Орыс тілі көне түрік тілі ме?

3732
Adyrna.kz Telegram

Жуырда  белгілі  қоғам және өнер қайраткері Хасен Қожа-Ахмет (Қожа-Түрк) «Русский язык древнетюркский?» деген кітабын аяқтады. Бұл еңбегінде ол славян халықтарының тілдік тамыры көне түрк тілінен бастау алатынын КСРО  ҒА шығарған «Көнетүрк сөздігі» (Древнетюркский словарь), «Тұңғұс-манжұр тілдерінің салыстырмалы сөздігі» (Сравнительный словарь тунгусо-маньчжурских языков) басылымдары бойынша  дәлелдейді. Оның бұл зерттеу кітабы қазақ (түрк) тілінің қадірін арттыруға елеулі үлес қосады деп ойлаймыз.     "Ұлт.кз"

 Орыс халқының пайда болуы, шыққан түп-тегі  туралы жазылған еңбектер көптеп саналады. Алайда зерттеушілер пікірі әртүрлі және әлі күнге шейін тиянақты бір тұжырымға келе алмаған. В.М.Мошин 1931 жылы жариялаған мақаласында орыс халқының шығу тегі туралы бұрын-соңды айтылған мынадай болжамдарды келтіреді: 1. Скандинавтардан. 2. Балтық славяндарынан. 3. Еділ финндерінен. 4. Скандинавия финндерінен. 5. Литвалықтардан. 6. Мадиярлардан. 7. Хазарлардан. 8. Готтардан. 9. Грузиндардан. 10. Ирандықтардан. 11. Яфетидтерден. 12. Кельттерден. 13. Еврейлерден. 14. Немесе «белгісіз бір тайпадан» дей келе, автор: «Жуық арада «Рустар Родос аралынан, Родезиядан, тіпті, Сүлеймен аралдарынан шықты» дейтін де болармыз», – дейді  («Славия» журналы, 1931 ж., Прага.).

Кейінгі кездері «орыстар арабтан шыққан, өйткені Египет пирамидаларындағы жазуларда орыс сөздері бар екен» деген де пікір теледидар хабарларында айтылып жүр. Орыс тілінде араб сөздерінің кездесетіні рас. Мысалы орыстың көне  аңыздарындағы жыраудың Баян (Боян) аты оның кәсібіне байланысты болса, онда бұл арабтың «баяндау» сөзі, егер есімі болса түрктің «баянды» сөзінен. «Пирамидалардағы жазуларға» келсек, ол құрылыстар Египетті арабтардың жаулауынан 3-4 мың жыл ерте салынғанын әлгі пікір айтушы ескермеген. Ресей зерттеушісі Н. Вашкевич те «За семью печатью» атты кітабында: «Все немотивированные слова и выражения других языков в конечном счете восходят к русскому языку или арабскому. И это независимо ни от истории, ни от географии», – депті. Шын мәнінде, осы зерттеушінің араб сөздерінен келтірген мысалдары латын, грек арқылы орыс тіліне енген ғылыми терминдері (ал-гебра, аль-коголь, т.б.).

Сондай-ақ: «Орыстар тым ертеде Солтүстік Мұзды мұхитының орнында болған, антикалық авторлар Гиперборея деп атаған материктің тұрғындары «арийлер» екен, «мұз дәуірі» басталған соң оңтүстікке ауыпты», «Гиперборея» – солтүстік бораны» мағынасын білдіретін сөз», – деген де пікір жиі айтылуда» (В. Демин. «Тайны русского народа». М. “Вече”. 1997).

Мұз дәуірі басталғанда орыстар ғана емес, өзге де, бүгінде «арий» делініп жүрген халықтардың баршасы да  Гипербореядан оңтүстікке қоныс аударған болар? Ал «борей, борея» орыс тіліндегі буран, ураган, пурга сөздеріне келеді десек, мұндай сөздер түрк тілінде де бора, боран, бораған, борау, бұрқасын, буырқану, т.б. түрде бар. Бұлардың түбірі түрк тіліндегі  үр, үру, үрлеу сөзі.

