Білім беру жүйесіндегі ескірген қағидалар

2677
Adyrna.kz Telegram

Еліміздегі білім беру жүйесін құптамайтын ата-ана көп. Сол себептен де білімге жоғары талап қоятын жандар балаларын қалтасы қағылса да, бірі халықаралық мектептерде, енді бірі, тіпті, шет ел асырып оқытуда. Ал бүгінгі күннің «қаһарманы» Илон МАСКТІҢ америкалық білім беру жүйесіне, жалпы әбден қалыптасып қалған дәстүрлі оқытуға көңілі толмайды. Ол келешекте мектеп ашып, білім жүйесіндегі әбден ескірген қағидаларды жойғысы келеді.

 Илон Маск өзінің мектептегі жылдарын есіне алғанда аса қуанбайды: ғарышты жаулаған жан кезінде өзіне қызық емес пәндерді оқытқаны үшін қынжылады, сондай-ақ ол үшін көп оқушының жақсы оқуына әсер ететін бағаның да еш маңызы болмаған. Өзінің бес баласы бұндай «қиындықтан» аулақ болуы үшін өнертапқыш Ad Astra (Жұлдызға жол) атты арнайы мектеп ашқан. Бұл жоба жайлы көп ақпарат жоқ, өте құпия және онда тек SpaceX қызметкерлерінің дарынды балалары ғана білім алады. Бір ғана белгілі нәрсе – ол мектеп дәстүрлі білім жүйесіне еш бағынбайды. Бұл мектептің ерекшелігін Илонның дәстүрлі білім беру жүйесіне қатысты пікірлерінен  топшылауға болады.

  1. Бағалау жүйесі тиімсіз

 «Менің мектебімде баға жоқ. Баға балалардың құндылықтарының өзгеруіне әсере етеді», - дейді Маск. Бірақ Ad Astra мектебінің өз бағалау валютасы бар. Валютаны мәселені дұрыс шешу үшін емес, өз идеяларын жүзеге асыру үшін алынады. Біреуі веб-сайт жасаса, біреу бәліш пісіреді. Әркімнің бір нәрсе жасауға және оның қаншалықты құнды екенін сезінеуіне мүмкіндігі бар. Осылайша балалар нарықтық қатынастарды алдын-ала іс жүзінде үйренеді.

  1. Оқушының мақсаты – жоғары білім болмауы керек

Илонның пікірінше, жоғары білім мен барлық пәндерді терең зерттеп білудің артықшылығынан гөрі  зияны басым. «Мұның бәрі адамдарды өздерін ерекше деп санауға мәжбүр етеді. Салдарынан олар өздерінің қателіктерін тыңдап, талдаудан бас тартады»,- дейді ол. Беделді, бірақ дипломы жоқ тапқыр адамдардың мысалы ретінде ол Стив Джобс пен Билл Гейтсті атайды.

Масктың шәкірттері негізгі білімге назар аударады. Олар пәндердің негізін, олардың айтулы мәселелерін және практикада қалай қолдану керектігін түсінеді және болашағына қажет емес нәрселермен басын қатырмайды. Осылайша, олар ғылымның барлық салаларында күшті білім базасын қалыптастырып, өз мамандығын жақсы игерген сайын тереңдей түседі.

  1. Тестер, абстрактілі тапсырмалар мен теңдеулердің тәжірибе болмаса, пайдасы жоқ

«Тестер америкалық білімді жойды. Түлектер ойлана алмайды, олар тек дұрыс жауапты таңдай", - дейді кәсіпкер. Білгеніңді бекітудің ең тиімді әдісі – тәжірибе. Балаға қандай құрал мен олар не үшін қажет екендігі туралы айтудың орнына, Масктің мектебінде қозғалтқыш беріп, оны бөлшектеуді сұрайды.

