Зейін деген не?

3539
Adyrna.kz Telegram

Өз тәжірибемнен түйгенімді айтар болсам, зейін - бұл рационалды миды барлық сезім мүшелерімен байланыстырушы арнайы механизм. Бұл механизм миымыз іздеп жатқан нәрсеге деген сезімталдығымызды арттырып, оның нұсқаларын іріктеп, артық шуылды алып тастайды.

Мысал келтірейін.
Зейінді тынбай, қажетті мүмкіндіктерді іздеуші аңшы ит деп қарайық. Егер сіздің мақсатыңыз болмай, миыңыз нені қалайтыныңызды білмесе, онда сіздің зейініңіз бейберекет жортақтап, не іздеу керегін түсінбейтін көпек ит (дворняжка) секілді болады.
Міне бұл зейін жетіспеушілігі синдромының (ЗЖС) басты себебі.

Не қалайтыныңызды нақты білмесеңіз, сіз ешқашан өз зейініңізді басқара алмайсыз және оны бір арнаға бағыттай алмайсыз.
Зейіннің жұмысын түсіну ішін диетадағы адамды мысалға алып қарайық.

Диетадағы адам миының басты мақсаты қорек табу. Сәйкесінше, ол қасындағы адамдардың бәрінің тамақтанып жатқанын еріксіз түрде байқайды. Оның құлағы дайындалып жатқан тамақтың дыбысын ғана естиді. Ал мұрны айналасындағы барлық дәмді иістерді сезеді.
Яғни, оның зейін атты иті тек мидың бұйырғанын іздейді.

Өмірде сіз миыңыздың назары неде болса, сол нәрсені байқайсыз. Егер сіздің айқын мақсатыңыз болып, соған жетуді ойланып жүрсеңіз, сіз өзіңізге қолайлы мүмкіндіктерді көре бастайсыз..

Яғни, зейін салыңыз!
Көбісі бір дүниеге қол жеткізу үшін жай ғана мүмкіндіктерді күтеді немесе іздейді. Ал бұл арада мүлдем керісінше жасау керек. Алдымен мақсат қойып, соған жетуді ойлау керек, сонда ғана мүмкіндіктер туындай бастайды.

Марғұлан Сейсембай

Пікірлер