Шымкентте 1596 отбасы жаңа баспанаға көшті

2077
Adyrna.kz Telegram

Қала басшылығы үй кезегінде тұрған азаматтардың санын жыл санап азайтып келеді

Шымкент қаласының әкімі Мұртан Әйтеновтің төрағалығымен өткен кеңесте тұрғын үй басқармасының басшысы Ғалымжан Төлепов 2020 жылдың он айындағы жұмысты қорытындылады.

Шымкентте тағы 1596 отбасы баспаналы болды

Басқарма басшысы хабарлағандай, қалада 1600-ге жуық отбасы қоныс тойын тойлап жатыр. Бұл адамдар әкімдіктің кезегінде тұрған және «Нұрлы жер» бағдарламасының аясында арендалық үйге ие болып отыр.

1596 адамның ішінде 2 соғыс ардагері, 48 жетім немесе ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бала, 450 көп балалы отбасы, әлеуметтік аз қамтылған топтағы 192 адам және жұмыс істейтін 904 жас маман бар.

Жалпы, «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасының бір бағыты болып отырған арендалық баспана осы Шымкент қаласынан басқа, Алматы және Нұр-Сұлтанда іске асады. Бағдарлама бойынша әкімдіктің кезегінде тұрған тұрғын үйге ең мұқтаж азаматтар ай сайынғы пәтерақысы өте төмен баспанаға ие бола алады. Арендалық баспананың екі бағыты, яғни, сатып алу құқығынсыз және сатып алу құқығымен берілетін пәтерлер бар.

Қалада 40 мыңнан астам азамат үй кезегінде тұр

Басқарма басшысының мәліметіне сүйенсек, қазір қала бойынша 40 752 азамат үй кезегінде тұр. Биылдың өзінде үй кезегіне 11 280 адам құжат тапсырса, әкімдік олардың жартысына жуығын, яғни, 4530 адамды үй кезегіне тіркеп қойған.

«Оның ішінде, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар – 1663, көпбалалы отбасылар – 6129, халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз тобы – 13576, мемлекеттік қызметшілер, бюджеттік ұйым және әскери қызметшілер – 19357, жалғыз тұрғын үйі апатты жағдайда деп танылған азаматтар санаты – 27», - деп хабарлайды қала әкімінің баспасөз қызметі.

Тұрғын үй кезегіне үнемі түзету енеді

Жалпы, әкімдік үй кезегі тез жылжу үшін жасалатын басты шаралардың бірі – тізімге үнемі түзету енгізіп тұру дейді. Өйткені, үй кезегінде тұрғанмен, азаматтар басқа жаққа көшіп кетіп жаталы немесе әуел баста кезекке тұратын санатын жоғалтқан.

«2020 жылы тұрғын үй тізіміне түзету жасалды, отбасы мүшелерін қоса алғанда 118 678 азаматқа қатысты мәлімет тағы бір рет тексерілген. Осылайша, иелігінде тұрғын үй тіркелген, басқа елді-мекенге қоныс аударған, санатын жоғалтқан, қайтыс болу себептеріне байланысты 4456 азамат тұрғын үй алу тізімінен шықты», - деп хабарлайды дереккөз.

Жалпы, биыл қалада  154 нысанның құрылысы жоспарланса, қала басшылығы көпқабатты тұрғын үйлер құрылысына басымдық беріп отыр. Мәселен, осы «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша бюджет есебінен 92 үй салынып жатыр. Жыл басынан бері, тоғыз ай ішінде 528 пәтерлік 8 тұрғын үй, «Шымкент сити» шағынауданында 888 пәтерлі 12 тұрғын үй, барлығы 20 тұрғын үй пайдалануға берілді.

«Желтоқсанда «Тұран» шағын ауданындағы 1708 пәтерлі 27 тұрғын үй пайдалануға беріледі. Осылайша, жыл соңына дейін тағы 3284 отбасы өз баспанасын сатып алу мүмкіндігіне ие болады», - деп хабарлайды әкімдіктің баспасөз қызметі.

Құрылыс басқармасы мамандарының айтуынша, 9 айда 357,2 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға тапсырылып, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда саладағы өсім 118% құраған.

Жыл соңына дейін Шымкент әкімдігі жалпы аумағы 254,8 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға тапсырмақ.

 

Ерке Жомарт

«Адырна» ұлттық порталы

 

 

Пікірлер