Отшашумен ойнамаңыз

2158
Adyrna.kz Telegram

«Жаңа жыл» десе көз алдымызға жасыл шырша, түрлі түсті, жалт-жұлт еткен  гирляндалар, жан-жағына ұшқын шашқан бенгал шырақтары, көздің жауын алатын отшашулар, түрлі ғажайып ертегілер мен сыйлықтар елестейтіні рас. Десек те,«Жаңа жыл» мерекесін лайықты әрі қауіпсіз түрде атап өту үшін  өрт қауіпсіздігі ережелеріне көңіл бөліп, сақтық шараларын есте сақтау қажет.

Фейерверктер, отшашулар, хлопушкалар мен бенгал шырағы - қысқы мереке алдындағы танымал тауарлар. Мұндай  заттардың  құрамында химиялық қоспалар көп және оларды жасау барысында порох, металдың белгілі бір мөлшері қолданылады. Егер пайдалану ережесін дұрыс сақатамаған жағдайда  немесе мерзімі өткен пиротехниканың салдарынан өрт немесе  басқа да өкінішті оқиға болуы мүмкін. Көшеде сапасыз, қауіпті тауарларды сатуы мүмкін, сондықтан пиротехникалық бұйымдарды тек мамандандырылған сауда нүктелерінен сатып алған дұрыс.

«Жаңа жыл» мерекесі қасаңында қайғылы өрт оқиғалардың алдын алу мен  болдырмау мақсатында Ақмола облысында айналасы 4 күн ішінде пиротехника сатушыларды тексеруге 60 шақты рейд ұйымдастырылып, бірқатар кәсіпкерлер жауапкершілікке тартылды.

Олар пиротехникалық заттарды арнайы құжатсыз сатқан болып шыққан. Заң бұзған кәсіп иелерінің әрқайсысына 70 мың теңгеге жуық айыппұл салынып, тауарлары тәркіленген. «Мұның бәрін біз оқыс оқиғалардың алдын алу үшін жасап отырмыз» дейді құзырлы органдардың мамандары. Абырой болғанда аймақта былтыр және биыл  отшашудың себебінен қайғылы жағдайлар болмаған.

– Рейдтер «Жаңа жыл» мерекесі аяқталғанша жалғасады. Мұндай заттар арнайы дүкендерде ғана сатылуы тиіс. Әрі сату үшін тауарға сәйкестік сертификаты болуы керек. Олай болмаған жағдайда, мұндай пиротехникалық бұйымдар тәркіленеді, - дейді облыстық төтенше жағдай өкілдері.

 

Думан Арғынгелді,

«Адырна» ұлттық порталы

 

Пікірлер