  Енді бір айтушы: «Апеннин түбегінде латындардан бұрын тұрған этрус  халқы орыстан шыққан», – деп, дәлел ретінде Польшаға барып поляк тілін естіген италиялықтың осы тілді этрус жазуларымен салыстырғанын айтады. Солай-ақ болсын. Онда неге этрус тілін поляктікі я жалпы славян тілі деп айтпасқа, тек «орыс тілі» деп көрпені күштеп тартудың керегі қанша деген сұрақ туады. Этрустардан қалған бояулы суреттерде олардың шаштары, қастары қара, өңдері қоңырқай. «Егер олар солтүстіктің халқынан шыққан болса, географиялық жағдайға байланысты  шаш-қастары, реңдері ақ-сары болар еді ғой?» деген күмән туады.

  Батыс Европа тарихшыларында этрустардың Апеннин түбегіне шығыстан келгендігі туралы пікір әлдеқашан қалыптасқан. Рим тарихшысы Сенека: “Tuscos Asia sibi vindicat” («Азия тусктар бізден пайда болды деп санайды»)», – деп жазған. Ал ертеде «Азия» деп батысевропалықтар қазіргі Таяу Шығысты атаған. Соңғы кездері этрустар шумерліктердің бір тармағы деген болжам айтылуда. Түрктер де шумерліктердің Орталық Азияға ауған бөлігі деген пікір бары белгілі. Зерттеушілер этрустар мен түрктердің тілінен, салт-дәстүрінен көптеген ұқсастықтар табуда.

Тарихта «этрус» деген атпен қалған бұл халық өзін «расна» деп, ал римдіктер «туск» деп атаған екен. «Рус» пен «этрус», «расна» сөздерінің ұқсастығы орыс зерттеушілеріне ой салары түсінікті. Алайда этрус халқы Рим империясы пайда болардан ерте, біздің дәуірге дейінгі VІІ ғасырларда өмір кешсе, ал славяндардың «Повесть временных лет» жылнамасында «русь» атауы тек  862 жылы, славяндар мен угро-финн тайпаларын варягтың Рус тайпасынан шыққан Рюрик, Синеус, Трувор атты ағайындылардың билеуге келген кезден пайда болғаны жазылған.

  Байқағанымыз: орыс зерттеушілері өздерін славян текті санай тұра, орыс ұлтының  пайда болуын поляк, украин, беларус, чех, серб, хорват сияқты славян халықтардан бөлек қарастырады екен. Осыған орай Ресейдің империялық пиғылынан көп теперіш көрген поляк, украин халықтарының тарихшылары да мүмкіндігінше өздерін орыс халқынан аулақтатпаққа тырысуда. Осындай пікірлердің бірі – украин халқының Балтық теңізі маңында өмір кешкен Укр тайпасынын шыққандығы туралы. Алғашқы дерек ретінде укрлардың 989 жылы германдықтармен соғысы айтылады. «Ондай болса Киев Русінде 889 жылы христиан дінін қабылдаған халық кім, қазіргі украиндықтардың ата-бабасы емес пе?» деген сұрақ туады.

 Украина зерттеушісі В.Белинский өзінің «Страна Моксель» атты кітабында орыс халқының славяндарға жатпайтынын, солтүстік ормандарындағы угоро-финндік тайпалардан ХІ ғасырда Киев князінің кенже ұлы Юрий Долгорукийдің ұйымдастыруымен пайда болған халық екенін жазады: «В IX-XII веках не существовало русского народа (и в особенности великороссов!). Славянские племена (поляне, древляне, сиверяне, дулибы, тиверцы и т.д.), на базисе которых в историческом развитии образовался украинский народ, и финские племена (мурома, меря, весь, мещера, мокша, пермь, нарова и т.д.), ставшие впоследствии основой великороссов, никогда не имели исторического единства, хозяйственно не соприкасались до XVI века. Сии истины установлены русскими историками-профессорами», – дейді. Сөйтіп орыс халқының шығу тегі жайындағы сұраққа қоса енді «кім славян, кім бөтен?» деген мәселе туындап отыр.

  Орыс  ақыны А.Блок өзінің «Скиф» шығармасында: «Да, скифы мы! Да, азиаты мы!» деп, өз замандастарының (орыс зиялыларының) бірқатарының ойындағы пікірді өлеңмен білдірген. Орыс халқының скифтігін А.И.Герцен де насихаттаған екен. Бұл туралы В.А.Туниманов: «Свое положение в Европе Герцен много раз определял как позицию чужего, постороннего, скитальца, скифа, варвара, туранца»,– деп жазады.

