«Ұлттық ғарыштық зерттеулер мен технологиялар орталығы» құрамында Жердің магнит өрісін өлшеуге арналған KazSciSat-1 наноспутнигі мен 17 метр рұқсаты бар KazSTSat-1 ЖҚЗ технологиялық спутнигі, сондай-ақ жерүсті басқару кешені мен ақпаратты өңдеудің мақсатты кешені бар «ғылыми-технологиялық мақсаттағы қазақстандық жүйені құруға қатысқандығын ескермей кетуге болмас.
2018 жылғы 4 желтоқсанда АҚШ-тың Ванденберг ғарыш айлағынан Falcon-9 зымыранымен ұшырылғаннан кейін, осы уақытқа дейін KazSciSat-1 спутнигімен 400-ден астам байланыс сеансы өткізілді. Жердің ионосферасындағы физикалық процестерді және олардың жер процестерімен өзара байланысын зерттеу мақсатында Жер маңы ғарыш кеңістігінің мониторингі бойынша міндеттер орындалуда.
Қазақстанда "Мир" станциясында және Халықаралық ғарыш станциясында біздің батырларымыз-ғарышкерлер Т.Әубәкіров, Т. Мұсабаев және
А. Айымбетовтың қатысуымен бес ғылыми бағдарлама іске асырылғаны ауыз толтырып айтарлық жетістік.
Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің тапсырмасы бойынша Қазғарыш пен
"Ұлттық ғарыштық зерттеулер мен технологиялар орталығы" АҚ қазақстандық ғарышкердің Халықаралық ғарыш станциясына ұшуының алтыншы ғылыми бағдарламасын қалыптастыру бойынша үлкен жұмыс жүргізіп жатыр. Арнайы құрылған жұмыс тобы Қазақстанның ғылыми ұйымдары мен жоғары оқу орындарының ғалымдары ұсынған Халықаралық ғарыш станциясының бортында эксперименттер жүргізу үшін жобаларды мұқият іріктеп алды. Бағдарлама Қазғарышта келісуден өткен соң, Роскосмода сараптамадан өтеді.
Бүгінде әлемде ғарыш саласының бес негізгі драйвері бар. Біріншісі-шығындарды азайтуға мүмкіндік беретін технологиялар. Екіншісі-жеке инвестициялардың үлесін арттыру. Үшіншісі-деректердің үлкен массивіне (Big Data) тәуелді болып келе жатқан жаһандық экономика. Төртінші-ғарыш қызметін экономикалық өсудің көзі ретінде қарастыру, ал бесінші-әскери және стратегиялық әзірлемелер.
Қай сала болмасын, қаржылай қолдаусыз жүзеге асуы екіталай екендігі белгілі. Сондықтанда ғарыш саласын дамытуда атқарылатын тағы бір бағыт, ол бюджеттік бағдарламаларды дайындаумен байланысты. Бұл ғарыш қызметі саласында 2021-2023 жылдарға арналған қолданбалы ғылыми зерттеулер жасау, Халықаралық ғарыш станциясының бортында ғылыми эксперименттердің қазақстандық бағдарламасын дайындау, сондай-ақ Білім және ғылым министрлігінің гранттық және бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру жобаларын қалыптастыру болып табылады.
Сонымен қатар ғарыш ғылымының 2025 жылға дейінгі даму пайымы жүйелі түрде әзірленгендігі де үлкен жетістік екендігін айта кету керек. Бұл бағдарламалық құжат жоғарыда айтылған жетістіктерге және дамудың тежеуші факторларын еңсеруге негізделеді.
Жоғарыда айтылған бағдарлама шеңберінде ғарыш саласындағы ғылыми-зерттеу жұмыстары мен әзірлемелерге бірыңғай көзқараспен бірқатар мамандандырылған міндеттерді шешу ұсынылады. Бағдарлама ғарыштық навигациялық техника, ғарыш аппараттарының, наноспутниктердің, Қазақстанда алғаш рет қолданылғалы отырған аса жеңіл класты зымыран-тасығыштың компоненттерін, заманауи IT-шешімдерді, геокеңістіктік және уақытша деректердің бірыңғай базасын, табиғи және техногендік процестердің мониторингі технологияларын, жоғары өнімді есептеу технологияларын пайдалана отырып, жақын және алыс ғарышты зерттеудің аппараттық-бағдарламалық құралдары бойынша жұмыстарды қамтитын болады.
Келесі бір бағыт — инвестициялық жобаларды әзірлеу, ғылыми инфрақұрылымды жаңғырту және дамыту болып отыр. Олардың бірнешеуін атап өтсек, олар: Табиғи және техногендік апаттарды болжаудың және жерүсті-ғарыштық мониторингінің халықаралық орталығы және геодинамикалық полигонды құру, Ассы-Түрген обсерваториясындағы эксперименттік астрономиялық кешенді жаңғырту, Тянь-Шань астрономиялық обсерваториясының базасында Ғылыми-білім беру орталығын және астротуризмді құру.
Ғарыщ саласында кадрларды даярлау мәселесі өте маңызды екені белгілі. Осыған орай еліміздің жетекші жоғары оқу орындарымен бірлесіп, "Ұлттық ғарыштық зерттеулер мен технологиялар орталығы" АҚ магистрлер мен PhD докторларды дайындау үшін бейінді кафедралардың филиалдарын құру бойынша жұмыстар атқаруда. Орталықтың жетекші ғалымда осы жоғары оқу орындарында сабақ берсе, зертханалар мен обсерваториялар студенттер мен магистранттардың дипломалды және өндірістік тәжірибелерін, тағылымдамаларын ұйымдастыруға көмек береді.
Бүгінде ғарыш саласының білікті маманы болу үшін ағылшын тілін жақсы білу және IT-технологияларды меңгеру қажет.
Ғарыш саласының дамуы «Ғалым» мамандығын қайтадан сәнге айналдырып және беделін арттыра түседі деп үміттенеміз.
Ерке Жомарт,
«Адырна» ұлттық порталы