Парламент ғимаратының алдына әйелдер жиналды

3465
Adyrna.kz Telegram

25 қарашада күндіз 20 шақты әйел парламент ғимаратының алдына жиналып, ашық хатқа қол жинады. Олар мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған ата-аналарға мемлекет тарабынан тегін баспана беруді талап етіп отыр.

Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматуллиннің атына жазылған хатта әйелдер мүгедектігі бар адамдарды мемлекет қолдауы қажеттігі жайлы жазылған бірқатар заңдар мен ережелерге сүйенген.

"Мәселен, "Тұрғын үй қатынастары" туралы заңның 13-бабында мүгедектердің тұрғын үйді тегін алу құқығы бар екені көрсетілген. Аталған заңның 98-бабында осы заңда белгіленген жағдайларда коммуналдық тұрғын үй қорынан үйлер жалдаушылардың меншігіне өтеусіз беріледі деп айтылған" делінген хатта.

Хат авторлары бұған қоса, өздерінің 15-20 жылдан бері баспана кезегінде тұрып келе жатқанын, мәселе қанша айтылса да, шешілмей келе жатқанын айтқан.

- Біздің көбіміз 10-15 жылдан бері баспана кезегінде тұрып келеміз. Ал балалары ауруға шалдыққан ата-аналарға пәтер жалдау өте қиын. Себебі, ондай балаларға ерекше күтім керек. Біз жұмыс істемейміз, балаларымызға қарауымыз керек. Ипотеканы, пәтерақысын да төлей алмаймыз, - дейді Ақмарал Біләлова.

Оның сөзіне қарағанда 18 қарашада әйелдер әкімдікке барған кезде Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Дәурен Бабамұратов шығып "бұл біздің құзыретімізге кірмейді, бұл мәселе парламент деңгейінде шешіліп жатыр" деп парламентке баруға меңзеген.

Әйелдер жиынын арнайы жасақ өкілдері бақылап тұр. Жақын жерде бірінші президент Нұрсұлтан Назарбаев қатысып жатқан "Нұр Отан" съезі өтіп жатқандықтан аумақта полицейлер өте көп.

25 қараша таңертең полиция әйелдер наразылығын қолдап, осында келмек болған астаналық белсенді Болатбек Біләловті үйінен ұстап әкеткен болатын. Полиция әзірге жауап бермеді.

@azattyq

Пікірлер