Азиядағы алып сауда. Қазақстан қайтпек керек?..

1176

Әлем елдеріндегі аумалы-төкпелі саяси ахуал, соның ішінде АҚШ-тағы сайлау, Оңтүстік Кавказдағы Таулы Қарабақ соғысы мен Covid-19 індетінен болған пандемия және басқа да оқиғалар жаһандық саясатқа һәм экономикаға өз ықпалын жасағаны мәлім. Мемлекеттер бұл тығырықтан бірлесіп шығуға амалдады. Соның бірі – «Кешенді аймақтық-экономикалық серіктестік» (КАЭС) келісімі. Бұл – еркін сауда аймағын құру туралы келісім. Оған Азия-Тынық мұхит өңірінің 15 мемлекеті қол қойған. Соның ішінде Қытай мен Жапония да бар. Бұл өз кезегінде өңірдегі сауда-саттықты либерализациялап, экономиканы дамытуға мүмкіндік береді деп күтті.

Бұл келісімді түзушілер біз орналасқан ОА аймағынан әлденеше алыста орналасқан десек те, оған қатысты біздің де мүдде-қызығушылығымыз жоқ емес. Жарым-жалқы сұрақтар да аз емес. Мысалы, бізбен көршілес жатқан Қытай енді Азияда сауда-саттықты қалай жасайды? Бұл келісім Қазақстанға һәм ОА елдеріне қандаймүмкіндіктер әкеледі? КАЭС өз кезегінде Азия елдеріне ғана емес, онымен одақтасып отырған ЕАЭО пен ЕО елдері арасындағы экономикалық қарым-қатынастарға да әсер етпей қоймайтыны анық. Ендеше келесідегі сауда саясаты қалай өрбімек? КАЭС-тен кейін Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» жобасы қалай өзгереді?..

Бұл сұрақтарға жауап іздемес бұрын, алдымен КАЭС дегеннің қандай келісімшарт екеніне, оның артықшылықтары мен кемшіліктеріна бір шолу жасаған жөн-ақ.

Кешенді аймақтық-экономикалық серіктестік (Regional Comprehensive Economic Partnership, RCEP) — бұл еркін сауда аймағын құру туралы келісім. Оған әуелі Оңтүстік-Шығыс Азия елдері Ассоциациясына мүше 10 мемлекет (ОШАА: Бруней, Вьетнам, Камбоджа, Лаос, Малайзия, Мьянма, Сингапур, Таиланд, Филиппины) және 6 ОШАА мен екіарада еркін сауда байланысы туралы келісім жасасқан 6 ел (Австралия, Үндістан, ҚХР, Жаңа Зеландия, Корей Республикасы және Жапония) кірген. 2012 жылдың қарашасындағы Камбоджажа өткен ОШАА саммитінде аталмыш келісімге қол қойылған.

Сол кездің өзінде-ақ, Қытай сарапшылары аталмыш келісімді (КАЭС) Шығыс Азия аймағындағы экономикалық интеграцияны күшейтуге бағытталған батыл қадам деп бағалаған. Бұл экономикалық серіктестік өз кезегінде өңірдің тұрақтылығы мен дамуына ықпал етеді деп сендірді. Және дәл осы Қытай КАЭС-ті құру процессіне белсенді араласып, бар күшін салып қолдады. Өйткені, КАЭС Қытайдың ашықтық стратегиясына да, бейбіт және дамуға бағытталған көршілік қарым-қатынасты күшейту саясатына да тиімді болды. Сондай-ақ, Қытай осыдан бір жыл өткенде ҚХР төрағасы Ши Жипиңнің бастамасымен «Жібек жолы экономикалық белдеуі» және «XXI ғасырдың Теңіздегі Жібек жолы» секілді жаһандық жобаларды бастап кетті. Бұл екі жобаның басталуын төраға Ши 2013 жылы Қазақстанға және Индонезияға барған сапарларында ашқан болатын. Кейін бұл екі жоба «Бір белдеу, бір жол» жобасына біріктілірген.

КАЭС-тің әуелгі мақсаты Азия-Тынық мұхиты өңірінде еркін сауда аймағын құру дедік. Ал оның жүйелі жұмысының негізі ретінде үш принцип қарастырылған. Олар: ДСҰ нормалары мен принциптеріне сәйкес болу; серіктестердің айырмашылықтарына және олардың ішіндегі әлсіздеріне мұқият болу; серіктестікке кірмейтін мемлекеттерге деген ашықтық (соның ішінде, еркін сауда-саттық туралы екіжақты келісімдері бар серіктестерге).

КАЭС мүше мемлекеттердің ортақ мүддесі ретінде – тауар бағасын төмендету үшін сауданы либерализациялау, жаңа нарыққа шығу, экспорт-импорт ағынын көбейту, инвестициялық әрептестікті кеңейту, жекелеген мемлекеттер арасында саяси және экономикалық байланыстар орнату т.б. болды.

КАЭС құру туралы көпраундтық келіссөздер жүрген. Арада 8 жыл өткенде ғана, 2020 жылдың 15 қарашасында Ханойда КАЭС құру туралы келісімді барлық тарап (Үндістанды қоспағанда) қабылдап, қол қойған. Сарапшылар, бұл  (КАЭС) – бұл өз кезегінде 2,2 млрд тұтынушысы бар, ЖІӨ көлемі 28 трлн долларды құрайтын (дүниежүзілік ЖІӨ көлемінің 30 пайызы) әлемдегі ірі еркін сауда аймағы болмақ дейді.

«Bloomberg» агенттігі аталған интеграцияны: «Әлемдегі ең ірі сауда келісімі» деп атаған. Әрине, Азиылық мега нарықтың құрылуы – өз кезегінде геосаясатқа да әсер етпец қоймайды. Ал ол Ресей мен Орта Азия елдері секілді көршілес мемлекеттердің даму стретегияларында да ескерілуі керек-ақ.

КАЭС секілді ірі сауда блогының пайда болуы жаңа экономикалық тәртіп пен әлемдік экономиканың орталығы Оңтүстік-Шығыс Азияға, соның ішінде Қытайға қарай ойысуы мүмкін деген де ой тудырады. Оның үстіне ҚХР ШЫҰ мен БРИКС-те де басымдыққа ие. Қазақ пен французға ортақ экономист, «Parlink Consulting-тің» басқарушы серіктесі Берлин Иришев атап өткендей, әлемдік экономикадағы осы бір реконфигурация мен Қытай позициясының нығайуын барлық елдер қаперлеріне алуы керек. ҚХР өз амбицияларынан айнымай, көпвекторлы саясат жүргізудің үлгісін көрсетті. Демек, ЕАЭО мен ЕО аясындағы ортақ нарық қалыптастырған елдерге де өздерінің даму стратегияларына азды-кем өзгертулер мен түзетулер жасауға тура келеді.

КАЭС құру туралы ақпарат әуелі Қытайдың АҚШ-ты әлемдік экономика олимпінен құлатуын асыға күтіп жүрген елдерге қосымша күш бергендей болды. Оның үстіне КАЭС келісімі 2016 жылы АҚШ бастап құрған Транс-Тынық мұхиты серіктестігіне балама ретінде құрылған. Ол кезде ТТС-ға қосылмаған жалғыз Қытай еді. 2017 жылы аталған ұйымда салмақты позициясы болғанына қарамастан АҚШ та бұл келісімнен шығып кетті. Ал Қытай бұл қадамды ұтымды пайдаланып, КАЭС құру идеясын қолға алды. Тіпті, Австралия, Филиппин, Жаңа Зеландия секілді проамерикандық мемлекеттердің АҚШ-тан гөрі Қытайды саудадағы серіктес ретінде қабылдауы да көп нәрсені аңғартса керек. Жапония мен Корей секілді басқапқыда қауіпті бәсекелес саналған мемлекеттер де  кейін осы топтан табылды. Иә, көп жылдық келіссөздердің арқасында бұл келісімде Қытайдың ұпайы түгел шықты. Бірақ, бұл әлемдің сауда ережесін Пекин жазады деген сөз емес.

КАЭС келісімі құрылуы – Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» жобасы ұмытылады деген де сөз емес. Керісінше, КАЭС тек Азия аймағындағы саудаға ғана емес, ЕАЭО мен ЕО елдерінің саудасын да ынталандырады деген сөз. Қытайдың интеграциялық моделі жаһандық және өңірлік конфигурацияға бейімделгіш екені ешкімді таңқалдырмаса керек. Шығыстағы бұл алып альтернатива  (көбіне көп Қытаймен байланыстырылады) көп ретте адамдарды шындыққа тура қарауға ғана үйретпей, сол шындықтың ауыртпалығын да көтеруге бейімдейтінімен ерекшеленеді. Конфуцианствоның бір өсіиеті де – заманауилыққа сенуді уағыздайды. Ол дегеніңіз – біздің адами болмысымыз өзін мұндайда икемсіз сезінбейді, керісінше, өз мүмкіндіктерін көрсетуге мүмкіндік алады деген сөз.

Осы ретте Қытайға қатысты Оңтүстік-Шығыс және Оңтүстік Азия мен ОА мемлекеттеріндеші синофобия осы қауымдастықтарға кері әсерін тигізбей, жұртты жалған ұрейден арылтуы керек. Өйткені, әркім өз қорқынышына өзі жауапкер. Әуелі сананы осындай фобиялардан тазартып, қоршаған әлемге, ондағы мүмкіндіктерге сергек көзбен қарап үйренуіміз керек.

Иә, «Бір белдеу, бір жол» жобасы Қытай мүддесіне негізделген және Қытай бақылауын күшейтуі мүмкін деген қауіпті тудыратыны рас. Алайда Қытай саясаты осыған дейін «Кез келген империялық жаулаушылық ой оны көп мүмкіндіктен шектейді» деген философиядан айнаған жоқ.

Қытай өз басбаталарында саяси интеграциядан гөрі, сауда-саттықтағы жеңілдіктерді көздейтін экономикалық интеграцияларға мүдделі болып келді. Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» деп аталатын интеграциялық моделі «қолшатыр» іспетті сипаттамаға ие. Ол дегеніңіз – Қытай  инвестициялары мен индустриялық қуатын интеграцияға қатысушы елдерге жеткізеді. Ал қабылдаушы елдер өз кезегінде жаһанданудың қытайлық моделіне адалдықтарын ретінде интеграцияны қолдайды. Қытай аталмыш жоба туралы: «Бұл серпімді интеграциялық жоба және оның конфигурациясын қатысушы елдердің өздері айқындайды» дейді (А. Маслов).

