Олимпиада чемпионы жеке заттарын Ұлттық музейге тапсырды

2154
Adyrna.kz Telegram

Тәуелсіздік алғалы бері Қазақстан атынан Олимпиада ойындарына қатысып, ел намысын ту етіп, көк байрағымызды биіктен желбіретіп, спорттың биік шыңынан көрінген спотшыларымыз жетерлік. Солардың бірі - қазақстандық жеңіл атлет Ольга Шишигина.

Сидней Олимпиадасының чемпионы, Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері Ольга Шишигина - 1968 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. Жеңіл атлетикамен 1978 жылдан бері шұғылданады. 1995 жылы Гетеборгта өткен әлем чемпионатында күміс медаль, 2000 жылы Сидней олимпиадасының чемпионы, 2001 жылы Эдмонтонда қола жүлдеге ие болды. Осы жарыстан соң спортшы жарақат алып, үлкен спортпен қоштасты. Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің депутаты. О.Шишигина «Құрмет», I дәрежелі «Барыс», II дәрежелі «Достық» ордендері мен «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері.

Жақында Олимпиада чемпионы Ольга Шишигина өзінің спорттық жеке заттарын Қазақстан Республикасының Ұлттық музей қорына естелікке тарту етті. Белгілі ғалымдардан құралған арнайы сараптамалық комиссия жеңіл атлетшінің сыйға тартқан заттарының құндылығын анықтап, музейдің асыл мұра залына қою туралы шешім қабылдады. – Біздің Ұлттық музейде Бауыржан Момышұлы, Нұрғиса Тілендиев, Ермек Серкебаев сынды тұлғалардың жеке заттары, жазбаша кітаптары, басқа да тарихи жәдігерлер мен көптеген құнды дүниелер бар. Әрине, оның ішінде спортқа арналған әлем кубоктары, алтын медальдар, Олимпиадалық медальдар бар. Ол біздің қазіргі жастарға керек, - дейді ҚР Ұлттық музейдің директоры Арыстанбек Мұхамедиұлы.

Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері Ұлттық музейге жиыны 45 жеке затын сыйға тартты. Олардың қатарында 2000 жылы жазғы Сидней Олимпиадасынан қалған естелік заттары мен өзге де халықаралық спорттық жарыстарда жеңіп алған медальдары мен наградалары бар. – Әрине, әрбір споршты үшін Олимпиада ойындары мен одан қалған естеліктердің алатын орны бөлек. Олимпиада - спортшылар жарысындағы ең биік шың десем, қате айтпаспын. Дегенмен, дәл қазір менде ешқандай қимастық сезімі жоқ. Керісінше, бұл мен үшін мақтаныш. Себебі, адамдар келіп, өз көздерімен көрсін, жастарымыз білсін деген ниетпен медальдар мен естеліктерімді сыйға тартып отырмын, - дейді белгілі спортшы, Олимпиада чемпионы Ольга Шишигина.

Игілікті шара «Ұлттық музейге сый тарту» жобасы аясында жүзеге асып отыр. Мақсаты мәдени құндылықтар мен тарихи жәдігерлерді сақтап, кейінгі ұрпаққа насихаттау болып табылады.

 

Думан Арғынгелді,

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер