Cтратегиялық коммуникациялар Агенттігінің басшысы Нұркен Халықберген Білім министрлігіндегі шенеуніктердің негізсіз амбициялары қап-қараңғы білімсіздікке алып келеді деп мәлімдеме жасады деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы «Жерұйық» ақпараттық порталына сілтеме жасап.
Қазақстанның білім саласының деңгейі Кот-Д’Ивуар, Камбоджа, Ирак, Ливия сияқты елдердің сәл-ақ алдында тұрған көрінеді. «Қазақстандықтар барған сайын елден тысқары жаққа көптеп кетуде. Жастар шет елдің оқу орындарын көптеп таңдап жатыр. Ал біздің Білім және ғылым министрлігі болса, өздерінің әдемі жазылған есептерінде реформаны қатырып жатырмыз, бәсекеде ешкімге дес бермейміз, Болон процесін табысты енгізіп жатырмыз, т.т. бөскенде алдарына жан салмайды. Ал іс жүзінде жағдай мүлдем бөлек»,-дейді Нұркен мырза.
Реформадан көз ашпаған білім саласы
Тек білім саласында ғана емес, еліміздегі тұтас барлық сала реформадан көз ашпайтыны, барлығы қағаз жүзіндегі есепте ғана «керемет» екені мәлім. Басшы қосшылар шетелдің жылт еткен дүниесін бізге лайық болсын, болмасын әкеліп, күштеп «жапсырып» әлек. Соның салдарынан соңғы он жылдықта білім, медицина, ауыл шаруашылығында өрлеуден гөрі құлдырау процесі қарқын алып келеді. Жоғарыда сөз еткен білім саласына қайта оралсақ. Өткен ширек ғасырда бір ғана Білім және ғылым министрлігін он үш министр басқарған. Министрлік басшысы он үш рет ауысқан! Ең сорақысы, өзіміз куә болғанымыздай, әр келген жаңа министр «айды аспанға бір-ақ» шығарғысы келіп, тыраштанатыны сонша, түрлі реформаларды жүргізуге жанталасты.
Ғарышты игеруді «армандаған» министр
Есімізге түсіріп көрейікші, қай білім министрі қандай ісімен есте қалыпты. Тәуелсіздік алған жылдарда бұл министрлікті Ғалым Әбілсейітов, Владимир Школник, Қырымбек Көшербаев, Нұралы Бектұрғанов, Шәмшә Беркімбаева, Жақсыбек Құлекеев сынды азаматтар басқарыпты. Бұл министрлер тұсындағы келеңсіздіктерді шетке ысырып, соңғы он шақты жылдағы министрлердің атқарған шаруаларының ауыз толтырып айтарлық тұстарын еске түсіріп көрейік.
Бірғаным Әйтімова білім саласын 2004 — 2007 жылдарда басқарыпты. Не тындырды? Әйтімованың тұсында жастарды шетелде оқыту туралы бағдарлама іске қосылды. Сонымен қатар «Қазақстан Республикасында 2005-2007 жылдарға арналған ғарыштық қызметті дамыту» мемлекеттік бағдарлама жобасының шеңберінде Қазақстанның ғарыштық саласына арналған кадрларды даярлау және ғарыштық мониторингтің ұлттық жүйесін құруды да» осы министр қарастырмақ болып, қолға алған көрінеді. Он үш жылдың ішінде ғарыштық қызметті дамыту бағыты бойынша білім алған студент пен маман туралы естіп, білгендеріңіз бар ма? Бастапқыда осылай қазақтың баласын шетелде оқытамыз деп бастама көтерген министр Әйтімованың бұл жаңалығы «Болашақ» бағдарламасына ұласыпты. Бір ғана «Болашаққа» сол 2005 жылы 2 миллиардтан астам теңге бөлінген. «Болашақпен» кеткен студенттердің басым бөлігінің шетелден қайтпай, қалып кететіні де сол жылдар емес пе?! Дәл осы жылдары білім сапасын сауатсыз оқулықпен байланыстырған министрлік 135 оқулықтың 48-ін қайта жетілдіріпті. Осы тұста есіңізге сап еткен дүние әлі күнге оқулықтағы сауатсыздық мәселесі болды, солай ма? Жыл сайын айтылатын жаттанды мәселе оқулықтағы сауатсыздық, сапасыздық. Неге? Оқулықтағы қателіктерді түзету қыруар қаржы екенін бесіктегі бала да біледі. Білім саласында шұбатылып, реттелмей келе жатқан оқулық мәселесі шешілмейтін неткен күрделі проблема дерсіз. Өкінішке қарай, егер шындап кіріссе, шешуге болатын проблема бұл. Тек, бұл проблеманың шешілмеуі әлдекімдер үшін өте тиімді сияқты. Сонымен, Бірғаным Әйтімованың тұсында іліп аларлық дүниелер осы ғана екен. 2004 жылы 150 млрд теңге қаржы бөлінген білім саласының тізгінін қолға алған Әйтімованың ауыз толтырып айтарлық жетістіктерін еске түсіру қиын-ақ.
Инженерлер дайындауды «армандаған» министр
Келесі министр Жансейіт Түймебаев:«Ең бастысы ол орта мектеп, содан соң қазір айтып жүрген кәсіптік білім маман дайындауда соны дамытамыз. Себебі біздің білікті мамандар, жұмысшылар, инженерлер қазір заман талабы. Бүкіл дүние жүзілік тәжірибені енгіземіз. Өйткені біздің өндіріс орындары, шетелдік компаниялар, ұлттық компаниялар халықаралық дәрежеде жұмыс істеп жатыр. Соған лайықты біз мамандар дайындауымыз керек», депті министр тағына алғаш отырған күні. Лайықты мамандар даярланды ма? Он үш жылда министр айтқан мамандардың дайындалғаны сөз жүзінде қалып, іс жүзінде жүзеге асырылмаған. Сол жылдары Қазақстан бойынша жоғарғы оқу орындарының 17 пайызы және филиалдардың 58 пайызы халықаралық білім беру талаптарына сай болмай, жабылыпты.
Бір қызығы, осы 2008 жылы Түймебаев неге екені белгісіз, оқушылардың тест сынағы тоқтайтынын мәлімдепті. Алайда шуы таусылмайтын тестілеу әлі күнге өтуде. Түймебаевтың тұсында да бала-бақшадағы орын жетіспеушілігі, білім сапасы деген проблемалар қолға алынғандай болыпты. Өкінішке қарай, күні бүгінге дейін бұл проблемалар да шешімін тапқан жоқ. 2007 жылы 131,5 млрд ал 2008 жылы - 627,3 млрд, 2009 жылы 709,9 млрд теңге бөлінген білім саласы Түймебаевтың тұсында да түрленіп кеткені шамалы.
Шетелге кеткен ғалымдарды қайтарғысы келген министр
2010 жылы Білім және ғылым министрі болып Бақытжан Жұмағұлов тағайындалды. Министр Жұмағұловтың ел есінде қаларлық атқарған шаруасы Назарбаев университетін ашумен тікелей байланысты. Сондай-ақ ол шетелге кетіп қалған ғалымдарды елге қайтарам деп біраз әуреге түскені де есте. Б.Жұмағұлов министр болып тұрған шақта елдегі ғалымдарымыз Назарбаевқа «Ғасыр ғұламасы» атағын берді. Қазақстан мектептерінде ислам діні жайлы түсінік беретін факультативтік курс енгізуді ұсынған да министр Жұмағұлов еді. Ал ең басты Жұмағұловтың естелігі 2013 жылдан бастап барлық мектептерде ағылшын тілін бірінші сыныптан бастап оқыту жүйесі енгізілді. Бұл министрдің жаңалығының арқасында мәңгүрт ұрпақтың саны көбейе түскенін бүгінде көзіміз көруде. Өз ана тілін толық меңгермеген алты жасар балаға ағылшын тілін де оқыту «артық қыламын деп, тыртық қыламынның» керін келтірген жоқ па? Осылайша қазақ тілінің мәртебесі кері шегініп, бүгінге дейін Қазақстанда тіл мәселесі шешілмеген күйі қалды. Шетелге кеткен жүздеген ғалымдарды қайтару министр Жұмағұловқа орындалмаған арман күйінде қалды. Керісінше, осы кезеңнен бастап Қазақстаннан шетелге көшуге бел буған оқымысты, ғалымдардың саны арта түспесе, кемімеді. Жұмағұлов басқарған 2010 жылы оқулық сатып алу үшін ғана 5 млрд 941 миллион теңге бөлініпті. 2011 жылы бұл салаға 50,6 млрд теңге бөлу жоспарланған. Ал 2012 жылы 1,2 трлн. теңге бөлінген білім саласындағы сол кездегі қордаланған проблемалар бүгінге дейін шешімін тапты ма?
Үш тілде сөйлетуді армандаған министр
Білім саласын үш жыл басқарған Аслан Сәрінжіпов алдыңғы министрді «басып озғаны» сонша, мектептерде бірінші сыныптан бастап үш тілде оқытуды және 2020 жылы Қазақстандағы мектептерде информатика, физика, химия, биология пәндері ағылшын тілінде оқытыла бастайтынын айтты. Жаңылыспасақ, биыл Сәрінжіпов айтқан 2020 жыл. Қай баламыз үш тілде сайрап, қай оқушы информатика, физика, химия, биология пәндерін ағылшын тілінде оқып жатыр? Бұл министр де сол баяғы оқулық сапасын мәселе етіп көтеруден әріге аспапты. Мұнан басқа Сәрінжіповтің атқарған шаруаларының салмақтысын таппадық. 2015-2017 жылдарға 1,7 трлн теңге бөлу қарастырылған білім саласынан көп ұзамай министр Сәрінжіпов кетіп, орнына осы саланы ұлардай шулатып басқаруға Ерлан Сағадиев келіп жайғасты.