Дәл осы «Бір белдеу, бір жолға» салынған салым мен коммерциялық пайданы байланыстырмай, кейбір жобалардың әлі де аяқталмай тұрғанына қарамай, жалпы есепте Қытай бұл бастамаға 260 млрд доллар көлемінде ақша құйыпты. Қытай «Бір белдеу, бір жолды» қызмет экспортына бағыттап құратын болады. Және өз өндірістерін кедергісі аз, салымның тиімділігі мұқият монтиорнгтелетін жаққа көшіреді. Осы тұрғыдан, ОА елдеріне қытай инвестициясын барынша тиімді әрі дұрыс пайдалана білу керек. Өйткені, ендігіде Қытай инвестициясы азаяды деп болжануда. Бұл ЕАЭО пен КАЭС-тің даму перспективаларына да тікелей қатымсты. Жуырда, «ЕАЭО: Covid-19 пандемиясы мен ЕАЭО даму келешегі» атты ЕАК әзірлеген баяндамада Одақтың алдағы уақытта тек ішкі интеграцияларға ғана емес, сыртқы байланыстарды күшейтуге де жұмыс жүргізетіні айтылған. Осы бағытта Вьетнаммен ЕАЭО арасында еркін сауда аймағы құрылып жатыр. 2019 жылдың 1 қазанында ЕАЭО елдері мен Сингапур арасында да жан-жақты сауда келісімдерінің алғашқы пакеті қабылданып, жүзеге асыралатын болды. Сол секілді Қытаймен де ЕАОЭелдері арасында сауда-экономикалық байланыс орнату туралы келісімдер түзілді. ЕАК қазірдің өзінде Камбоджа Үкіметімен бірлесіп жұмыс жүргізуде. 2018 жылдың қарашасында Мемлекет басшыларының қатысуымен ЕЭК пен ОШАА арасында меморандум қабылданды. Бұл келісімдерден ЕАЭО-ның биыл қарашадағы КАЭС келісімі қабылданбай жатып-ақ, аталған бағытта жұмысты бастап кеткенін көруге болады. Демек, бұл алдағы уақытта да жалғасатын болады.

Ал Қазақстанға келсек, ЕАЭО-ның белсенді мүшесі ретінде өзіне тиесілі Қытайдың Солтүстік-Шығыс бөлігіндегі Ляньюньган портындағы терминалы арқылы ол ЕАЭО мен КАЭС-ті, КАЭС пен ОА және ЕО елдерін байланыстыратын көпір бола алады.

«Бір белдеу, бір жол» жобасы әлі де Қытайдың сыртқы саясаттағы өзекті бастамаларының бірі саналады. Оған қатысты айтылатын сындарға қарамастан Қытай басты рөлге ие дамудың, сауда-саттық пен геосаясаттың бұл комбинациясы Пекинді әлемдік держава позициясына жетелейді.

Мысалы, америкалық аналитик Джонатан Хиллман өзінің 2020 дылдың қыркүйегінде шыққан «Императордың жаңа жолы: Қытай және ғасыр жобасы» атты (The Emperor's New Path: China and the Project of the Century) кітабында Қытайды сауда-саттықты өздерінің геосаяси амбицияларының құралы еткен өзге де державалармен салыстырып жазады. Джонатаон Хиллман өз мақаласында Британ империясымен салыстырған. Онда: «Инфрақұрылым Қытайдың оңтайлы құралы екеніне қарамастан, ол көбіне дамушы елдер үшін қызықты. Алайда жүзеге асыруға ұзақ уақытты қажет етеді. Пекин бастамасы дамушы елдерге қызық және «император Сиге» тәуелділік – оның Қытайдың сыртқы саясаттағы авангарды болып қалатынын аңғартады», деп жазылған.

Қорыта келе айтарымыз, КАЭС келісімі сөзсіз Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» бастамасын одан ірі дамытуға оң ықпал етеді және Оңтүстік-Шығыс Азия, Азия-Тынық мұхиты елдері мен ОА арасында жаңа экономикалық мүмкіндіктер ашады. Соның ішінде, біздің өңір үшін үлкен нарық ашылады. «Бір белдеу, бір жол» жобасы бірнеше жылдың ішінде транспорттық-логистикалық коммуникацияларды құрып, өңірлік байланыстар негізінде операциялық процедураларды сәтті жүргізуге мүмкіндік ашты. Бүгінлде Қазақстан мен ОА елдері 2,2 млрд нарыққа өз тауарларын экспорттауға мүмкіндік алды. Сондықтан, бұл өз кезегінде қазақстандық өндірушілерге, кәсіпкерлер мен шетелдік инвесторларға ауқымды Азия нарығына шығару үшін дәл біздің елге салым салуға қосымша мотивация болары сөзсіз.

Философия ғылымының кандидаты, Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану Институтының аға ғылыми қызметкері Еркін БАЙДАРОВ

 

 

Пікірлер
Редакция таңдауы