Біз - бәйтеректің бұтағымыз

8435
Adyrna.kz Telegram

Бүгін – алты алаштың ардағы, академик-жазушы Зейнолла Қабдоловтың туған күні. Осыған орай ғұлама ғалымның немересі Абылай Қабдоловтың мақаласын ұсынып отырмыз.

Мен – жақында ғана тоқсан жылдығы тойланған академик-жазушы Зейнолла Қабдоловтың ең кіші, яғни оныншы немересімін. Атам маған кішкене күнімнен көп үміт артты. Атымды да Абылай деп өзі қойды. Жалғыз менің емес, ағаларымның, яғни өзге немерелерінің есімдерін де қойған сол кісі. Зейнолла атам мен Сәуле апамның төрт баласы болды. Оның екеуі – Дарын мен Абзал ағаларым ілгеріде өмірден өтіп кетті. Төрт ұлдың үлкені Бақыт Зейноллаұлы – менің әкем. Бақыттан үш ұлмыз: Арай, Абай, Абылай. Серік Зейноллаұлынан – Сардар, Санжар, Бибінұр. Дарыннан – Арын, Ғалым, Дария. Абзалдан – Айдар. Енді атамның шөберелерін таныстырайын: Сардардан – Санат, Қайсар, София, Дияр; Санжардан – Дениза, Абайдан – Рамазан, Зере; Арыннан – Айдын. Атамыз көз тірісінде осы сегіз шөбересінің үлкені Санатты ғана көріп, атын қойып кетті. Ал әжем – Сәуле апа тек кіші шөбересі Диярды ғана көре алған жоқ.
Белгілі ғалым, атамның жақсы көрген шәкірттерінің бірі Мақсат Тәж-Мұрат аға «Атырау» газетінде жарияланған «Өз жерінде әулие бар» атты әсерлі мақаласында былай деп жазды: «Ысық деген кісіден екі бала – Ақсары мен Сарыбай туады. Сарыбайдан: Тоғыншы, одан Қадірберген, одан Қадірғұл, одан – Сейтен, Самай, Жиен. Жиеннен үш бала: Баймұрат, Самұрат, Абызмұрат. Самұраттан: Жақсыбай, Жапалақ, Өте. Өте бәйбішесінен Қылыш, Құлбай, Аққошқар, Бәшен дейтін төрт ұл, тоқалы Қызғалдақтан – Бостан, Асан, Үсен, Бәйгел, Құмалақ деген ұлдар көрген. Қылыштың бәйбішесі Төлебикеден – Төлеп, Тобық, Мымсы, Мырзағұл, тоқалынан: Ақмырза, Баймырза, Бармақ, Науша. Наушадан: Көпжан, Қадиша, Қабдол, Сәпи, Кенжебай. Қабдолдан: Қоңырша, Зейнолла, Қалимаш, Орын».
Тарихшы Марат Жұмағұловтың деректеріне сүйеніп, біздің әулеттің шежіресін түзген қадірлі Мақсат ағама мың да бір рахмет! Бірақ осыған аздап өзгеріс енгізуге тура келіп тұр. Өйткені, Көпжан – Қабдолдың ағасы емес, әкесі. Атамыз мен әжеміз кішкене кезімізден құлағымызға жақсылап құйғандықтан біз мұны жақсы білеміз. Имандылық жолына түскен менің әкем Бақыт ілгеріде Көпжан бабамыздың басына арнайы барып, тәу етіп қайтқан.
Сонда менің жеті атамның тізбегі былай болып шығады: Өте – Қылыш – Науша – Көпжан – Қабдол – Зейнолла – Бақыт. Бақыттан – Абылай.
Менің атам Зейнолла Қабдолов өте ғажап адам еді. Өз басым ес білгелі ол кісінің маған бір дауыс көтеріп, ұрысып, ренжігенін көрген емеспін. Әрқашан күліп, жадырап жүретін... Мені көрген сайын «Абылайым келді!» деп, құшағына басып, қарсы алатын. Әсіресе, тіліме қатты қызығатын. Неге екенін білмеймін?! Бәлкім, туғаннан тілім қазақша шығып, қазақ тілінде еркін сөйлегенімнен болар. Өзімнің де басқа пәндерге қарағанда, әдебиетке деген қызығушылығым басымырақ болды. Бірінші сыныптан бастап-ақ, атама арналған өлеңдер болса, соларды жаттап, өзіне айтып беретінмін. Ол кісі соған кәдімгідей қуанып, мәз-мейрам болып қалатын.