Тұран демекші, «тарих атасы» саналатын Геродот скифтер жайында: «Кочевые племена скифов обитали в Азии. Когда массагеты вытеснили их оттуда военной силой, скифы перешли Аракс и прибыли в киммерийскую землю», – деп жазған еді. Осылайша скифтердің Тұраннан (Түркістаннан) Қара теңіздің солтүстігіндегі жерлерге келгені айтылады. Сондай-ақ, Геродот скифтердің айтуынша бұл жердегі олардың алғашқы билеушісінің аты Тарғытай болғанын, Тарғытай билік құрған кезең мен парсы шахы Дарийдің скиф жеріне жорық жасауының арасы тұп-тура мың жыл екенін баяндаған. Дарий жорығының жаңа жылсанауға дейінгі 514 жылы болғаны белгілі. Бұған мың жылды қоссақ, скифтердің Азиядан Қара теңіз солтүстігіне келу мезгілі шамамен жаңа жылсанауға дейінгі 1500 жыл болмақ.

Ж. ж. дейінгі V ғасырда өмір сүрген грек тәуіпі әрі ойшылы Гиппократ өзінің «О воздухе, водах и местностях» аталатын еңбегінде: «В Европе есть скифский народ, живущий вокруг озера Меотида и отличающийся от других народов. Название его – савроматы», – деген. Геродот «Тарихында» осы, скифтердің бір бұтағы сарматтар туралы: «Савроматы  занимают полосу земли к северу, начиная от впадины Меотийского озера, на пятнадцать дней пути, где нет ни диких, ни саженых деревьев», – деп олардың жері Азов теңізінің ойпатынан басталып, Дон өзенінің шығыс жағалауымен солтүстікке созылғанын жазған.

Ресейлік жазушы А.Бушков «Чингисхан: Неизвестная Азия» кітабында: «Кстати, о Польше. Там среди шляхты столетиями отчего-то держалось стойкое убеждение, что поляки происходят непосредственно от сарматов. Только после ХV века эти взгляды стали помаленьку заменяться на чувство принадлежности к семье европейских народов», – деп, ХVІІІ ғасырға дейін поляк ақсүйектері өздерін «сармат князьдары» атағанын жазады.

  П.Т.Фиров та «Гетманы украинского казачества» атты кітабында (Симферополь, 2005) Богдан Хмельницкийдің кіші ұлы Юрий Хмельницкий туралы: «Турки провозгласили Юрия гетманом и «князем малоросской Украины». Своей столицей он выбрал Немиров, и оттуда рассылал универсалы, в которых титуловал себя «князем сарматским Малой России – Украины, вождем Войска Запорожского», – дейді. Егер славяндарға жататын поляктар мен украиндар өздерін скифтердің бір бұтағы болған сарматтарға жатқызады екен, олармен тілі бір орыс халқы неліктен скиф ұрпағы болмауға тиіс  деген сұрақ туады.

 Алайда, қазір  осы халықтар өздерін тек «славян» деп атап, скиф, сармат атауларын айтуды қойған. Ара-тұра еске алса да, Геродот «Тарихындағы» скифтердің Азиядан келгендігі туралы деректі мүлде көргісі келмейді.

Деректанушы ғалымдар «тіл бірлігі, ұқсастығы этностардың тамырының бірлігінің ең көрнекті дәлелі» екенін айтады. Ендеше, Қара теңіз солтүстігіне келген скифтердің (сармат) бұрында Тұрандағы массагеттермен байланысы болған-болмағанын осы халықтың тілі арқылы анықтауға болады.

Византия елшісі Земархтың 568 жылы Түрк қағанатының батыстағы жерлерінің билеушісіне сапары жайлы тарихшы Менандрдың жазуынша «түрк бақсылары скиф тілінде анайы сөздерді сыбырлап, қоңырауларын күңгірлеткен» (Византийские историки, СПб, 1860, 376 бет). Сөйтіп өздерінің мың жылдық көршілері скифтердің тілін жақсы танитын византиялықтардың айтуынша түрк бақсылары скифше сөйлеген. Бұл дерек скиф пен түрк тілі бір екенін аңғартады.  Сондай-ақ, Геродот  амазонкалар туралы:  «Скифтер амазонкаларды «еор пата» деп атайды, бұл эллинше «ерлерді өлтірушілер»  деген мағынада; скифше «еор» – еркек, ал «пата» – өлтіру сөзі», деп жазыпты. Қазіргі қазақ (түрк) тілінде де «ер» – еркек, ал «опат» – өлтіру. «Опат» (бат, бату, батыс) сөзі қазіргі орыс тілінде «падать, упасть, запад; украинша «падать, впасти»; полякша «спасч»; чехше «спади»; хорватша «пасти, пао». Бұл сонау Геродот дәуіріндегі скиф тілі қазіргі түрк және славян тілдерімен бірдей болғанын көрсетеді. Скифтердің алғашқы билеушісі Тарғытайдың есімін 2800 жылдан соң шығыс түрктерінен кездестіреміз. Мысалға Шыңғыз ханның туыстары ішінде тайшуыт руының көсемі  Тарғытай-Қырылдақты, тарғыт руынан шыққан Тағытайды, Түмбене ханның шөбересі Тарғытайды, т.б. айта аламыз.

