержант», – деген дауыс шығады. Соған қарап, тiрi екенiмдi бiлдiм. Жетеу едiк, бесеуi табанда мерт болыпты. Аттар тыпырлап, тұяқ серпiп жатыр. Бiр серiгiм кеудесiнде жаны бар, екi көзiнен қан саулап отыр. Әп-сәтте жалғыз қалдым. Қатты едiм, қайсар едiм. Сол жолы жыладым».

Әзiлхан Нұршайықовты майданда перiштесi бұдан кейiн де талай рет қақты. Алла Тағала оған оған үнемi оққағарын iлестiрдi де отырды. Бiрде Баймолда Қанапиянов деген зеңбiрек көздеушiсiн танк тасасынан қарауылға алған жау снайперi сұлатып түсiредi. Сол кезде оқ кейiпкерiмiздiң маңдайынан сызып өтiп, көздеушiнiң құлақ шекесiне тиедi. Қатар тұрған майдандасы тiл тартпай кетедi. Ал таяп келген ажал Әзiлханға шеңгелiн батырмай, тысқары қалдырады. «Мiне, осындай оқиғалар менiң соғыста өлмейтiнiме сендiргендей болды. Бiр құдiрет алға жетеледi. Күйреуiктiк сезiм атымен болған жоқ. Күнделiгiмдi жаза бердiм», – дейдi Әзағаң ағынан жарылып.
О бастан еңбекқор болып жаратылды. Соғыста да шаршап-шалдыққан жоқ. Жiгiттер дамыл алған сәтте бұл дереу жазуға отырады. Майдандастары: «Қып-қызыл қырғынның iшiнде мынау не iстеп жүр?», – деп едiрейе қараған жоқ. Қайта олардың ерлiк шежiресiн қаттап жүрген бұған деген қадiр-құрметi алабөтен болды. Бiрi снаряд жәшiгiнен шағын үстел құрастырып бередi. Ендi бiрi бөлек-бөлек қағазды бүктеп тiгiп, дәптер әзiрлейдi. Қағаз дегенiң өте тапшы. Қолына не түссе, соған жазды. Кейде бригада газеттерiн шығарушылар тұрақты автор ретiнде бума-бума қағаз берiп жiберетiн.

Майдан даласында жүргенде жазушы болам деген ой миына келген жоқ. Тек оқ пен оттың ортасында бiрге шайқасқан азаматтардың атын ақ қағазда қалдыруды жөн санады. Соғыстан 16 күнделiк алып келдi. Содан-ақ қанды қырғынның iшiнде жүрiп, қалай еңбек еткенiн бiле берiңiз.

Әзағаң соғыстан тек 16 күнделiкпен ғана қайтқан жоқ. Ол майданға аттанарда Алматының дүкенiнен сатып алған Мұхтар Әуезовтiң «Абай жолы» романын төрт жыл бойы жолқапшығына салып арқалап жүрдi. Әр жауынгер қолдан-қолға түсiрмей оқыған соң жұлым-жұлымы шыққан, оқ дәрi иiсi сiңген кiтапты елге жеткiзiп, ұлы жазушының өзiне тарту еткенi баршаға белгiлi. Ал от пен оқтың ортасынан келген 16 күнделiктiң жайын елдiң бәрi бiле бермейдi. Бұл жазбалар әрқайсысы отыз-отыз бес баспа табақ болатын екi томды құрайды. Көзi тiрiсiнде «Әскери күнделiк» деген атпен бiрiншi томы ғана «Өнер» баспасынан жарыққа шықты. Екiншi том тап-тұйнақтай болып әзiрленген күйiнде даяр тұр.

Әзiлхан Нұршайықовтың майданда жүрiп, үзбей күнделiк жазуы – екiншi дүниежүзiлiк соғыстың тарихындағы аса қызық құбылыстың бiрi. Өзi шайқасқа кiрген күннен бастап, жеңiс күнiне дейiнгi ұрыс шежiресi түгел қатталған. Ресейдiң әйгiлi әскери журналистерiнiң күнделiк жазбалары болғанын бiлемiз. Ал қан майданның өтiнде жаяу әскердiң соңын ала зеңбiрек сүйретiп жүрген сержанттың соғыс бiткенше дамылсыз күнделiк жазуы – таңқаларлық оқиға.

Ажал төбеңнен төнiп тұрғанда есеңгiремей еңсенi тiктеп, майдан шежiресiн қағазға қаттап отыруға кiмнiң құлқы болар?! Сөйтiп, Әзағаңның жанкештiлiгiнiң арқасында тұтас бiр майданның әр сәтiнiң айы-күнiне дейiн анық таңбаланған дәлме-дәл жылнамасы қолымызға тидi.
Мыж-мыж болған майдан күнделiктерi өмiрге деген асқан құштарлықпен жазылған. Жас сержанттың ойларының бәрi жауды жеңiп, бейбiт күнге тезiрек жетсек екен деген ақжолтай ниетпен өрiлген. Ендеше, жиырманың қызуымен жазылған, соғыстың жалыны шарпыған бұл жазбалардың жеңiстi жақындата түскенiне дау жоқ.
2011 жыл.

Бауыржан ОМАРҰЛЫ,
ҰҒА-ның академигі,
филология ғылымының докторы,
профессор.
Пікірлер