«Мир» телеарнасы Кеңес Одағын аңсай мa?

2413
Adyrna.kz Telegram

Қазіргі уақытта көрерменнің мүмкіндігі көп. Интернет немесе арнайы кабельдік телеарна арқылы дүниенің хабарын естіп, киносын көре алады.

Айтайын дегеніміз, «Мир» атты телеарна бар. Бүкіл ТМД кеңістігіне тарайды. Мұны бұрынғы Кеңес Одағы елдерінің көрермендері көреді. Дұрыс-ақ делік. Бірақ осы телеарнаны арнайы  қарап отырсаңыз, мұнда арнайы айдар бар. Келмеске кеткен Кеңес Одағын аңсай ма, одан хабарымыз жоқ. Бірақ әдейі «Отдел СССР» деп айдар ашып қойған. Бұл бөлімде ТМД аумағындағы ақпараттар, нақты айтсақ, бұрын КСРО кезінде түсірілген кинотуындылар көрсетіледі. Бір қызығы, көріп отырған киноң біткенше, «Отдел СССР» деген жазу экранның бір шетінде тайға таңба басқандай үнемі көрініп  тұрады. Рас, адамзаттық ізгілікті ту еткен кеңес киноларының жаманы жоқ. Бірақ қызыл коммунистер басшылық еткен, құрдымға кеткен империяны қайта-қайта еске  сала берудің  қажеті бар ма?

Бұл телеарна басшылығының ішкі жұмысы шығар. Бірақ «Отдел СССР» демей-ақ, басқа айдар тағып, көрермендердің ыстық ықыласына бөленуге болады емес пе? Көрерменді телеарнаға тартудың жолы көп қой. Рас, Кеңес Одағы кезінде кино өнерінің алтын жауһарлары көп түсірілгенінен жоққа шығара алмаймыз. Бірақ хабар таратудың, айдар қоюдың да өз тәртібі, әдебі бар емес пе?  

Сонда Кремль өткенді көксей ме? «Мир» телеарнасы нені аңсайды? Кеңес Одағын ба? Өткен уақыттың киносы дұрыс шығар, бірақ империялық пиғылмен жоқ мемлекетті еске түсіре  беру «Мир» телеарнасына қаншалықты керек?

...Айтпағымыз осы еді.

Еркін ҚАЛДАН,

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер