«Полициядан үміт үздік»: 6 жігіттен зорлық көрдім деген қыз Президенттен көмек сұрады

1484

Алматы облысы Панфилов ауданында өз қатарластарынан зорлық көрдім деген қыз Ішкі істер министрі мен Президенттен көмек сұрайды, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы Azattyq Rýhy-на сілтеме жасап.

19 жастағы бойжеткен осыдан екі жыл бұрын өзін 6 адамның зорлағанын айтады. Алайда, екі жылға созылған тергеу барысында ешкім жауапқа тартылмаған. 2019 жылдың наурыз айынан бері іс бірнеше рет қысқартылып, қайтадан өндіріске алынған. Алматы облысының Полиция департаменті, облыстық прокуратура мән-жайды білгенімен, процессуалдық шешім қабылданып, іс сотқа жолданбаған.

Жәбірленуші мен оның ағасы Ермек Смайылов Алматы облыстық Полиция департаменті мен Алматы облысы Панфилов аудандық полиция басқармасының әрекетіне құзырлы органдардың баға беруін сұрайды.

Ал қыздың әкесі 2018-2019 жылдары аралығында зорлық бірнеше рет болғанын айтады. 2019 жылы 9 наурызда інісі мал қарайын деп қора жаққа барғанда, қан іздері мен мүшеқаптардың жатқанын көрген. Ақырында үйдегі 16 жастағы қыздың зәбір көргені анықталады. 2018 жылдың желтоқсан айы мен 2019 жылдың наурыз айында 11-сынып оқушысын бірнеше адам қорқыту және бопсалау арқылы зорлап келген екен.

«Қыздың әкесі сол күні Панфилов аудандық полиция бөліміне барып арызданды. Арыз жазған күннен соң, тергеу бөлімінің бастығы Айдархан Әбдірахманов інімді шақырып алып, «Сен кімге жала жауып жатырсың, арызыңды ал, әйтпесе өздерің сотталасыңдар» деп, інімді қорқытады. Сосын ауылдан шешем хабарласқан соң, осы іспен мен айналыса бастадым. Ауылға барсам, қызбен мектеп директорының орынбасары мен психолог сөйлесіп отыр екен. Ақырында маған қызды басқа жаққа барып оқытуды сұрады. Ал оның мектеп бітіруіне 3 ай қалған, мен қарсы болдым. Содан ол сұрақ қайтадан көтерілмеді. Біздің ауылда «ауыл ағасы» деген бар, біз ауылдың ақсалдарын жинап, ауыл ағасын шақырып, күдікті балалардың ата-аналарын шақырып, сөйлестік, ақырында кінәлі тарап қызды қаралаған соң, оң шешім таппады. Оған дейін балалардың ата-аналары кешірім сұрап келді. Бірақ біз заңмен шешілсін, отбасылық абыройымызды ақшамен өлшемейміз деп ұсынған көмектеріне қарсы болдық», - дейді жәбірленуші қыздың туысы.

Ермек Смайылов қораның алдынан табылған айғақтарды тергеушілер іске тігіп, жәбірленушінің арызын қабылдағанын айтады. Адвокат жалдап, Тұралина Айнұр деген тергеуші істі жүргізген. Құқық қорғаушылар сараптама тағайындап, бір айдан соң жауабы келеді дегенде, қылмысты іс Алматы облыстық тергеу басқармасына жіберіліпті.

«Бұл бізге түсініксіз болды, неге облыс орталығына жібергенінің себебін түсіндірген жоқ. Біз оның артынан Талдықорғанға бардық, сол күннен бастап бұрмалаушылық басталады. Алматы облыстық тергеу басқармасы басшысының орынбасары бізге ешқайда арызданбауды сұрап, Наурыз мейрамы өткен соң өзіміз кінәлілерді қамаймыз деді. Сол күні сағат кешкі тоғыз жарымда тергеу басқармасы басшысының орынбасары Болат Теңізбаев қыздың анасына өз телефонынан хабарласып, осындай уәде берген. Біз сендік. Алматыдағы Каблуков көшесіндегі ауруханада экспертиза 1 ай емес, 4 айдан соң дайын болды. Алматы облысы Полиция департаменті басшысы Мұрат Ұрымхановтың қабылдауына жазылып, мән-жайды айтқан соң, екі күннен кейін ғана арнайы тергеуші тағайындалып, іс Жаркентке жіберілді. Бірақ тергеуші Ернар Қалтаев осы күнге дейін істі соңына жеткізген жоқ, ешкім қамалған да жоқ», - дейді Е.Исмайылов.