* * *

Славян мен түрк тілдерін салыстыра зерттеу орыстың ХІІ ғасырда (1185 ж.) жазылған ең көне әдеби шығармасы саналатын «Игорь полкы туралы сөзге» қатысты ХІХ ғасырдың бірінші жартысында-ақ басталған. Осы шығармадағы «куръ» сөзінің «курица» емес, түрктің құр, қора, құрған сөздеріне келетініне тарихшы А.Ф.Вольтман 1833 жылы назар аударуды ұсынса, ал Қазан университетінің профессоры Ф.И.Эрдман осы шығармадағы ориентализмдерге арнаған мақаласында: «Никто еще не заметил азиатского колорита сего стихотворения»,–деп жазды (Эрдеман. 1842, 20 б.). Осы университеттің түрк тілдері кафедрасының профессоры И.Н.Березин, «Игорь полкын...» Н.Гербелдің аударуына орай,  1854 жылы  жазған рецензиясында бірқатар сөздердің этимологияларын түсіндірген. Орыс шығыстанушы-түрколог П.М.Мелиоранский бұл шығармаға 1902 және 1905 жылдары «Турецкие элементы в языке «Слова о полку Игореве» деп аталған көлемді екі мақала жазды. Мелиоранский публикацияларындағы этимологияларды жоғары бағалаған академик Ф.Е.Корш өз мақаласында ондағы болван, боярин, бусый, быля, жемчуг, каган, ногата, харалуг сөздеріне қатысты өзіндік пікір айтады.

  Белгілі түрколог С.Е.Малов та осы шығармадағы түркизмдерге бірнеше зерттеулер арнап,  «Тюркизмы в языке «Слова о полку Игореве» атты мақаласында бірқатар түрк сөздерін талдаған (Малов, 1946, 129-139 бб.).  Неміс славит-түркологі К.Г.Менгес 1951 ж. жарық көрген кітабында  осы шығармадағы түрк сөздері деп есептеген 40 лексемге талдау жасайды. Кеңесік  түрколог Н.А.Баскаков өзінің осы тақырыпқа қатысты әр жылдардағы зерттеулерін «Тюркская лексика в «Слове о полку Игореве» атты монографиясында жинақтады. Мұнда ол 44 лексеманы талдаған. (Баскаков, 1985, 99-172 бб.). 1975 жылы дәл осы көне орыс шығармасының түрктігін зерттеген О.Сүлейменовтің «АЗиЯ» аталатын кітабы жарық көрді. Осы тақырып бір жарым ғасыр бойына орыс, неміс ғалымдары ортасында талқыланып жүргендігіне қарамастан «АЗиЯ» кітабына байланысты Ресей ғалымдары едәуір дау көтерді.

Аталған зерттеушілердің баршасына ортақ нәрсе – олар «Игорь полкы туралы сөз» шығармасындағы түрк сөздерін Х-ХІ ғасырларда Киев Русінің Дешті Қыпшақпен көрші болуынан енген «кірме сөздер» деген пікірде болды.

  2008-2012 жылдары «Ғасырларға жалғасқан жаңсақтық» атты кітабымды жазу кезінде (бұл еңбекте «моңғол» сөзі ертеде этностың емес, мемлекеттің (Меңгу ел, Мәңгі ел)  атауы болғанын, «көне моңғол тілі» делініп  жүргеннің, шын мәнінде, шығыс түрк диалекті екендігін анықтағанмын) КСРО Ғылым академиясының Тіл білімі институты шығарған «Древнетюркский словарь» (1969 ж.)  және «Сравнительный словарь тунгусо-маньчжурских языков» (1975 ж.) жинақтарына көп рет үңілген едім, көне түрк және қазіргі қазақ тілімен дыбысталуы да, мағынасы да бірдей мыңдаған орыс (славян) сөздерін ұшыраттым.