Сәуле апам кейін «Көрген түстей, сағымдай...» деген кітапқа айналған күнделігінде 2004 жылғы 12 желтоқсанда былай деп жазыпты: «Бұл күні таңертең атасын құттықтауға Абылай ата-анасымен келіп, Бауыржан Жақыптың Зекеңе арнаған «Бәйтерегін» жатқа айтып берді. «Сен кіргенде КазГУ-ім жарық болып кетеді» деген жолдарын естіп, көңілі босады». Біз жыл сайын атамның туған күнінде түгел бас қосатынбыз. Бұл бір бақытты кездеріміз еді. Әркім өз өнерін көрсетеді. Мен белгілі ақындардың өлеңдерін оқимын. Осылайша атамды қуантқым келетін.
Жалпы, Сәуле апаның күнделігінде есімі ең көп алатын немеренің бірі – менмін. Ол кісі 1999 жылы 10 шілдеде «Сенбі. Бүгін – Абылайдың туған күні. Төрттен бес жасқа кетті. Жарық дүниеге шыққалы 4 жыл. Жақсы өсіп келе жатыр. Әсіресе, тілі тәтті. Ойда жоқ сөздерді тауып айтады. Мүмкін тіл маманы болар», – деп жазыпты.
Бірінші сыныпта оқып жүргенімде атамның: «Алтыншы сыныпқа жеткенде өз қолыма аламын», – дегені бар. Осыны неге айтты екен деп ойлаймын. Неге алтыншы сынып? Бәрібір оның сол сөзі үнемі маған ой салатын. Өмірде әрбір қадамымды аттаған сайын «Атам нені меңзеді? Әдебиетші бол дегені ме? Әлде, мұнайшы бол дегісі келді ме екен? Жалпы, оның үмітін ақтауға ұмтылып жүрмін бе?», – деген сұрақтар мазалап, көкейімнен кетпейтін.
Мен тілге бейімім болса да, тіл маманы болмадым. Мектепті қазақша оқыдым. Алматыдағы Мұқағали Мақатаев атындағы мектеп-гимназияда, физика-математика бағытындағы мектепте білім алдым. Одан Қазақ-қытай колледжіне түстім. Бұл шешім де жайдан-жай болған жоқ. 1991 жылы атам Қазақстан Жазушылар одағының делегациясы құрамында ҚХР-дың Шыңжаң аймағындағы Үрімші қаласында болған екен. Мен де 2009 жылы Қазақ-қытай колледжінің ұйымдастыруымен Үрімшіде бір ай бойы тіл үйрену курсында оқыдым. Әрі қарай осы тілді тереңірек меңгере бастадым. Кейін Бейжідегі Қытай мұнай институтына қабылдандым. Мұнай-газ ісі мамандығын қаладым. Бұл – Қабдол бабамның игерген кәсібі. Ата-баба өсиетіне адал болу – менің перзенттік борышым. Бәлкім, бала кезінен мұнайшылардың арасында өскен, сол кәсіптің өкілдері туралы талай көркем дүние жазған Зейнолла атамның бір кездегі орындалмаған армандарын жүзеге асырғым келген шығар.
Атам мен әжем бізді бір-бірімізді сыйлауға, бауырмалдыққа үйретті. Біз осы талапқа бейімделіп өстік. Бұл жөнінде Сәуле апаның күнделігінде былай делінген: «1999 жыл. 23 қыркүйек. Түске қарай Айдар немере (Абзалдың баласы) келіп, қуанып қалдық. Бұл бала қазақ тілінен көмек сұрай келіпті. Әсіресе, Абылай немере. Екі немеренің құшақтасқанын көргенде жылағың келеді. Қан тартып тұр ғой». Немесе: «1999 жыл. 22 қазан. Жұма. Сардар немеренің туған күні. Ол 20 жаста. Бұл күні балалар дайындалып, газет шығарды. Ойын түрлерін ойлап тапты. Сардар, Арай, Абай, Ғалым, Айдар, Абылай, Бақыт пен Гүлбарам, біздер...». Осындағы Гүлбарам – менің анам. Мамандығы – мұғалім. Қазақшаға жүйрік болуыма оның да үлесі мол. Тағы да жалғастырайық: «1999 жыл. 15 желтоқсан. Сәрсенбі. Мүсілім Базарбаевтың машинасын сұрап, бағып отырған кіші немерем Абылайды көрші Софияға қалдырып, Зекең екеуміз вокзалға тарттық». Қазір осы күндер өткен шақтың үлесіне кетті. Күнделікті қайта оқығанда, бәрі көз алдыңа келе қалады.
