Оян, қазақ! Міржақып Дулатұлының туғанына 135 жыл (Видео)

4589
Adyrna.kz Telegram

Осыдан тура 135 жыл бұрын, яғни 1885 жылы қазақ ақыны, жазушы, ағартушы-педагог, Алаш орда үкіметінің белді басшыларының бірі Міржақып Дулатұлы дүниеге келді. Бұрынғы Торғай уезінің, Сарықопа облысының бірінші ауылы (қaзipri Өостанай облысы Жанкелді ауданының Қызбел ауылындағы "Дулат қонысында" туған. "Адырна" ұлттық порталы Алаш деп туған асыл ұлдың рухына бас ие отырып, шағын өмірбаянын оқырман назарына ұсынады.

Екі жасында шешесі, он екі жасында әкесі дүние салып,  жетім қалады да кейінгі тәрбие қамқорлығы Асқар дейтін оқыған ағасының жауапкершілігінде болды. Торғай қаласындағы екі сыныптық орыс-қазақ мектебіне түсіп, бес жыл оқып, ауыл мұғалімі деген куәлік алып шығады. Алты-жеті жыл бойы ел ішінде, ауыл мектептерінде бала оқытады.

1904 жылы Омбы қаласына аттанып, өзінің болашақ ұстазы Ахмет Байтұрсыновпен кездеседі. Оған еріп Қарқаралыға барып, ондағы ұлттық демократиялық қозғалысқа белсене араласады. Сол жердегі зиялы топтың өкілі ретінде қазақ конституциялық демократиялық партиясының Оралдағы съезіне қатысады, соның делегаттары қатарында 1906 жылы Петерборға барады.

1907 жылы Петерборда жалғыз нөмірі ғана шыққан «Серке» газетінде «Жастарға» деген өлеңі басылды. Тұңғыш өлеңдер жинағы 1909 жылы Қазан қаласында «Оян, қазақ!» деген атпен басылып шығады. Қызылжарда сот кеңесінде тілмәштық қызмет атқарып, мұғалімдік қызметін де жалғастырады. Қазақ балаларына орыс тілінен дәріс береді. Сол кезде одан біраз уақыт Мағжан да дәріс алады. 1910 жылы Қазандағы Кәрімовтер баспасынан «Бақытсыз Жамал» романы жарық көреді. А.Байтұрсыновпен бірге қыр өлкесінің ағартушылық-демократиялық бағыттағы тұңғыш бейресми басылымы «Қазақ» газетінің негізін қалайды. Алаш басшыларымен бірге жаңа құрылыс жағына шығып, қалған өмірін түгелдей туған халқының мәдениетін көркейту мақсатына арнауды көздеген ол аз уақыт «Ақ жол» газетінің редакциясында, одан кейін Семей облысының сот органдарында қызмет атқарған. «Балқия» атты төрт перделі пьеса жазды.

1924 жылы Орынборда екі жылдық «Қирағат кітабы» (хрестоматиялық оқулық), Қызылордада «Есеп құралының» жаңа басылымы жарық көрді. Кеңес үкіметі кезінде екі рет қуғын сүргінге ұшырап, тұтқындалған.

1930 жылы ОГПУ коллегиясының үкімі бойынша алғашында ату жазасына кесіліп, кейін бұл үкім 10 жыл абақты жазасымен алмастырылды.  Бүкіл өмірін Алаш мұратына арнаған асыл ер 1935 жылы қазанның 5-і күні Ақ теңіз – Балтық каналының бойындағы Сосновец стансасында, лагерьдің лазаретінде ауыр науқастан қайтыс болады. Дулатұлының «қылмысты» ісін жан-жақты тексере келіп, Қазақ КСР-нің прокуроры 1988 жылғы қазанның 27-сі күні тиісінше наразылық білдірді де, Республика Жоғарғы Сотының коллегиясы сол жылғы қарашаның төртінде оның ардақты есімін біржола ақтады.

Оның атында көшелер, мектептер, туған жерінде мұражай бар, ескерткіш орнатылған.

 

 

Пікірлер