 Алайда зерттеу кезінде көзім түскен түрк негізді орыс сөздерін тек Х-ХІ ғғ. Русь Дешті Қыпшақпен көрші болғанда немесе  ХІІІ-ХVғ.ғ. Алтын Орда иелік еткен кезеңде жұғысқан деуге келмейді. Тіпті, қазіргі қазақ тілінде сақталмаған я тым өзгеріске ұшыраған көне түрк сөздері орыс тілінде жетерлік екен. Бұл – мәселенің «енген сөздерден» күрделі екендігін байқатады. Мысалы «икона» сөзі 732 жыл тұрғызылған Көлтегін мәңгі тасында «Тізесі барды жүгіндірдім» (йүгүну) деп жазылып тұр. Ал Русьтің тек осыдан бір жарым ғасыр өткен соң ғана (889 жылы) христиан дінін қабылдағаны белгілі. Бұл сөзді Махмұт Қашқаридің 1074 жылы жазылған «Диуан лұңат ат-Түрк» шығармасынан да көреміз.

КСРО ҒА шығарған «Древнетюркский словарь» жинағында берілген мысалдардан   жүздеген орыс сөздерінің түрк сөздерінің түбірінен ғана емес, жалғау, жұрнақтарынан да, теріс қарай оқылуынан да, буындар ауысып та жасалынғанын көреміз. (Кейбір сөздердің  екі тілге ортақтығы тым көмескіленіп, жалпылама жаңғырықтай естіледі). Мысалы аталған «Сөздіктің» 387 бетінде «Оғыз-намадан» келтірілген «өңлік» сөзі «лицо» деп аударылған. «Өң» түбірінің мағынасы демесек, дыбысталуы «лицо» сөзіне келмейтіні  айқын. Мұнда «лік» жұрнағынан орыстың «лик», одан личико, лицо, лицемер, лицевая, т.б. туындаған. Ал шығыс түрктерінде де (моңғол), оғыз диалектінде де (Түркия, әзірбайжан) бар «амбар», «анбар»  (ауызғы бөлме, кіреберіс) сөзі орыс тілінде «амбар» деп те, «анбар» сөзіндегі буындар орын ауыстыруынан (бар+ан)  «веранда»  түрінде де кездеседі.

  Таласқа түсіп отырған «славян» атауы, шын мәнінде, көне түрк сөзі. «Древнетюркский словарь» жинағында: «ÇАВ (чаб, чаві) – слава, известность, молва: bilig esi  çab esi ben-ok ertim  – обладателем мудрости, обладателем славы был именно я (Тонюкук, 7- строка)», деп 734 жылы тұрғызылған Тоныкөк ескерткіші жазуынан, және де: «ÇАВLIN,  ÇAVLAN – прославиться, становиться известным: er  çavlandi  – мужчина прославился (М.Кашгари. стр. 388, строка 17)»,  деп 1074 жылы жазылған М.Қашғаридің «Диуан луғат ат-Түрк» кітабынан мысалдар келтірілген. Тіпті, «Славян» сөзінің түп-тамырын тұңғұс-шүршіт тілдерінен табамыз. СТМ жинағында: «СӘ – знать» делініп, Эвенкше «сәв, савун» – быть известным; быть знаменитым; Учр. диалектінде «сәлэн, һәлэн, шәлэн» –  сведующий, талантливый; Ульч тілінде «сәван, сэвчу» – сообшить, уведомить; Манжұрша «сабулә» – знать, понимать; Шүржен тілінде (көне манжұр) «сәһ-һі» – знать; письм. монг. «сана» – думать; Др. тюрк. «сан» – думать», деп жазылған. Қазақ тілінде бұл «саналы», «сақи» сөздері екен. Осыған қарамастан қазіргі орыс, украин, т.б. халықтар «славян» атауын латындардың «құл» деген сөзінен шықты деп этностық атауларын европа сөзінен шығарып мәз болуда.

 Меніңше «славян» атауын Еділ бұлғар-түрктерінің ханы Аспарух 680 жылы Дунай өзенінің оңтүстігіндегі скиф тектес тайпаларды билігіне алғанда жалпы халқына берген де, кейін бұл атау солтүстік-шығыстағы скиф-сармат (поляк, украин, чех, т.б.) және угро-фин тайпаларына да  жайылған сыңайлы.

Қазірде біз «қазақ (түрк) тіліне орыстан енген» деп жүрген бірталай сөздер де, шын мәнінде, бір кездері түрк тілінен орыс тіліне еніп, кейіннен өзімізге қайта оралғанын көреміз. Мысалы М. Қашқари еңбегінде көрсетілген «шыт» сөзі орыс тілінде «ситца» болып, қайтадан қазақ тіліне «сиса» болып оралған (ақ сиса, қызыл сиса, сиса көйлек). Ал   «аран» сөзі «кровать» болып, бүгінде тілімізде «керует» делініп жүр (СТМ: Эвен. арән – постель, кровать; һарәнтъ – пользоваться кроватью;  др.тюрк. аrаn – скотный двор). Якут тіліндегі «туркэ»  (бытырамен ататын мылтық) орыстың «дро)бовик» сөзінен енген делінгенімен негізінде түрктің «тара», «бы(тыра)» сөзі жатыр, т.б.

Осы кітабымда 3-4 мыңдай түрк негізді орыс сөздерін көрсеткеніммен, бұл сөздерден ондаған мың сөздер туындайтынын жоғарыдағы мысалдардан-ақ байқауға болады. Әзірге зерттеу нәтижелері орыс (славян) тілінің өзіндік этностық негізі жоқ екендігін, сөздерінің басым көпшілігі (татар зерттеушілерінің айтуынша 95 пайызы) түрк тілі негізінде, ал өзгесі грек, латын, түрк тілі арқылы енген парсы, араб сөздерінен құралғанын көрсетіп отыр. Сондай-ақ тұңғыс және орыс тілдеріне ортақ көптеген сөздер ұшырасты.

Қазіргі орыс зерттеушілері Г.Носковский  мен А.Фоменко: «Тюркский язык, вполне вероятно, был простонародным языком наших предков, а русский язык является, скорее всего, разговорным упрощением церковно-славянского языка. Ему наших предков научили в церкви, и он постепенно вытеснил разговорный тюркский язык», – деген пікір айтады («Русь и Рим», 5 том, 99 б).  Ал Татарстан зерттеушісі Н.Хусаинов «Орыс тілінің түркі негіздерінің сөздігі» жинағында: «Ерте заманда арнайы тіл маманы (грамматист) түрк тілінен түрлі жолдармен славян тілін құрастырып шығарған», – дейді.

Айта кетер мәселе – «түрк тіліне араб, парсыдан енген» делінетін сөздер жайы. Әдетте «кірме сөздер» халықтар аралас, көрші тұрғаннан я дін бірлігінен діни кітаптары (кейінгі 1-2 ғасырда ғылыми терминдер) арқылы енетіні белгілі. Көптеген «түрк тіліне араб, парсыдан енген» делінетін сөздердің (нышан, сурет, қожа, стан, бақи, дос, иман, амал, сақи, өмір, хасан, халық, ғылым, мал, арам, запа, сахара, залым, т.с.с.) алтай тілдері тобына жататын, мұсылман діні бармаған тұңғыс-манжұр тілдерінде болуы – осы сөздердің, керсінше,  түрктерден парсы мен арабтарға енгенін байқатса керек. Тарихтағы оқиғалар да осылай болғандығына дәлел. Парсылар да, арабтар да дінін таратқанымен Түркістан жерінде тұрақтамаған. Ал Х ғасырда Арал теңізі өңірінен қозғалған оғыз түрктерінің Иерусалимге дейін барғаны, ХІІ ғасыр аяғында Хорезм империясының батыс шекарасы Иракка шейін созылғаны, ХІІІ ғасыр басында Шыңғыз хан әскері Мысыр мен Византия шекарасына ат басын тірегені белгілі. Парсылар тек бес ғасырдан соң (1510 ж. Герат қаласы маңында Мұхаммед Шайбани қазасынан соң) түрктерден құтылса, ал арабтар 1918 жылы ғана ағылшындардың жәрдемімен Осман империясынан тәуелсіздігін алғаны белгілі. Мәдинә қаласындағы Мұхаммед пайғамбар жерленген мешітті ұлғайтып,  қабырғаларын қай түрк сұлтаны қай жылы салдырғаны сол құрылыстарда жазулы тұр. Сондықтан бұрынғы «түрк тіліне бәлен халықтан енген» деген сөздер де қайта зерттеуді қажет етеді.

