«Қолдан келгеннің бәрін жасап жатырмыз»

854

"Бек Эйр" әуе компаниясы халықаралық рейстерді орындауға сертификаты жоқ бола тұра шетелдік  рейстерге заңсыз қызмет көрсеткен. Бұл туралы «Адырна» ұлттық порталы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің ресми сайтына сілтеме жасай отырып хабарлайды.

 27 желтоқсанда "Бек Эйр" әуе компаниясының Fokker-100 UP–F1007 әуе кемесі апатына бір жыл толды. Әуе апатынан 12 адам қаза тапқан еді. Аталған авиациялық оқиғаның тергеу комиссиясы жұмысын жалғастыруда.

 

Әуе кемесі апатынан кейін ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес ҚР ИИДМ Азаматтық авиация комитеті "Қазақстанның авиациялық әкімшілігі" АҚ-мен бірлесіп Қазақстанның барлық авиакомпанияларының қызметіне жоспардан тыс аудит жүргізді.

Осы оқиғаны тергеуде біздің елімізге Ұлыбританияның Азаматтық авиация агенттігі (UK CAA), Еуропалық комиссия мен Ұшу қауіпсіздігі жөніндегі Еуропалық авиациялық агенттігі (EASA) белсенді қолдау көрсетті. Олар "Қазақстанның авиациялық әкімшілігі" АҚ-ның дамуына қолдау көрсетуді жалғастыруда.

Ең алдымен, Қазақстанның авиациялық әкімшілігінің мамандары Британдық реттеушінің инспекторларымен бірлесіп, "Бек Эйр" әуе компаниясына толық аудит жүргізді.

 Ұшу қауіпсіздігіндегі бірқатар елеулі бұзушылықтардан басқа, тексеру барысында "Бек Эйр" әуе компаниясы халықаралық рейстерді орындауға сертификаты жоқ бола тұра,  әуе компания Ауғанстан мен Африка елдеріндегі рейстерге заңсыз қызмет көрсеткені анықталды. Ішкі тергеу бес айға созылды, содан кейін іс ҚР Ішкі істер министрлігінің тергеушілеріне берілді. Тергеу жалғасуда.

Сондай-ақ, аудит аясында бұрын "Бек Эйр" әуе компаниясын тексерген екі авиациялық әкімшілік инспекторына қатысты ішкі тергеу жүргізілді. Инспекторлардың әрекеттері орынсыз деп танылғандықтан, олар қызметінен босатылды.

Қазақстанның барлық әуекомпанияларының жаппай жоспардан тыс аудитінің нәтижелері

Жолаушылар мен жүк әуе кемелеріне берілген лицензияларды тексеру пайдалану мерзіміне байланысты жоғары қауіп төндіретін ұшақтардың тізімінен басталды. Техникалық жағдайы мен ұшуға жарамдылығына аудит, құжаттардың тексерілуімен барлық процестердің сапасына бақылау жүргізілді.

Қазақстанның авиациялық әкімшілігі барлығы 331 инспекция өткізді. Келесі жылы аудит авиакомпаниялардағы, әуежайлардағы және аэронавигация ұйымдарындағы қауіпсіздікті басқару жүйесіне назар аудара отырып жалғастырылатын болады.

Аудит барысында 2400-ге жуық бұзушылық анықталды. Олардың көпшілігі ұсақ бұзушылықтар болып табылады. Бірақ екінші және үшінші деңгейдегі қорғаныс шаралары ретінде ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін маңызды.

Көптеген бұзушылықтардың анықталуы жұмысқа тартылған авиация инспекторларының санына, сондай-ақ Британдық реттеуші мен Ұшу қауіпсіздігі жөніндегі Еуропалық авиациялық агенттігі өткізген оқыту нәтижелері бойынша олардың біліктілігін арттырумен тікелей байланысты екенін атап өту қажет. (Бүгінгі күні авиациялық әкімшіліктің штат саны 142 қызметкерді құрайды, оның 79 - ы инспекторлық құрам).