Ал жәбірленуші өзін алғаш Мейрамбек есімді қатарласының зорлағанын айтып отыр. Екеуі дос болған екен. 2018 жылдың желтоқсанында үй сыртында жігіт қызды зорлап шешіндіріп, арам ойын жүзеге асырған көрінеді. Ал егер болған жайт туралы тіс жаратын болса, елдің алдында масқаралаймын деп қорқытыпты. Ол кезде екеуінің де жасы 16-да болған.

«Мені абыройсыз етті, бірақ ол туралы ешкімге айтқан жоқпын. Ол WhatsApp арқылы тағы шығуымды сұрады, шықпасам ауылдың балаларына менің «жаман қыз» екенімді айтамын деп қорқытты. Сосын маған ол айтқандай, өз еркіммен жыныстық қатынасқа түсті деген жазбалар келіп, ауылға тарады. Содан соң қайтып хабарласпады. Үш-төрт айдан соң маған Қайрат есімді бір бала жазып, кездесуге шақырып, маңызды бір ақпараты бар екенін айтты. Бірақ мен кездесуден бас тарттым. Бірақ үш ай маған жазумен болды. Сосын мен үйдің ауласына шықтым. Алайда, Қайраттың қасында Мейрамбек бар екен, ол екеуі 2018 жылы желтоқсан айының басында келіп, біздің үйдің артындағы қорада өз еркімнен тыс тағы да зорлады», - дейді есімін атамауды сұраған қыз.

Зорлық осылайша бірнеше рет жалғасқан. Бозбалалар әр келген сайын қызды үйден қорқытып шығарып алып отырған екен. Уақыт өте олардың қатары өзге жігіттермен толығып келген.

«Сосын екі-үш күннен соң Қайрат пен Мейрамбек тағы да келді. Қайрат тағы ойын іске асырды, Мейрамбек ісін істеп жатқанда, үйден мамам шығып қалды. Мейрамбек қашып кетті. Олар қорқытты. Сосын Қайрат осы оқиғадан соң атамның үйіне барғанымда тағы бір бейтаныс баланы алып келді. Оның аты Сырым болатын. Жасы 18-де. Олар да маған осындай зорлық көрсетті», - дейді жәбірленуші.

Арым тапталды деген бойжеткен Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан көмек сұрап отыр. Ол істің 2 жылдан бері әділ шешімін таппай келе жатқанын айтып, кінәлілердің жазалануын талап етті.

Қыздың ағасының айтуынша, осы іске барлығы 6 баланың қатысы бар екені анықталған. Ең басты күдікті – Мейрамбек есімді жігітке қатысты іс тоқтатылған. Ал экспертиза қорытындысын құқық қорғаушылар қыздың өзіне де, туыстарына да бермепті. Тек Nur Otan партиясынан көмек сұрағаннан кейін ғана сараптама нәтижесі қыздың ата-анасына берілген. Алайда, экспертиза балалардың пайдасына шешілген.

«Мені 2019 жылы қараша айында Талдықорғанға шақырды. Сол жерде Ернар Қалтаев мырза «Сен мыналарға кешірім бер, 4 млн теңге ақша беріп отыр» деді. Мен ақшаның керек емесін айтып алмадым. Ауыл ақсақалдарының алдында кінәсін мойындамай, енді ақша ұсынғаны барып тұрған сорақылық, бізді ел-жұрттың алдында абыройсыз етті. Кінәлілер жазалансын, талабымыз сол. Ауыл ішінде қазір әңгіме жүр, қызымызды зорлағандар полицейлерге пара берген көрінеді, 3 миллион теңге. Бәлкім содан болар, іс орнынан еш қозғалмай қойды, «қыздың өзі кінәлі» дегенді айтып отыр», - деп ашынды бойжеткеннің ағасы.

Полицейлерден үмітін үзген ата-ана енді Президенттен көмек сұрап отыр. Сол үшін БАҚ өкілдеріне келдік дейді.

Azattyq Rýhy ақпарат агенттігі бұл іс бойынша Алматы облыстық Полиция департаментіне сауал жолдаған. Аймақтық департаменттің баспасөз қызметі қылмыстық істің тоқтатылғанын мәлімдеді.

«Алматы облысы Полиция департаменті аталған деректің ҚР Қылмыстық кодексінің 120-бабы 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімінде тіркелгенін хабарлайды. Қылмыстық процеске қатысушылардан жауап алу, беттестіру, бес сот сараптамасы секілді ҚР Қылмыстық іс-жүргізу кодексімен қарастырылған жедел тергеу іс-шараларының кешені өткізілді, олардың нәтижесі бойынша зорлау дерегі расталған жоқ. Қылмыстық іс ҚР ҚІЖК 35-б.1-б. 2-т. негізінде тоқтатылды. Қабылданған шешіммен Алматы облысының прокуратура органдары келісті, тергеу кезінде заңбұзушылықтар болған жоқ», - делінген Алматы облыстық ПД Баспасөз хабарламасында.

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер
Редакция таңдауы