Сондай-ақ түрктің «кіріт» сөзіне (М.Қашқари: KIRIT ключ (І т. 357);KIRITLӘ закрывать: qapuү  kiritladi – дверь заперли (МК ІІІ т. 345) «за» қосымшасы (приставка) арқылы орыстың «закрыть» сөзі пайда болса, ал осы сөзбен мағыналас «запереть» сөзіндегі «за» еш қосымша емес, «зап» – түрктің «жап» сөзі; «Нельзя» сөзіндегі «не» приставка саналып, «льзя» түбірінің қандай мағына беретінін іздеп те орыс филологтары талайдан бастарын қатырып жүр. Шын мәнінде «нельзя» – сөздің түбірі. Ол эвенк тіліндегі «эңэзэ», қазақтың «меңзе» сөзі (СТМ сөздігі: ЭҢЭЗЭ запрет (нельзя!) (Эвенк.): говорить иносказательно).

Түрктің «қопар»  сөзінен пайда болған орыс тіліндегі  «копать», ыдыстың тығынын алу, қопару мағынасындағы «откупорить» сөзімен келіселік. Ал ыдысты тығындауды  «закупорить»  деп, «қопару»  мағынасына кері әрекетке де «қопару» сөзін пайдаланған... Зерттеу барысында мұндай мысалдар көптеп кездесті. Сондықтан жалпы орыс тілі ғылымына қатысты қалыптасқан көп қағидалар да қайта зерттуді қажет етеді екен.

Тіл бірлігін ескерсек, Геродот жазғандай скифтер (славяндар) де, В.Белинский айтқандай угро-финндер (орыстар) де Европа шығысына Азиядан (Тұраннан) барған деген тұжырым жасауға болады. (Мұндай тұжырым этрус сөздерінің неліктен түрк, славян, орыс сөздеріне бірдей ұқсайтынын түсіндіре алады). Тек скифтер Европаға Каспий теңізінің оңтүстігін айналып, Геродот айтқандай «Аракс өзенін өтіп келсе», ал угро-финндар Азиядан (Сібірден) Каспийдің солтүстігімен барған сыңайлы. Мұны орыс тіліндегі тұңғұс сөздерінен аңғаруға болады.

Қазақстандық зерттеуші В.Сухов: «Если ставить вопрос о едином древнем этническом и языковом корне тюрок и славян, то таковым мог быть только древний этнос – динлин. Южнославянская группа племен так же, как и восточнославянская, являлись потомками одного древнего народа – сибиров-савиров, который в свою очередь являлся потомком древнего сибирского народа – динлин», – деп жазады. Динлин мәселесіне орыс ғалымдары көптеген зерттеулер арнаған. «Источники недвумысленно подчеркивают кочевой хозяйственно-культурный тип и тюркоязычие динлинов», – дейді «Википедия».

Динлин нәсіліне ғалымдар Орталық Азияның көне төрт халқын жатқызып, осы қатарда Енисей қырғыздарын, Солтүстік Тянь-Шаньда тұратын үйсіндерді, сондай-ақ баегуді (байергу)  атайды. Қырғыз бен Үйсін атаулары баршамызға жақсы белгілі. Ал баегу тайпасын бүгінгі тарихшыларымыз бірде Қорқыттың руы баятпен, бірде көне Қияттың Ергенеқонда болып шыққан баяут руымен шатастыруда. Шәкерім «Шежіресінде» баергуді (дыбысталу ұқсастығына орай болса керек) «бай арғын» сөзі деген болжам айтады. Баегу тайпасы жайы Көлтегін, Тоныкөк ескерткіштерінде жазылған. Көтеріліс кезінде түрк  қағаны Қапағанды өлтірген осы баегулер деген деректер бар.

Ресей зерттеушісі А.Бушков «Чингисхан: Неизвестная Азия» кітабында орыстардың мінезін, кейбір дәстүрін, тұрмысын түрк халықтарымен салыстыра келе: «Гунны, настолько известно – несомненные тюрки, пришедшие из Центральной Азии. А следовательно, можно слагательные преспокойнейшим образом поменять: если имеются веские основания считать, что гунны-тюрки – это славяне, то остается всего один шаг до логического завершения: славяне – это тюрки», – деген тұжырым жасайды (144 б.).

