Енді мұғалім сайлауда шапқыламайды деп сенеміз

4784
Adyrna.kz Telegram

Елімізде соңғы ширек ғасырда кез келген саяси іс-шаралар мұғалімсіз өтпейтіні дәстүрге айналғаны жасырын емес. Халық санағы ма, оны атқаратын да – мұғалім. Халықтың әлеуметтік тұрмысын анықтау ма, ол да мұғалімнің мойнында. Үй-үйді аралап, шабылып жүретін үнемі мұғалімдер. Мұнан басқа, ең үлкен саяси дода сайлау да мұғалімсіз өтпейді. Алайда биыл ұстаздар тарапынан сайлау жұмысына мұғалімді араластырмасын деген бастама көтерілді. 

  Бұл бастаманы белсенді ұстазымыз, талай мұғалімнің заңды құқығын қорғап, мыңдаған мұғалімді соңынан ерткен Айман Сағидулла ең алаш болып көтерді. Білім және ғылым министрі А.Аймағамбетовке «мұғалімдерді сайлау жұмысына араластырмауды» талап етіп, әлеуметтік желіде арнайы ашық хат жолдады. Өкінішке қарай, министр күні бүгінге дейін бұл талапқа өз жауабын бермеді. Бәлкім, берер жауабы да жоқ болар министрдің. Десек те, А.Сағидулланың бұл талабы ұстаздар қауымын бір серпілтіп, сайлауда «саяси қолбала» болудан бас тартуға кәдімгідей итермелеп отыр. Қазірдің өзінде әлеуметтік желіде мұғалімді сайлау жұмысына араластырмау жөнінде челендж басталды. Челендждің мақсаты республикадағы мұғалімдерді саяси доданың «шапқылау жұмыстарына араласудан бас тартуға» үндеу. Әлеуметтік желідегі суреттеріне арнайы мәтінді қою арқылы қарсылық таныту. «Шығыс Қазақстандық әріптесім, мәслихат депутаттығына үміткер Жанна Сакетаева бастаған челленджді қолдаймын:

Бұл эстафетаны Республика көлемінде мұғалім құқығы үшін күресіп жүрген Aiman Sagidulla, Өмір Шыныбекұлы, Аятжан Ахметжанұлы, Meirzhan Temirbek, @Gulnarа Abishevaға тағы да басқа ұстаздарға жолдаймын! Сіздер де басқа ұстаздарға осы тексті қойып жолдаңыздар. Сайлау жұмысына мұғалімдердің атын пайдалана отырып олардың аттарына нұқсан келтіруге, келтіртуге ешкімнің құқығы жоқ, әділ сайлау болуы керек! Мұғалімдер, өздеріңіздің атақ абыройларыңызға нұқсан келтірмеулеріңізді сұраймын!» деп жазды шымкенттік мұғалім Өмір Шыныбекұлы өзінің Facebook парақшасында.

Дәл осыған ұқсас талаппен мұғалім Света Алпамысова да әріптестеріне видеоүндеу жариялап, сайлауда комиссия мүшесі болудан бас тартуға шақырған болатын.

Қазақстандық мұғалімдердің бұлай бастама көтеруі бекер емес. Осыған дейін өткен сайлаулардың бәрінде ең белсенді атсалысатын мұғалімдер болатын. Әрине, мұғалімнің барлығы «белсенді болайын» деп сайлау жұмысына қатыспайды. Мәжбүрлі, еріксіз түрде жүретін бұл жұмыстар. Өкінішке қарай, мәжбүрлі, еріксіз түрде жүретінін билік те, мұғалімдер де ашық айтпайтын. Биыл бұл сең бұзылды. Мұғалімдер үлкен бастама көтеруде. Бұл үлкен және маңызды бастама. Неге?

Себебі осыған дейінгі сайлауда мектеп директорының бұйыруымен «шапқылаған» мұғалімдер сайлау комиссиясының құрамында болуды өз міндетіндей көретін. Солай көруін мектеп басшысы да талап ететін. Ауыз ашып, қарсылық танытқан мұғалімнің ізіне басшылық пен оның жандайшаптары шам алып түсетін. «Жалғыздың үні шықпас» деп, мыңдаған мұғалім әр сайлауда осылайша еріксіз сайлаудың сайқымазақ шоуының бір кейіпкеріне айналатын. «2005 жылғы президент сайлауын ешқашан ұмытпаспын. Сол жылы өмірімде бірінші және соңғы рет сайлау атты цирктің клоуны болғанмын. Университетті бітіріп, мұғалім болып орналасқаныма енді бір жылдан асқан. Жұмысқа тұрғаныма бір ай толғанда, директордың бұйрығымен бір жиынға бір автобус мұғалім бардық. Қандай жиын, біз не істейміз? Білмейміз. Содан әлгі залда отырғанымызда біртіндеп аты-жөнімізді атап сахнаға шақырта бастады.

Сахнаға шыққан әр адамға «НұрОтанның» бейсболкасы мен жалау беріледі. Мен де өз кезегім келгенде, сахнаға шығып, әлгі дүниелерді алдым. Бізді әлгі партия өкілдері «НұрОтанға» мүше болғанымызбен құттықтады. Қайтар жолда оқу ісі жөніндегі орынбасардан әлгі партияға мүше болғым келмейтінін айтқанымда: «Мұғалім болып, наныңды жегің келсе, үніңді шығарма», -деп күлді. Завучтың әлгі күлкісі ызамды келтірді. Жұмысқа тұрғаным кеше, нанымнан айырылғым жоқ, амал жоқ, қарсылық таныта алмадым. Көп өтпей, сайлау басталды. Шапқылау басталды. Бітпейтін қағаздар, құжаттар. Ал сайлау күні әр үйді аралап, табаннан тозу. Үй аралап бітсең, «карусельге» қатысу.

«Карусельді» білмейтін адам жоқ шығар. Сол күні мен қатысқан «карусельдің» былығын оппозициялық журналист ашып, аймандай болдық. Ыза болдым, тіпті қорланып жыладым. Қолды бір сілтеп, сайлау учаскесінде қалған басқа жұмыстарымды тастадым да, кетіп қалдым. Ол күні сайлау циркінен кетсем, бірер күннен кейін мұғалімдік жұмысыммен де қош айтыстым. Кеткеніме сол кезде әрине, аздап өкініш болды. Көпке дейін жұмыссыз сандалдым. Алайда қазір мектептен кеткеніме өте қуаныштымын. Сайлау жұмысы мұғалімнің міндетіне жатады деп ойлаппын бұрын. Қазір әр сайлауда мұғалімдер халықтың обалын еріксіз арқалауда деп қараймын. Әрине, мұғалім бұл обалға әдейі бармайды ғой. Десек те, әр сайлау Қазақстанның алдағы 4 жылының іргетасын қалайтынын мұғалімдер білсе екен»,-дейді алматылық бұрынғы мұғалім Маржан Кеңесбек (аты-жөні өзгертілді).

Біздің кейіпкеріміз Маржан секілді бір саяси науқан үшін жұмысынан бас тартпаса да, ең болмаса өз міндетіне жатпайтын іс-шараларды атқаруға қарсылық танытар ұстаз көбейсе, ел ертеңіне де өзгеріс енері даусыз ғой. Алайда бізбен тілдескен келесі бір мұғалімнің пікірі ел ертеңіне қатысты ойымыздың түте-түтесін шығарғандай. «Елдің ертеңі маған қарап қалып па? Директор айтады, мен орындаймын. Менде басқа жол бар ма? Басшыма қарсы шықсам, нансыз қаламын. Ал нансыз қалсам, үйдегі 4 баламды кім асырайды? Сайлауда жұмыс істеу кеше-бүгін пайда болған жоқ. Баяғыдан келе жатыр. Амал жоқ, бастықтың айтқанын орындаймыз.

Бірақ сол жұмысымыз үшін азын-аулақ ақшасы мен алғысхатын да аламыз ғой. Тегін емес. Қарсы шықатындар шыға берсін. Өз басым тыныш жүруді дұрыс көремін. Дәл қазір мектептің емес, сайлаудың шаруасымен ауданға кетіп барамын. Жұмыс тапсырылды ма, орындау керек мұғалім»,- деп Түркістан облысына қарасты Сайрам ауданындағы бір мектепте 30 жылдан астам мұғалім болып істейтін Айжамал Сапарбекқызы телефон тұтқасын қоя салды. Біздің сұрағымызға апайымыз ашуланды, тіпті ренжіді де. «Мұғалімнің сайлаудағы әрекеті елдің тағдырын шешеді. Дауыс ұрлауға ықпал ететін сайлауда жұмыс істеп, мұғалім елдің ертеңіне балта шабуға көмектескен болып шықпай ма?» деген сұрағымыз шымбайына қатты батса керек, бізбен байланысты үзді.

Әділдік талап етіп, жұмысынан айырылып қалудан қорқатын мұғалімдер аз емес. Сонымен қатар Кеңес дәуірінің бас шұлғып, көнбістік таныту қасиеті сіңген мұғалім де жетерлік. Алайда өзінің заңды құқығын талап ете алатын мұғалімнің қатары да көбейіп келе жатқанын ескерсек, 2025 жылғы сайлау жұмысын мұғалім атқармайтыны анық. «Бастық айтты, мен көндім» деген түсініктегі мұғалімнің орнын ел ертеңі үшін әділетсіз сайлаудың басты рөлін сомдаудан бас тартатын нағыз ұстаз басатын күн алыс емес деп сенеміз.

 

Меруерт ХУСАИНОВА,

«Адырна» ұлттық порталы.

Фото ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер