Димаш Құдайберген: Әп-сәтте барлығын жоғалтып алуға болады

3153
Adyrna.kz Telegram

Белгілі әнші Димаш Құдайберген «Тәуелсіздік тарландары» деректі фильмінде артынан ерген іні-қарындастарына өз ақыл-кеңесін айтты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

«Алла Тағала пендесін әртүрлі сынайды. Біреуіне ақшаны да, атақты да, абыройды да береді. Ал екіншісіне дым бермейді. Ол сонда барлығына ие болған адам Аллаға рахметін айта ма, дым алмаған адам өз ренішін білдіре ме деп қарайды. Белгілі бір деңгейге жетіп келе жатқан жастар әп-сәтте барлығын жоғалтып алуға болатынын ұмытпағандарын қалаймын»,-деді ол.

Әнші өскелең ұрпақты еңбекқор болуға шақырды.

«Арманға қол жеткізудің жалғыз жолы – тынбай еңбек ету. Өз қалауыңыздан қол үзуге болмайды. Кейде оған жетудің сәті түспеуі мүмкін, кейде «амал нешік» дейтін жағдайлар болады, ал енді бірде жолыңыз болмай жатады. Сондай кездерде жетістікке жеткен ұлы тұлғалардың өмірбаяндарын оқып шығыңыз»,-деп кеңес берді Димаш.

Сондай-ақ, өнер иесі сүйікті ақын-жазушыларын да айта кетті.

«Атам мен әжем кішкентай кезімнен ертегімен сусындатып тәрбиеледі. Мен ақын Мұқағали Мақатаевтың поэзиясын жақсы көремін. Оның үлкен жанкүйерімін. Абайды оқығанды ​​ұнатамын. Сонымен қатар,  "күміс дәуірінің" өкілдері Маяковский мен Гумилевті  сүйсініп оқимын. Менің ойымша, әрбір әнші әдебиет саласына көз салып жүруі керек, өйткені бұл оның кәсібімен тығыз байланысты»,-деді ҚР Еңбек сіңірген қайраткері.

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер