Саусақ ізін алу науқаны не үшін керек?

1971

Бұған дейін Қазақстандағы әр адамның жеке нөмірі болады дегенде, жұрт әрі қауіптеніп, әрі таңырқаған еді. Көп ұзамай, әрбірімізге ЖСН нөмірі бекітілді. Ал қазір 12 санды теріп жіберсеңіз, сол ЖСН иесі туралы ақпарат аласыз. Қарапайым адамның қолы жете бермес, құзырлы мекеме өкілі үшін әлгі 12 сан елдегі әр адамды тікелей бақылау құралына айналды десек, артық болмас. Енді міне, таяуда Қазақстандағы әр адамның саусақ таңбасын алу науқаны басталмақ.

2016 жылдың 30 желтоқсанында елімізде «Дактилоскопиялық және геномдық тіркеу туралы» Заң қабылданып, ол 2021 жылдың 1 қаңтарында күшіне енуі керек болған.  Алайда, ҚР Ішкі істер министрлігі Заңның енгізілуін кейінге қалдыру туралы ұсыныс тастады. ҚР Ішкі істер министрлігі Ішкі және сыртқы коммуникациялар департаменті директорының міндетін атқарушы А.Махамбетова кейінге қалдыру ұсынысы не үшін жасалғанын және саусақ іздерін тіркеу не үшін қажет екені туралы айтты.

«Ішкі істер министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, саусақ іздерін тіркеуге қатысты Заңның жекелеген нормаларын 2023 жылдың 1 қаңтарына қалдыру туралы ұсыныс тастады. Қазіргі уақытта Заңға қатысты түзетулер Қазақстан Республикасының Парламентінде пысықталуда», – деп хабарлады ол деп жазады «Qadam.asia».

Сонымен қатар, ол қазақстандықтар саусақ іздерін тіркеу процедурасынан тек 16 жасқа толуына байланысты төлқұжат немесе жеке куәлік алған кезде, сондай-ақ олардың қолданылу мерзімінің аяқталуына немесе жоғалуына байланысты құжаттарды ауыстырған кезде ғана өтетінін атап өтті.

Дактилоскопиялық ақпарат, яғни саусақ іздері – бұл адам саусақтарының папиллярлық өрнектерінің құрылымдық ерекшеліктері туралы биометриялық мәліметтер, бұл оның жеке басын және жеке деректерін анықтауға мүмкіндік береді.

Папиллярлық өрнектердің электрондық коды Қазақстан Республикасы азаматтарының биометриялық паспорттарында және жеке куәліктерінде болады.

Ішкі істер министрлігінің түсіндіруіне сәйкес, Қазақстан азаматтарының саусақ іздері туралы ақпарат иесіздендірілетін болады, яғни мәліметтер базасында саусақ іздерінің сандық моделі және бірегей идентификатор ғана болады, онда толық аты-жөні мен ЖСН-нің жеке деректері көрсетілмейді.

Сонымен қатар, заңға сәйкес саусақ іздері туралы ақпарат қол жетімділігі шектеулі жеке деректерге жатады.

Сіз не дейсіз?

Алмас Қайнарбеков, жұмыссыз: «Қазір онсыз да ЖСН нөміріміз бар емес пе? Саусақ іздерін алу не үшін керек? Меніңше, сол баяғы бюджет ақшасын болатынға да, болмайтынға да құрту сияқты бұл да. Басқа шаруаның бәрі бітіп, енді саусақ ізін алу ғана қалып па?»

Әлия Рахымбердіқызы, сатушы: «Халықты бақылауда ұстау үшін керек те, басқа не үшін керек? Телефонымыз тыңдалады. Интернетте бақылаудамыз. ЖСН нөмірімізбен жердің түбіне түссек те, табады қазір. Енді саусақ таңбасын алып, шырмап байлап ұстап отырмақ шығар билік».

Мәриям Оразалы, зейнеткер: «Саусақ таңбасын алу-алмауды бізден сұрай ма? Әрине, сұрамайды. Шенеуніктер ойына не келсе, соны істейді ғой қазір. Әр адамның жеке мәліметі қолында тұрса да, нағыз қылмыскерді «таппай» қалады. Ал біз сияқты қарапайым адам мүл кетсе, сол заматта ұстайды. Бұл науқан да сол баяғы биліктің халықты бақылауда ұстауы үшін керек деп ойлаймын».

Гүлдана Әшірбекова, магистрант: «Саусақ ізін алуда тұрған ештеңе жоқ. Еуропа елдерінің көбісі бұл шаруаны баяғыда реттеп қойған. Мысалы, мен шетелге оқуға барар алдын солай саусақ таңбасын тапсырғанмын. Мұндайдан қорқудың қажеті жоқ».

P.S Саусақ ізін алуға қатысты бізге пікір білдірген азаматтар осылай дейді. Расымен бұл іс-шара халықтың қауіпсіздігі үшін бе, әлде басқаша ма? Сіз қалай ойлайсыз, құрметті оқырман?

 

Рауана ДИМАШҚЫЗЫ,

«Адырна» ұлттық порталы.

Фото ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер
Редакция таңдауы
Серіктестер/Партнеры
Студия IMA - создание сайтов Доставка цветов Астана - Lova Buket