«Абстрактілі тапсырмаларды шешудің пайдасы жоқ, балалар не үшін қажет екенін түсінбейді және естеріне сақтай да алмайды. Олардың миы артық ақпаратпен толып қалады», - дейді Илон Маск. Оқушылар мұндай сандар мен айнымалылардан басқа ештеңесі жоқ күрделі теңдеулерден мағына көрмейді. Балама ретінде балаларға мынадай нақты міндеттер берген дұрыс: бірнәрсе жасау, түзету, өмірлік жағдайды шешудің тиімді жолдарын анықтау.

  1. Балаларға этика мен моральды терең зерттеу қажет

«Көл жағасындағы шағын қаланы елестетіп көріңізші. Халқының негізгі бөлігі алып заводта жұмыс істейді. Бұл завод көлді ластап, ондағы жануарларды өлтіреді. Сен не істейсің? Зауыттарды жабу дегеніміз –  бәрін жұмысынан айыру, ал егер жаппасаң, қаланың көлден айрылып қалу қаупі бар », - деп кәсіпкер Ad Astra-да өзі көрген жағдайды сипаттайды.

Мұндай тапсырмалар –  Илон Маск мектебінің оқушылары үшін тұрақты тәжірибе. Бұл әлемге сын көзбен қарауға, құндылықтар жүйеңіздің мықтылығын тексеруге де көмектеседі. Балаларға моральдық компас пен эмпатия беру оларды математикалық теңдеулерді шешуге үйретуден гөрі маңызды.

  1. Сыныптарға бөлу тиімсіз

«Менің мектебімде сыныпқа бөліну жоқ, оқушылар бірге оқиды», - дейді Илон. Жасына қарамай, олар берілген тапсырмаларды бірге шешеді, өз пікірлерімен бөліседі. Барлығы жауабын табуға мүдделі: олар үйге келген кезде де өткендерін ата-аналарымен талқылап, содан кейін командаға өз пікірлерін жеткізеді.

  1. Физиканы құрғақ теориямен емес, іс жүзінде зерттеу керек

«Егер сіз өзіңіздің мамандығыңызды физикамен байланыстырғыңыз келмесе де, оны білу сізге өте пайдалы болады», - дейді кәсіпкер. Маск оны негіз ретінде зерттеп, содан кейін сіз үшін ең қызықты бағытты анықтау үшін бірнеше курстан өтуге кеңес береді. Сондай-ақ балалар оның барлық заңдарын бақылап және оларды қолдануы маңызды, сонымен қатар құр құрғақ теорияға қанық боп қалмауы керек. Бұдан басқа пәндер өз маңызын жоғалтпайды. Илонның пікірінше, тіпті экономика да бәріне қажет, сондықтан оның терминологиясында шатасулар болмауы керек.

  1. Міндетті бағдарлама балаларды мектептен жеріндіреді

«Біреу математиканы меңгеруге, біреу тіл үйренуге бейім немесе музыканы жақсы көреді. Бағдарламаны алдын-ала жазғаннан гөрі баланың мүдделеріне сүйене отырып, даярлаған дұрыс», - дейді Илон. Ad Astra оқушылары демалыстың аяқталуын тағатсыздана күтеді, себебі бұл мектептің сабақтары олар үшін азап емес, олардың қызығушылығын  қанағаттандырудың жақсы тәсілі.

Маск жобасының мақсаты – әр баланың ерекше сипаттамаларын дамыту және оларды алдын-ала қалыптасып қалған жүйеге бейімделуге мәжбүрлемеу. Көптеген балалар дәстүрлі мектептерді жек көреді, сабақтарды жіберіп алып, нашар баға алады. Кейде, тіпті, білімге деген ынтасы жоғалып, мектепті тастап кетеді. Илонның көзқарасы бұған жол бермейді.

Илон Масктың білім беру жүйесіне сіздің көзқарасыңыз қалай? Балаңызды осындай  мектепке берер ме едіңіз? Әлде, сіздің еліміздегі білім беру жүйесіне көңіліңіз тола ма?

Фото ашық дереккөзден алынды

Дайындаған Айжан ПЕРДЕБЕКҚЫЗЫ

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер