"Сен айт, мен айт деп отырмай, іске кірісейік"

2279
Adyrna.kz Telegram

Еххх... Не дейміз енді?!Трамп пен Байденннің дебаты 2 сағат болды. Екі кандидат 2 сағат идея мен ой жарыстырды. Қызық өтті. Біздікі 5 партияның өкілі 1 сағат сөйледі. Әттең-ай...

Бәйгеге шабатын сәйгүлікті ерттеп, жүгенін салып, қыздырып бірақ бәйге басталмай жатып тоқтап қалғандай күйде отырмын. Ат та аң таң, жиналған халық та аң таң. "Бәйге қашан басталады?" деген сұрақ қалды. Қанбай қалдық қысқасы. Тұтас ел процесс басталып, бітпей қалғандай күйде отырмыз. Дегенмен... Барымен базар...

Сонымен кандидаттар не деді?..

"Нұр Отанды" қолдаңыз, ұрсыңыз, сынаңыз өз еркіңіз. Бірақ Айдос Сарымда

да білім бар. Көкжиек кең. Масштаб бүгінгіден жоғары екені сезіліп тұрды. Уақыт қысқа, форматқа сыймай тұрған адам секілді әсер берді өзіме. Тіпті Айдос ағамызбен дебатқа түсіп ой жарыстырғым келді.

Қазақстанда "Мәдени мұра" сынды жобалар, ұлттық құндылыққа қатысты заңдар қабылданғанын жақсы айтты. "Түк істелінген жоқ" деген қарсыластың сұрағына әдемі жауап бере білді.

Алдағы уақытта аймақтарды қолға аламыз деген партияның позициясын алып шықты. Негізі ең ауыр жүк Айдосқа түсті. 20 жыл билікте отырған партияны сынның астына алатыны белгілі еді. Бұл позицияны дәл қазір алып шығу да қиын. Бірақ сын да қатты естілмеді. Сипалап өтті оппоненттер. Оны Айдос соққы деп қабылдамады. "Болғаны осы ма? Басқа салмақты ештеңе жоқ па?" дегенді этикетті сақтап айтпады-ау...

Мақсат Толықбай сөзге шешен. Өзгерісті "Сен айт, мен айт деп отырмай іске кірісейік" деді. Дұрыс позиция. Саясатты фейсбукпен өлшейтін саяси санадан кету керектігін біраз азаматтар түсінді ғой негізі. Мақсаттың да айтары бар екен. Уақыттың тарлығынан рамкада қалып қойды. Бұл факт.

Дәулеткерей Кәпұлы айтыс пен саяси тартыстың екі дүние екенін сезді-ау. Бірақ сыр бермеді. Позициясын бағдарлама шарттары аясында әдемі қорғады. "Қазақстанды аграрлық елге айналдырмай көркеймейміз. Жер шетелдіктерге сатылмасын, жалға берілмесін" деді. Қоғамды толғандырар сұраққа нақты жауап.

"Қазақстан халықтық партиясы" мен "Ақ жол" да біраз жерге барды. Коммунизммен күресте серіктеспіз деді. Кешегі коммунистер өзгердік десе, "Ақ жол" Парламентте отырған жылдары көп нәрсені түсіндік, енді іске кірісеміз деді. Дейтінін деді-ау. Бірақ Парламентте болған партиялар үшін тым кеш емес пе?.. Көрермен өз бағасын бере жатар.

Жалпы дебат бүгінгі даму мен шарттардың аясында өтті. Мамандарға бұл бірден сезілді. Бірақ өтті. Сайлауға дейін әлі 20 күндей бар. Айтылған ойларды есепке алып дебаттың форматын кеңейте жатар. Соңғысы емес қой деген үміт қалды. Лайым солай болсын!

Бір ұнағаны жүргізуші дұрыс таңдалыпты. Сөз сөйлеу мәнері, шеберлігі, бағдарламаны ұстап тұруы, қысқасын айтқанда барлық форматы келісіп тұр екен дебатты жүргізуге. Осы журналист өз орнын тапқан деген ой түйдім.

Бауыржан СЕРІКБАЕВ,

әлеуметтік желідегі жазбасынан.

 

Пікірлер