Жаппай аудит барысында Бек Эйр -дан басқа тағы 3 авиакомпанияның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің эмбаргосын бұзғаны, шетелде Қазақстанда тіркелген әуе кемелерін пайдалана отырып сол схема бойынша жұмыс істегені анықталды. Ол - "Azee Air" ЖШС, "Sigma Airlines" ЖШС, "Jenis Air" ЖШС. Аталған әуе кемелерін пайдаланушылардың ұшақтары Таяу Шығыс өңірінде шетелдік тапсырыс берушілердің мүдделері үшін пайдаланылды.  "Sigma Airlines" ЖШС Чилиде заңсыз рейстер жасаған.  Қазақстандық пайдаланушылардың әуе кемелерінің меншік иелері шетелдік компаниялар болып табылады.

Бұл жағдайды тергеуге ҚР бірқатар мемлекеттік органдар, БҰҰ қызметкерлері және үшінші елдердің тергеу топтары тартылды.

Жаппай аудит нәтижелері: бүгінгі күнге рейстерді жүзеге асыратын қазақстандық авиакомпаниялар берілген нұсқамаларды орындады және ең ұсақ бұзушылықтарға дейін жойды.

Ұшу қауіпсіздігіне әсер ететін өрескел бұзушылықтарды жою туралы нұсқамалардың орындалмауына байланысты 6 оператордың қызметі тоқтатылды:  «Jet Airlines», «Jenis Air», «Azee Air», «Phoenix», «Qazaq Helicopters», «MS AIR KZ».    «Бек Эйр» және «Sigma Airlines» әуекомпанияларының сертификаттары кері қайтарып алынды. Бір әуе кемесінің ұшуы тоқтатылды. Техникалық тексеру нәтижелері бойынша ол ұшу қауіпсіздігінің талаптарына сәйкес келмейді деп танылды.

Осы оқиғаны тергеу кезінде Ұлыбританияның Азаматтық авиация агенттігі,  Еуропалық комиссия мен Ұшу қауіпсіздігі жөніндегі Еуропалық авиациялық агенттігі  Қазақстанның авиация саласына, "Қазақстанның авиациялық әкімшілігі" АҚ-ның дамуы мен жаңа жұмыс моделіне көшуіне қолдау көрсетуді жалғастыруда. Қайғылы оқиға трансформацияны жеделдетті.

Авиация саласының жұмысындағы жүйелі өзгерістер

Әуе апаты Қазақстанның авиация саласын басқарудағы проблемалық мәселелерді түсінуге көмектесті.

Біріншісі - отандық инспекторларды қосымша даярлау қажеттілігі.

Нәтижесі: Қазақстанның авиациялық әкімшілігінің қызметкерлері Британдық реттеуші белгілеген оқу жоспарына сәйкес даярлықтан өтеді.

Екінші: көптеген авиакомпаниялардың оқу жоспарларында экипаждың және инженерлік-техникалық персоналдың басқаруға жауапты тәуекелдерді нақты түсінуін қамтамасыз ететін ақпараттық материалдың болмауы.

Нәтижесі: әуе кемесінің экипажы мен ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жауапты персонал арасындағы әрекеттер үшін жауапкершілікті бөлу мәселесі қайта қаралды. Қауіпсіздікті оқыту өзара іс-қимылды жақсарту үшін ұшу қауіпсіздігі бойынша есептілік жүйелерін әзірлеумен қатар қаралады. Барлық үш негізгі авиакомпания ұшу қауіпсіздігін басқару жүйесін жақсарту бойынша белсенді өзара іс-қимылға кірісті және реттеушімен үнемі тұрақты диалог жүргізеді. Ұшу қауіпсіздігін басқару жүйесі жаңа деңгейге көтерілді.

Үшінші: қолданыстағы заңнаманың жетілмегендігі.

