Ресей Федерациясының қиыр шығысындағы «Звезда» кеме зауытында Нұрсұлтан Назарбаевтың есімі берілген танкерді құрастыру жоспар бойынша жүріп жатыр. Бұл туралы Profile басылымы хабарлады.
Қазіргі уақытта металл кесіліп, кеменің алғашқы блоктары жасақталуда – деп хабарлады кәсіпорынның баспасөз қызметі.
Танкер Ресейдің «Современный коммерческий флот» акционерлік қоғамының тапсырысы бойынша құрастырылып жатыр. Жоспар бойынша танкер 2022 жылдың қыркүйегінде суға түсіріледі.
Естеріңізге салайық, кемені құрастыру 2020 жылдың 6 шілдесінде басталған. Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ресеймен мәңгілік достықтың негізін қалады. Осыған орай солтүстіктегі көршіміз Елбасының 80 жылдық мерейтойына орайластырып заманауи танкерлердің біріне Нұрсұлтан Назарбаев есімін беруге шешім қабылдаған болатын.
Танкердің жобасын Hyundai Samho Heavy Industries компаниясы әзірледі. Оның ұзындығы 250 метр, ені – 44 метр. Кеме 114 мың тонна мұнай өнімін тасымалдауға арналады.