(Гередот пен Рашид ад-Дин еңбектеріндегі деректер ықылым замандарда Тұраннан (Түркістаннан) батысқа ауған  түрктердің бір бөлігін гректер «скиф» деп, ал шығысқа ауған түрктерді қытайлар «сюңну» (хунну, ғұн) атағанын көрсетеді. Ал «славян жеріне» келген ғұндар 155-158 жылдарда қытай әскері мен сәнбиліктер қолбасшысы Таңшықайдан ығысып, Жайық пен Еділ өзендері өңіріне қоныс аударып, өсіп-өніп, 448 жылы Еділ ( Аттила) қағанның басқаруымен Рим империясына соғысуға аттанған шығыс түрктерінің бір бөлігі болатын. Енді бір бөлік хуннулар (көне Қияттар) Ергенеқонда жан сауғалап (Шыңғыз хан аталары), ал өзге хуннулар сәнбилерге өз еркімен бағынып, сол ІІ ғасырдан шығыс түрктері «татар» атанғанын «Ғасырларға жалғасқан жаңсақтық» атты кітабымда жазғанмын).

 Бағзы замандарда түрктер мен славяндардың тілдік, этникалық тамыры ортақ болғандығы туралы қазірде  біршама  айтыла бастады. Қазақ зерттеушісі Қайрат Закирьянов: «Что греха таить, современное российское общество стремится приобщится к европейской жизни. Однако Европа Россию как европейскую державу не воспринимает, не оттого, что она недостойна этого – у нее свое, особенное место»,– деп жазады (К.Закирьянов. «Под знаком волка: тюркская рапсодия», Алматы, 2012).

Батыс Европаның бірнеше ұлты, әсіресе венгрлер, Үшінші Рейх кезінде өздерін «арийлық» санаған немістер де өздерінің шығу тегін зерттеуде Азия шығысына назар аударғаны белгілі. Ал олардан әлдеқайда Азияға жақын орналасқан орыс халқы болса өз тамырын тек Европадан іздеумен келеді. Тіпті өз ғалымдарының «Игорь полкы...» шығармасынан тапқан түрк сөздерін де әр саққа жүгіртіп, нәтижесінде осы шығарманың аудармасы мәселесінде лингвистер әлі де бір тұжырымға келе алмай отыр.

  Осындай себептен мен бұрынғы зерттеушілердей ойыма келген кез-келген түрк негізді орыс сөздерін бұл кітабыма енгізбедім. Орыс тіліндегі «устав» сөзі қазақша «ұстаным» сөзіне келетінін, «моли, молить» сөзі «мөлию», «каркас» – қаңқасы екен» деп мыңдаған сөздерді тізуді мақсат етпедім. Тек орыс ғалымдары (КСРО Ғылым академиясы) өздері шығарған «Древнетюркский словарь» жинағының ішіндегі көзіме түскен орыс (славян) сөздерін теріп алып, «қазақша бұл сөз мынадай» деген қысқа ғана түсінік жазып ұсынып отырмын. Оқып шыққаннан соң әр адам орыс халқының қайдан пайда болғанын өзі пайымдай жатар.

  Түрк пен славян тілдеріндегі ұқсастық орыстарға ХІІІ-ХVғасырларда Алтын Орда иелік еткен кезеңде енген деген қате пікір тумауы үшін кітапқа Мәңгі ел мемлекеті түгіл, Шыңғыз хан дүниеге келместен ертеде – VІІІ-ХІІ ғасырлардағы көне түрк жазба ескерткіштерінен ғана мысалдар алынды.

 «Древнетюркский словарь» жинағында кездеспейтін, алайда дыбысталуы да, мағынасы да түрк және орыс (славян) тілдерінде (және тұңұс) бірдей сөздердің бірқатарын көрсету үшін «Сравнительный словарь тунгусо-маньчжурских языков» жинағынан мысалдар келтірілді. Сондай-ақ «Қосымша» тарауда тек тұңғұс пен орыс тілдеріне ортақ (түрк тілінде кездеспейтін) сөздерді жеке көрсеттік. Осы кітабыма зерттеу нысаны ретінде пайдаланылған КСРО ҒА шығарған екі жинақтағы мысалдар орыс тілінде болғандықтан  аударылмай берілді.


Хасен ҚОЖА-ТҮРК,

"Жұлдыз" журналы

Пікірлер