«Өзінде бары» – өнеге

3368
Adyrna.kz Telegram
(Көрнекті ғалым Шәкір Ыбыраев жетпіс жасқа толуына орай оның оқу орнындағы қызметтесі, профессор Амантай Шәріптің мерейтойлық лебізін ұсынамыз).
Шәкір Ыбыраев туралы интернет желісінен, қаншама «гуглдетсеңіз» де, «гуілдеген» мәлімет таба алмайсыз. Ол, былайша айтқанда, даңғаза-дабыраға әуес «публиканың» адамы емес. Әрі кетсе, қысқаша өмірбаяндық дерегіне қанығасыз. Бітірген оқу орны (ҚазМУ), ғылым жолына түскен жері (КСРО ҒА Шығыстану институты), ғылыми дәрежесі мен атағы (филология ғылымдарының докторы, профессор), қызмет істеген мекемелері мен лауазымдары (М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры, Қ.А.Ясауи атындағы Қазақ-түрік университетінің проректоры, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің ректоры, Түркі академиясының президенті, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ түркітану кафедрасының профессоры) жөніндегі «құрғақ» мәліметтер, сондай-ақ арагідік жиындарда айтқан азын-аулақ пікірлері ол кісі туралы толық түсінігіңді қалыптастыра қоймасы анық.
Үш жылдан бері бір кафедрада қызметтес болып келе жатқанда байқағаным, Шәкір ағаның өмірлік басты ұстанымдарының бірі: «Өзіңде бармен көзге ұрып, Артылам деме өзгеден» (Абай). Әйтпесе, көрнекті ғалымның орнында мақтаншылығы бар басқа бір адам болса, жер-көкке сыймай күпініп жүруі ғажап емес еді. Неге десеңіз...
Шәкір Ыбыраев – текті тұқымнан. Олай болғанда да, анау-мынау емес, Алты Алашты аузына қаратқан Абылай ханның тікелей ұрпағы. Абылайдан – Қасым сұлтан, Қасым ханнан – Бопы сұлтан... Бұл жайында ағамыз ешқашан ләм-мим деп тіс жарған емес. Мұны оның тегі төркіндес інісі, «Егемен Қазақстанның» жүйрік журналисі Талғат Батырханның аузынан кездейсоқ естідік. «Бабамыз баһадүр болған» деп кеуде соғып жүрген талайымызға бұл да – бір сабақ.
«Сабақ» демекші, Шәкір аға – тағылымды ұстаз. ҚазМУ-де оқып жүрген кезімізде (ұмытпасам, 1983-1984 жылдары) ол бізге қазақ фольклорының тарихынан дәріс берді. Жасы отыздан енді ғана асқан оқытушының білімдарлығы, шешендігі, дегдарлығы «кім көрінгенді» мойындай қоймайтын журналистика факультеті студенттерін шынымен ұйытып тастайтын. Сонда академик Зейнолла Қабдолов, профессор Тұрсынбек Кәкішев секілді корифейлері бар көршілес филология факультетінде істейтін Шәкір ағайымыздың Мәскеудің үлкен ғылыми мектебінен өтіп келгенін, түркітану саласында едәуір жұмыс тындырып үлгерген талантты зерттеуші екенін де кейінірек білдік.
Қазір фольклортануға қадам басқан әр талапкер оның еңбектеріне міндетті түрде жүгінеді. Осы орайда Шәкір Ыбыраевтың «Қорқыт Ата кітабының» көркемдік кестесі, қазақ эпосының поэтикасы туралы іргелі монографиялары шынайы академиялық ғылымның ешқашан құнын жоймайтын үлгілері екені сөзсіз. Уақыт озған сайын олардың маңызы арта беретініне күмәніміз жоқ.
Абай жылы артта қалып барады. Әркім мерейлі науқанға өз шамасынша үлес қосты. Шәкір Ыбыраев қазақ әдебиеттанушыларының әлі «тісі бата бермейтін», ең заманауи әлемдік теориялар мен әдіснамалар негізінде «Абай феномені» атты өте жаңашыл монография жазып шықты. Өзі бет бұрған жетпісіне жасаған ең үлкен сыйлығы осы болса керек.
Бірақ кітап авторының әдеттегіше оны насихаттауға асығатын түрі жоқ. Сіз бен біз болып әрекет жасамасақ...
Амантай ШӘРІП
Пікірлер