Мен 2006 жылы республикалық телеарна ұйымдастырған интеллектуалдық ойынға шақырылдым. Онда түрлі сауалдарға жауап беріп, арнайы жүлде иелендім. Сондағы әжемнің қуанғанын көрсеңіз. Атам бұл кезде науқастанып жатқан-ды. Ол кісіге де менің бәйге алғаным жөнінде айтылды. Сәуле апам бұл күнді күнделігіне былайша өрнектепті: «28 ақпан. Сейсенбі. Абылай немере «Алтын сақа» сайысына қатысып, сыйлыққа магнитофон, сағат, шай алыпты. Атасына арнап Бауыржан Жақыптың өлеңін жатқа айтып берді. Бәріміздің жүйкеміз босады».
Атамның әрбір сөзі – зергердің қолынан шыққан асыл бұйымдай сүйкімді де сұлу еді. Көңілге қуаныш ұялатып, ойыңа ой қосып, жігерлендіріп, алға жетелейтін. Ол үнемі «Құдай көп көрмесін, он шақты немерем бар», – деп тәубешілік жасап отырушы еді. Аллаға шүкір, бүгінде оның немерелері – менің арқа сүйер ағаларым ата өсиетіне лайық болып, өмірден өз орындарын тапты. Бірі – мемлекеттік қызметші, бірі – оқытушы, бірі – кәсіпкер, бірі – суретші-дизайнер... Атыраудағы немерелері сондағы Зейнолла Қабдоловтың Кітап үйіне ие болып отыр.
Атам өмірден озған соң, оның өсиетін қара шаңырақтың шырақшысы ретінде апам жалғастырды. Демалысқа келген сайын ол мені атамның кабинетіне шақырып алып:
– Балам, сыртта жүрсің, өзіңе қара, денсаулығыңды күт. Атаң айтқандай: «Таңертең күннің шыққанына қуан», – деп отыратын.
Атам мен апам – өз бойларындағы бар асылын, мейірім-шапағатын, сүйіспеншілігін ұрпағына шексіз махаббаты арқылы беріп, ізгілік нұрын себе білген, ұлы парасат иелері.
Зейнолла атам ұрпақ жалғасы туралы ой толғағанда: «Қастерлі ата қасиеті балаға дарымаса, немереде қайталанады, немереден болмаса, шөбереден шығады. Әйтеуір үзілмейді, із-түзсіз жоғалмайды», – дейтін. Біз қазір бұл сөздің де мәнісін жақсы түсінеміз.
Менің тіл мен әдебиетке құмарлығымды байқаған атамның: «Алтыншы сыныпқа жеткенде өз қолыма аламын», – дегенін жоғарыда айттым ғой. Бірақ оған тағдыр жазбады. Иә, әрине өкінішті-ақ, бірақ жазмышқа не істей аласың?!
Қазіргі уақытта атаммен өткен әрбір күнімнің, тіпті әрбір сағатымның қандай қымбат екенін жақсы түсінемін. Сол күндердің бәрін де сағынышпен есіме аламын. Менің көз алдымда атам ешқашан ұмытылмайтын, білімдар, данагөй тұлға, немерелеріне алыс болашаққа жол сілтеуші ақылман абыз ретінде қалып қойды. Ол кісідей бола алмасам да, ұқсап бағу міндетім деп санаймын.
Біздің арғы әулетіміздің ұраны «Бәйтерек» болған екен. Шын мәнінде менің атам да тамырын тереңге жайған бәйтерек секілді. Біз оның тарамдалған бұтақтары мен көктеп келе жатқан жас шыбықтарымыз. Бәріміз де жайқалып өсіп, жұртқа сая болуға тырысамыз. Бұл – атамның аманаты.

Абылай ҚАБДОЛОВ,
Қытай мұнай институтының
4-курс студенті
Бейжің қаласы
2017 жыл

Пікірлер