ҚУАНЫШ ЕДІЛХАНТЕГІ: АҚШ Ресей хакерлерінен күдіктенуде

1165

АҚШ-тағы қазіргі қызу талқыланып жатқан тақырып - Қорғаныс министрлігінен бастап барлық министрліктерге жасалған кибершабуыл. Оны бір жеке мекеме кездейсоқ байқап қалған да тексеріп бастаған, сөйтсе... хакерлер үкіметтің барлық желілеріне еркін кіріп сайран салып жүргенінің үстінен түскен.

Осы кезге шейін хакерлердің қашан кіргені, қаншама информацияны көшіріп алғаны, қаншалықты шығын келтіргені белгісіз, бірақ әйтеуір орасан зор зиян келгені айтылуда. Негізгі күдік - РФ хакерлерінің ісі деп бағалануда. Оның зардаптарын жою бірнеше айларға, тіпті жылдарға созылуы мүмкін.

Әдеттегідей Трамп Ресейге шаң жуытатын емес: оны қайдан білесіңдер, мүмкін Қытай шығар деп туиттерде жазбаны бұрқыратып жатқан көрінеді.

Байденнің реакциясы мүлдем керісінше - ол ресми мәлімдеме жасап, мен киберқауіпсіздікті үкімет жұмысының басты приоритеттерінің бірі етемін. Кибершабуыл жасағандарды кім болса да орнына қоямын, біздің қарсыластарымыз мұны біліп қойсын деді.

Сенатор демократ Дик Дурбин: "Бұл кибершабуыл - Ресейдің іс жүзінде бізге соғыс жариялауы" - деп мәлімдеді. Трамп жағынан тек мем.хатшы Майк Помпео ғана, барлық БАҚ-тарда жазылғаннан кейін бес күн өткенде: "Бұл өте үлкен көлемдегі кибершабуыл. Біз енді бұл Ресейдің ісі деп нақты айта аламыз. Көп мәліметтер құпия болғандықтан бұдан әрі ештеңе айта алмаймын" - деді. Республикашыл сенатор, Трампты алғашқы сайланған күннен бастап қолдап келе жатқан Марко Рубио да: "Бұл РФ-ның ең ірі шабуылы. Біздің жауабымыз пропорциональды және одан асып түсуі керек" - деп мәлімдеді. Тек Трамптың өзі ғана туиттерде: "Қит етсе Ресейді кінәлай жөнелуді қою керек. Біздің дауыс беру компьютерлеріміз күлкілі жағдайда, олар Байденге дауыс беруге программаланған. Менің ірі есеппен ұтқаным белгілі, бірақ коррупциялық былыққа батқан АҚШ оны мойындағысы келмейді" - деп жазды кеше.

Пікірлер
Редакция таңдауы