Нәтижесі: Қазақстанның авиациялық заңнамасы ИКАО талаптарына сәйкес қайта қаралатын болады. Шет мемлекеттің әуеайлақтарында тұрақты орналаса отырып, Қазақстан Республикасының әуе кеңістігінен тыс ұшуларды орындайтын пайдаланушыларды тұрақты бақылауды қамтамасыз ету мақсатында заңнамаға түзетулер топтамасы әзірленді.

Тәуекелдерді басқарудың қолданыстағы бағдарламасы одан да қатаң регламенттелетін және "ұшқышсыз ұшу аппараттары туралы", "бақылау және иелену", "ұшу мәдениеті", "төлемдер схемалары", "оқиғалар туралы есептілік жүйесі" және "авиациялық оқиғаларды тексеру" новеллаларымен толықтырылатын болады.

Түзетулер мақұлданған жағдайда, Қазақстан Республикасы әуе кеңістігінен тыс тұрақты емес ұшуларды орындайтын азаматтық әуе кемелерінің операторлары өздерінің бас кеңселерін Қазақстан аумағында ғана орналастыруы керек және    ұйымдар қызметі мен операцияларының бағытына, бақылауына және үйлестірілуіне әсер ететін операциялық-қаржылық шешімдер құзыретті мемлекеттік органдардың тексеруі үшін қолжетімді болуы тиіс. Сонымен қатар, жерүсті және спутниктік байланыс арналары арқылы жүк тасымалдауға арналған әуе кемесінің жағдайы мен орналасқан жері туралы деректерді беруді қамтамасыз ететін жабдықтың болуына міндетті талаптар енгізілетін болады.

2021 жылы "Әділ мәдениет" (Just Culture) тұжырымдамасы іске қосылады. Ол авиациялық персонал жазадан қорықпай өз қателіктері туралы еркін хабарлай алатын және жұмыс беруші мен уәкілетті ұйымға олардың себептерін жоюға көмектесетін орта құруға көмектеседі. Бұл сонымен қатар өзара әрекеттесу топтарын құрумен толықтырылады, олардың алғашқы үшеуі - әуе компаниялар, әуежайлар, ұшқышсыз ұшу аппараттарының әзірлеушілері мен операторлары. Келесі жылы азаматтық авиация қоғамдастығымен, сондай-ақ жеке және спорттық авиациямен байланысы кеңейтіледі.

Төртінші: авиация саласын цифрландыру процесінің басталуы.

Нәтижесі: қағаз тасымалдағыштағы құжаттар оңай жасалуы мүмкін және күнделікті жұмыста олардың түпнұсқалығын тексеру мүмкін емес. Процестердің ашықтығына авиациялық қадағалаудың жаңа әдістерін енгізу үшін ақпараттық технологияларды дамыту бағдарламасы ықпал ететін болады. Оны жүзеге асыру шамамен 3 жылға созылады.  Халықаралық сарапшылар тартылды.

Бесінші: жер учаскелерін беру рәсіміне өзгерістер енгізіледі.

Нәтижесі: түзетулер ұшу қауіпсіздігіне қатер төндіретін объектілерді әуеайлақ маңындағы аумақта пайдалануды және салуды шектейді.

2019 жылғы 27 желтоқсанда "Бек Эйр" әуе компаниясының Fokker-100 UP–F1007 әуе кемесінің апатқа ұшырауынан алынған қорытындылар Қазақстанның жаңа авиациялық стратегиясына енгізілді. Ең қатаң халықаралық стандарттарға сәйкес жұмыс жасайтын авиациялық реттеушіні құру үш жылға созылады.

ҚР ИИДМ Азаматтық авиация комитеті мен Қазақстанның авиациялық әкімшілігі Қазақстан халқына қысқа мерзімде Қазақстандағы ұшу қауіпсіздігі деңгейін мүмкіндігінше жоғары деңгейге көтеру үшін қолдан келгеннің бәрін жасап жатқаны туралы хабарлайды.

"Адырна" ұлттық порталы

фото ашық дереккөзден алынды

Пікірлер
Редакция таңдауы
Серіктестер/Партнеры
Студия IMA - создание сайтов Доставка цветов Астана - Lova Buket