Армандары өте көп болған министр
Қазақ Білім және ғылым министрлігі мен еліміздегі мұғалімнен, оқушыға дейін ұзақ жылдар есінде ұстайтын бір министр болса, ол Ерлан Сағадиев шығар, сірә. Ә дегеннен оффшорлық есеп шоттан өзімен аттас адамның аты- жөні шыққан бұл министр бизнестен мемлекеттік қызметке келген «ерекше адамның» бірі еді. Сәрінжіпов салған «сара жолдың» қандай жол екенін Сағадиевтің тұсында білдік. Бәрін ағылшын тілінде сайратамын деген Сәрінжіпов сол тілді оқытатын адамның жоғын ескермепті. Министр Сағадиев келіп ағылшын тілін оқытатын отыз мыңға жуық маманның жетіспейтінін мәлімдеді. Осылайша ағылшын тіліне сұрау салып, шарқ ұрып іздеуге кіріскен Сағадиев мұғалімдерді мектепке емес, оқуға жіберіп бастады. Осы министрдің тұсында мұғалімдер бала оқытқаннан гөрі, өздері айлап курстарда жүргені есте. Ағылшын тілін оқыту курсы, жаңартылған білім беру курсы, «Өрлеу» т.б түрлі курстар Сағадиевтің тұсында өркен жайды. Одан не өзгерді? Еліміздегі білім сапасы керемет деңгейге көтерілді ме? Әлде мұғалімдер ағылшынша сайрап кетті ме? Әрине, бұл министрдің тұсында да бюджеттен білім саласына миллиардтар бөлінді. Бөлінгенде, қандай! 2016-2019 жылдарға арнап - 484,8 млн тенге. Ал 2019 жылы 580,4 млн теңге қосымша қарастырылған.
Сағадиевтің тұсында латын әліпбиіне көшу туралы бастама жиі көтерілгені де мәлім. Латын әліпбиін мектеп білім бағдарламасына енгізудің Сағадиев 2017 жылдың соңына дейін реттелетінін айтты. Одан бері үш жыл өтті. Латын әліпбиі әлі күнге дейін тек сөз жүзіндегі шаруаға айналды. Оқушыларға берілетін үй тапсырмасын азайту, робот жасауды оқыту, қазақ тілін жаңаша әдіспен оқыту сынды министрдің өзі түсінетін, былайғы жұртқа түсініксіз дүниелерге «орындалады» деп мөр басылды. Мөр басылған күйі қалды. «Робот емес, айналайын-ау, балаға сапалы білім беруді қолға алсыншы» деген жұрттың шуы Сағадиевті састырмады. Білім министрлігі тарихында орнын ойып алғысы келді ме, министр Сағадиев электронды күнделікті іске қосты. Өзінің қызметтік тәжірибесінде қазақстандық мұғалімдер Сағадиевтің тұсындағыдай қағазға «көмілмеген» шығар, сірә. Электронды күнделікті бір толтырады, артынан қағаз күнделік пен журнал толтырады. Мұнан басқа ел мектептеріндегі қағазбастылық кеңірдекке жетердей көбейді. Сағадиевтің тұсында қағазбастылықтан әбден мезі болған, қажыған ұстаздар шыдамының шегі жетті. Көше сыпырудан, бітпейтін қағаздан, күштеп газетке жаздыртудан, өзіне міндеттелмеген басқа жұмыстарға жегілуден ығыры мен ызасы қатар шыққан мұғалімдер біртіндеп наразылық танытып, бас көтере бастады. «Бір жаманның жақсысы бар» дегендей, Сағадиевтің қисынға келмейтін реформалары мен тапсырмалары осылайша мұғалімдердің оянуына, құқығын талап етуіне түрткі болды.
Десек те, әлі күнге дейін мұғалімдерге қатысты, білім сапасы мен қатеге толы оқулыққа қатысты проблемалар түбегейлі шешілмеді. Бюджеттің миллиардтаған қаржысы айналып жатқан Білім және ғылым министрлігінде біз сөз еткен проблемалар шешіледі деп тек үміттенуден әріге аса алмайсыз. Сенім жоқ. Өйткені сенім арту мүмкін емес. Жоғарыда тізбектеп тоқталған министрдің ең болмаса біреуі «мен осындай реформам үшін бюджеттен пәлен миллиард бөлдіріп едім. Бұл реформа мынадай себепке байланысты жүзеге асырылмады. Сондықтан ел қазынасынан алынған ақша кері қайтарылады» дегені есіңізде бар ма? Жоқ. Міне, сондықтан да сіз бен біздің салыққа төлеген ақшамыз осылайша сұрауы жоқ ақшадай желге ұшып жатыр. Халық өз ақшасына сұрау салмайынша, ол ақшаның желге ұшқаны ұшқан. Желге тек ақшамыз ғана емес, ел ертеңі саналатын баламыздың білім деңгейі де қосылып ұшып жатқаны өте өкінішті.
Меруерт ХУСАИНОВА,
«Адырна» ұлттық порталы.
Фотолар ашық дереккөзден алынды.